Рәміздер күнін тойлауға жастар неге құлықсыз?

04 маусым 2013, 13:05

Бүгінде еліміздің Мемлекеттік рәміздері халықаралық қауымдас­тық пен саралы сарапшы­лар, талғамы жоғары танымгер­лер тарапынан жоғары бағаға ие болып, әлемдік каталогке енді. Әрине, Мемлекеттік рәміздеріміздің мән-мағынасына да, сән-салтанатына да мін таға алмаймыз. Сөз жоқ, Әнұра­ны­мыз – асқақ, Елтаңбамыз елдігімізді паш етіп тұрса, көк байрағымыз аспанның елшісіндей жайнап-ақ тұр. Осынау құндылықтары­мыз­­дың мерейін асқақ­тата­тын мереке күні де белгіленген. Алайда елдігімізбен мақта­натын бұл күнді тойлауға келген­де тек құзырлы меке­мелер­де өтетін ресми шара­­лармен ғана шекте­леті­німіз өкініш­ті-ақ.
Әншейінде шетел асып келген мере­келерді дүркіретіп, жалпыхалықтық мере­ке етіп өткізетін жастардың ұлттық рәміздер күнін бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті. Оның үстіне Елтаңбамыз мен Тудың орналасу орнынан да көп қателік жіберіп алып жататынымыз бар. Отаншылдықтың үлгісі осы екен деп Туды кез келген жерге ілуге құмбылмыз. Осылай ету арқылы оның абыройын түсіріп алып жатқанымыз да жасырын емес. Жыртылған Туға мән бермеуге айналдық. Мереке қарсаңында Патриоттар шеруі, Патриоттар акциясы деген іс-шаралар ұйымдастырылатыны бел­гілі. Біздің патриоттығымыз тек бір күн­мен айқындалып, бір күнмен бедерлен­бе­гені абзал. Жастар мемлекеттік рәміздерді күн сайын ұлықтаса дейміз. Ал аға ұрпақ жас­тардың осындай игі істерін қолдап, қуат­­тап, бағыт сілтеп отырса қандай жа­расым­­ды. Бұл орайда Ардагерлер кеңесі Пат­риотт­ар шеруіне ардагерлерімізді де ұйымдастырып бастап шықса несі сөкет?! Ата-апасының Мемлекеттік рәміздерді қалай насихаттап, қалай құрмет тұтып отырғанын көзбен көрген немере соны қайталауға, үйренуге тырысары сөзсіз.
Шәкен Ниязбеков, суретші, сәулетші, ҚР Мемлекеттік Туының авторы:
– Тәуелсіз еліміздің төл Туында, негізінен, үш мәселе көрініс тауып отыр. Ең алдымен, Тудың көк аспанмен ұқсас түсі. Екіншіден, Тудың ортасындағы – Күн мен Қыран. Ал үшін­­­ші ерекшелігі, ол – қошқар мүйіз оюы­ның бе­рілуі. Егер әлемдік дүниетаным­ға жү­гін­сек, көк түс тазалықты, адалдық­ты, бей­біт­шілікті айқындайды. Әлі есімде, тудың жоба­сын талқы­лау кезінде Елбасы Нұрсұлтан На­зар­ба­ев: «Бірыңғай көк түс байыр­ғы са­бақ­­тас­­тықпен қоса, жас мем­лекеті­міздің бір­тұтас унитарлық сипатын білдіретін ұғым», – деп өзінің ойын айтқан-ды. Ол кісінің бұл ойы менің жүрек түкпірімдегі ойыммен ас­та­сып жатты. Ал Күн дегеніміз – Алла тағала жаратқан тіршілік көзі. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал қыранды алғаш рет тек қазақтар ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сон­дықтан да қыран құстың Туымызда бейнеленуі – заңдылық.

Бақытжан Сейфолла, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі:
– Назарға алар жай – Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондары ел Прези­ден­тінің резиденциясында сақталады. Соны­мен бірге Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның көлемі пайдалануына қарамастан, барлық жерде ұлттық стандартқа сай болуға тиіс. Мемлекеттік емес ұйымдардың және олар­дың лауазымды адамдарының бланкі­лерін­де, мөрлерінде және басқа да реквизит­терінде Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынған. Баршамызға мәлім, қолданыстағы заңнамамен белгіленгендей, Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды). Бұл ретте ел азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Өз кезегінде, Мемлекеттік рәміздерді дайындау, пайдалану, орындау тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 354-1-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондықтан барша азамат Мемлекеттік рәміздерді пайдалануда заңнама талаптарын сақтауы тиіс. Мемлекеттiк Ту және Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауысты­рылуға және жойылуға тиіс. Мемлекеттiк Тудың және Елтаңбаның бейнесiн қоғам­дық бірлестіктер мен басқа да ұйымдарда, діни бірлестіктер мен жекеменшік нысан­дарда (мәселен, кафе-ресторан, жанар­май бекеттерінде, дүкендерде т.б.) пай­далануға болмайды. Патриоттық мақсатта жеке үйлерде тек Ту ғана ілінуі мүмкін.