Тарихи оқиғалар мектеп оқулықтарынан тиісті орын алуы керек

13 желтоқсан 2013, 12:53

Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздіктің бастауы. Шын мәнісінде қадірін түсінген адамға Желтоқсан оқиғасы ұлт тарихында өшпес із қалдырған аса айтулы құбылыс болды. Онда ұлттық рух сезілді, езгіге көнбейтін батыр елдің елдігі танылды. Азаттықты аңсаған қазақтың ұл-қыздарының қаны төгіліп, жазықсыз жапа шеккенімен, осы оқиғаның Тәуелсіздік таңын жақындатып кеткені анық. Алайда бүгінгі күні сол батыр ұл-қыздардың ерлігін, Желтоқсан көтерілісінің маңызын өз дәрежесінде түсініп, бағалай алмай отырғанымыз өкінішті.
Желтоқсан, шын мәнінде, жалпыұлттық сипат алған көтеріліс болды. Осы оқиға арқылы халқымыздың рухында сілкініс пайда болды. Тәуелсіздікке ұмтылыс пайда болды. Тіпті Тәуелсіздік жарияланған күні­міздің Желтоқсан көтерілісі болған күн­дермен тұспа-тұс келуінің өзінен үлкен тарихи заңдылық пен өзара сабақ­тас­тықтың әсерін көруге болады. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздіктің қадірін ұғып, еге­мен­діктің құдіретін тереңірек түсінуі үшін Жел­тоқ­сан оқиғасы кейінгі ұрпаққа кеңінен на­сихатталуы керек.
Қамбар АТАБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Рас, Желтоқсан оқиғасы әлі өзінің баға­сын толық ала алған жоқ. Жел­тоқсан ақиқаты да толығымен ашылған жоқ. Біз ел болып мән беретін, ұлық тұтатын бір күн болса, ол Желтоқсан оқиғасы деп білемін. Желтоқсан оқиға­сы­ның қадіріне жете алмаған соң, желтоқсаншылардың да қадіріне жете алмай отырмыз. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілген құрмет желтоқсаншыларға көрсетіліп отыр деп айта аламыз ба?! Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақтың Желтоқсан оқи­ға­­сынан да хабары жоқ. Желтоқсан оқиғасы десе, саусақпен санарлық 5-6 тұлғаны желтоқсаншыны ғана айтып бере аламыз. Ал сол кезде алаңды толтырып тұрған мыңдаған жастардың аты-жөндерін анықтау, оларға лайық құрмет көрсету біздің міндетіміз емес пе?! Ол үшін желтоқсан айы бас­тал­ған­нан ЖОО, мектептерде, колледждерде бір ай бойына осы атаулы күндерге орай сабақтар өткізілуі керек. Кино­театр­лардан Желтоқсан оқиғасы жай­лы түсірілген кинолар, деректі фильм­дер тегін көрсетілуі керек. Желтоқсан ақиқаты жан-жақты ашылып, мектеп бағдарламасына енгізілуі керек. Жиырма жылдан асса да, осынау істер­ге қырын қарап келгеніміз – тарихтан ұят.

Расында да, тарихшыларымыз тара­пы­нан Желтоқсан оқиғасының жете зерттеліп, бүгінгі күні оқулықтарға да кіргізілмеуі ұят-ақ. Тіпті жалпыұлттық көтерілісті оқиға дең­гейінде ғана атаудың өзі бұл күннің өз бағасын әлі алмағанының бір көрінісі болса керек. Өйткені көтеріліс тек Алматы қаласында ғана емес, республиканың әр жерінде, әсіресе жоғары оқу орындары бар барлық ірі қалаларды қамтыған жал­пы­ұлттық ауқымда болғаны оның жал­пы­ұлт­тық деңгейдегі көтеріліс болғанын аңғартса керек. Осының өзі тиісті орындар тарапынан қалыс қалмай, сол қалалардың барлығында естелік тақта орнатуға себеп болуы керек. Мұның барлығы – бүгінгі қо­ға­мымыз Желтоқсан оқиғасына өз дең­гейінде баға бергенде ғана жүзеге асатын іс-шаралар. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің қадірін ертеңгі болашақ ұрпақ түсінуі үшін Қазақстан тарихы оқулықтарында Жел­тоқ­сан­ға айрықша мән беріліп, ол толыққанды өз орнын алуы керек.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Шын мәнінде Желтоқсан оқиға­сын бүркемелемей, жасырмай мақ­та­ныш­пен айтуымыз керек. Еліміздің Тәуелсіз ел болуға ұмтылғанын біз неге жасыруымыз керек? Бұл жылдар бойғы арманымыз емес пе еді? Ендеше, оны кеңінен айтайық. Сол арқылы жаста­ры­мыздың кеудесінде патриоттық сезім оятайық. Жыл сайын қараша, желтоқ­сан айларында Қазақстанның барлық оқу орындарында, мекемелерінде, қо­ғамдық ұйымдар мен ғылыми ортада «Желтоқсан тағылымдары» айдарымен түрлі кештер ұйымдастыруымыз керек. Желтоқсан оқиғасының мәртебесін көтеретін кез жетті деп санаймын.