Тәуелсіздік деген – терең ұғым

13 желтоқсан 2013, 13:14

Тәуелсіздік тойының өзге мерекелердің тасасында қалуына Үкіметтің немқұрайдылығы түрткі болып отыр. Оны «Астана-зерттеу» қоғамдық қорының президенті, философия ғылымының докторы, профессор Ғазиз Телебаев айтты.
«Тәуелсіздік деген – өте үлкен ұғым ғой. Тәуелсіздік тойы Қазақстанда ең ұлық мейрам болуы керек. Оның басқа мерекелердің тасасында қалып жатқаны қоғамда көп сыналады. Алайда оның нәтижесі аз. Желтоқсан айы басталысымен жергілікті әкімдіктердің өзі Тәуелсіздік мерекесінен бұрын Жаңа жылға дайын­дықты бастап кетеді», – дейді Ғ.Телебаев. Оның айтуынша, Тәуелсіздікті біз әлі де дұрыс бағаламайтын сияқтымыз. Тәуелсіздік деген – терең ұғым. Оның ішінде көп нәрсе жатыр. Соның бірі – тарих. Тәуелсіздік бізге 1991 жылы ғана келген жоқ. Ол – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған, қол жеткізуге әрекет жасаған жеңісі. Егеменді болу деген – өз тағдырыңды өзің шешу деген сөз.