Аграрлы елге айналуда су ресурсының маңызы зор!

Аграрлы елге айналуда су ресурсының маңызы зор!

Жалпы су көздері жер шарының 70,8 пайызын алып жатыр. Бұған қарап барлық елде, барлық жерде су жеткілікті деп ойлауға болмайды. Өйткені ол сулардың өзі ішуге жарамды, тек ауылшаруашылығы мақсатында және тағы басқа мақсаттарға орай қолданылатын болып бөлінеді. Мәселен жер асты сулары адамдардың ауыз су мақсатында қолданатын, тұщы судың негізгі көзі. Алайда соңғы кезде адамның күнделікті тіршілік барысында, жер асты суларының ластануы көбірек байқалуда. Демек жерасты сулары жетерлік деп арқаны кеңге салуға болмайды. Жерасты суларын пайдаланумен қатар, сақтауға да көңіл бөлуіміз керек.
Сондай-ақ, тұщы суларды көп пайдаланатын салаларға – тау-кен орындары, химия, мұнай химиясы, өндіріс орындары атап айтқанда, қағаз-целлюлоза, тамақ өнеркәсіптері жатады. Тұтынатын су қорының 70 пайызы осы салалардың еншісінде екен. Адамзаттың да суды мөлшерсіз қолдануы жыл сайын артпаса кемімей отыр. Демек су ресурстарының барлық мәселесін қадағалап, алдын алып отыру парыз.

Тұщы судың түбі көріне бастағандай...
Жалпы тұрғындар өмір сүру деңгейіне, тұратын аймағына қарай күнделікті 3 литрден бастап 1000 литрге дейін су қолданады екен. Суды қолдану деректеріне қарап отырсақ, адамзаттың жыл сайын суды пайдалануы артып, мөлшерінен артық пайдаланудың арқасында, табиғат үшін орны толмайтын судың мөлшері 4-5 пайызды құрайтыны белгілі болып отыр. Осы орайда мамандар суды пайдалану және ысырап ету осы қарқынмен жалғаса берсе, халық санының өсуіне және өндіріс орындарының дамуына байланысты 2100 жылға таяу адамзат тұщы судың бүкіл қорын тауысуы мүмкін екенін айтады. Қорқынышы болжам болғанымен, түбінеде ақиқаты бар. Өйткені қазіргі кездің өзінде тұщы судың жетіспеуі, су ресурстары жеткілікті жерлердің өзінде де байқала бастаған.
Осы орайда Америка мектептері суды үнемдеу идеологиясын оқушылардан бастағанын байқауға болады. География пәнінің мұғалімі, география ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарова мұндай әдістің өте нәтижелі екенін айтады. «Бала кезімізде бәрімізге айтылған ырым-тыйымдар есімізде ғой және оларды мұқият орындайтынымыз да рас. Яғни бала кезінде санаға сіңген нәрсе әбден жатталып қалады. Америка мектептерінде кәдімгі білім беретін пәндермен қатар өмірге бейімдейтін сабақтар да жүргізіледі. Мәселен судың мөлшері таусылып бара жатқанын ол жақтағы әрбір балаға ашық айтады. «Оны қалай шешеміз» деген сауалды да балалардың өзінен сұрап, мәселенің шешу жолдарын бірге іздеуге күш салады. Әрине бала ең алдымен күнделікті өмірде суды үнемдеп пайдалануды, су қадірін білуді бірінші ойға алады. Нәтижесінде әрбір оқушы краннан есепсіз аққан судың жанашыры, суды сақтауды түрлі жолдарын ойластыратын маман ретінде қалыптасқан. Тіпті ата-аналарына сол үшін ескерту жасап, жоғары жаққа суды үнемдеудің сан түрлі әдістерін жазып, ғылыми жоба ретінде қорғап жүреді. Бізде де осындай әдіс керек. Балалар әр тамшы судың қадіріне жетіп, осы планетаның жанашыры болуға ұмтылуы ғажап емес пе?! Сондықтан күнделікті өмірде нәтиже беретін мұндай сабақтарды біздің елімізде енгізсе де артық емес. Су ғана емес, «есепсіз жанып тұрған электр жарығы, оның планетамызға кері әсері, ластанып жатқан жерді қалай тазартамыз, экологиялық мәселелерді қалай шешеміз» деген бағытта америкалық әрбір оқушының әрқайсысының өз ұстанымы бар. Біздің балаларымызға да сондай білім керек» дейді.
Ғылыми маманның әрі әлі күнге балалармен күнделікті жұмыс жасап, ұстаздық қызмет жасап жүрген маманның пікірі көкейге қонатындай.

Суға қатысты сауатты саясат керек
Жасыратыны жоқ, су ресурстары қазіргі уақытта геосаясаттың негізгі құралына айналып бара жатыр. Өйткені су – барлық ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы, адамзат тіршілігінің кепілі саналады. Географиялық орналасуы, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты біздің еліміз үшін де су мәселесі маңызды. Тіпті қайбір жылы Елбасы Жолдауына да су ресурстарын үнемдеу мәселесі арқау болған еді. Су мәселесінің күрт көбеюі Нұрсұлтан Әбішұлының Жолдауына да арқау болған болатын.
География институтының бағалауларына сәйкес Қазақстанның су ресурстары орташа сулы жылдары 115,1 км3-ді құрайды. Бұл судың 54,9 км3-і ғана еліміздің аумағында қалыптасса, қалған 60,2 км3-і шетелдердің аумағынан ағып келеді. Жалпы алғанда, жер үстіндегі суларға қатысты екі үлкен қауіп бар. Біріншісі – климаттық өзгерістер, екіншісі – шетелдерден ағып келетін су көлемінің азаюы. Су тапшылығы қаупінің негізгі екі факторын ескере отырып, елімізді сумен қамтамасыз етудің тиімді жолдарын іске асырмасақ, табиғи-экологиялық немесе шаруашылық жүйелердің су тұтынысын шектеуімізге тура келеді. Қазақстанда ауданы 1 гектардан жоғары 48 мыңға жуық, 1 шаршы км-ден асатын 3 мыңға жақын көлдер бар. 85 мыңға тарта ағын сулар бар. Өкінішке қарай олардың кейбірінде ғана гидрологиялық бақылау бекеттері сақталған. Мысалы, Балқашта сондай 4 бекет бар, 1-2 бекеттен Аралда, Алакөлде, Жайсаңда, Шортандыда, Қорғалжында бар. Сондай-ақ, Қапшағай, Шардара сияқты ірі бөгендерде бар. Барлығының саны жиырма шақты ғана. Бір жағынан, барлық көлдерге бақылау жүргізу қажет емес те шығар. Бәлкім, қандай да бір зерттеулер арқылы әрбір географиялық белдеулерде немесе табиғи шаруашылық ерекшелігі біртекті аудандардағы бір-бір көлге бақылау жүргізген дұрыс шығар. Өзендерге келер болсақ, кезінде бір ғана Балқаш-Алакөл алабында 800-ге жуық гидрологиялық бекеттер болған. Қазір олардың саны Қазақстан бойынша 300-ден асар аспас деңгейде ғана. Бақылау бекеттер арқылы сулардың сапасына, азайып-көбейіп жатқанына орай бақылау жасап, қатердің алдын алып отыруға мүмкіндік болады. Ал қазір тұрақты бақытау бекеттері болмағандықтан еліміздегі су ресурстарының барлығы толықтай бақылауда деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, суармалы егіншілік дамыған аудандарда өзеннің өзіне ғана емес, одан алынатын каналдарға да бақылау керек. Барлық сушаруашылық шаралар су ресурстарының бағасына тәуелді, қанша су бар екенін білмей, басқа ешбір жұмыстарды әрі қарай жобалап-жоспарлау мүмкін емес. Осыдан-ақ еліміздегі су ресурстарын бақылап отырудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

Судың экологиялық жағдайына алаңдауымыз керек
Суды пайдалану оны ластаумен қатар жүреді. Өйткені, суды ауылшаруашылығы мақсатында қолдану кезінде суармалы егіншілікте өте көп химиялық заттар пайдаланады. Бұл негізінен трансшекаралық суларға тән мәселе. Бастауын Қытайдан алып, біздің жеріміз арқылы ағып өтетін өзендер бар. Өзен суларын ауылшаруашылығы мақсатында қолданатын елдердің бірі Қытай елі. Оларға біз «химиялық заттарды суға қоспа» деп айта алмаймыз. Осындай трансшекарлық аймақтағы бір судың жағдайын айтып өтсек, 1995 жылдан бастап Қытайда су шаруашылығы қарқынды дамуда. Олардың Текес өзенінде Қапшағай деген үлкен бөгені бар. Қаш өзеніне де 3-4 бөген салды. Көбінің мақсаты – суармалы егіншілік, энергетика. Қытайдың 1995 жылдан бастап күрт өскені сол, бұрын 1 км3 ғана су алып келсе, қазір 5 км3-ге жеткізді. Бұдан әрине Іленің суы азайып барады. Қатты алаңдатарлығы, оның төменгі атырабында да су азаюда. Демек трансшекаралық осындай сулар мәселесі өзекті болып отыр. Одан бөлек Арал теңізінің кебін кимесе екен деп тілеп отырған өзен көлдеріміз жетерлік. Алдағы уақытта еліміздегі су ресурстарының экологиялық жағдайын шешетіндей бағдарлама қабылдауымыз керек. Сонда су ресурстары мәселесіне бас ауыртпаймыз.

Суға қатысты сансыз жұмыстар жасалуда
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдан суғару жүйесін қалпына келтіру арқылы суармалы жерлерді көбейтуді қолға алғанына бірнеше жыл болды. Бұл жұмыс 2018 жылы басталып, еліміздегі суармалы жер көлемі 2021 жылы – 2 млн гектарға, ал 2027 жылға қарай – 3-3,5 млн гектарға жетуі тиіс болып жоспарланған. Бұл жоспар негізінен солтүстік облыстарды қамтиды: қолдан суғару жүйесін қалпына келтіру бұл өңірлерде мал шаруашылығына қажетті жем-шөп өндірісін арттыруға ықпал етеді деп күтілде. Яғни ауылшаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға да қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.
Елдің оңтүстік аймақтарында суармалы жерлерге қатысты жағдай біршама жақсы, мәселен, Түркістан облысында суармалы жердің үлесі 38 пайыз болса, Алматы облысында бұл көрсеткіш 29 пайызды құрайды. Ал Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығына қолайлы жердің 14 пайызы суармалы жер болса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш – 8%. Жалпы, Қазақстанның суару жүйесі қатты ескірген, егіс басына жеткенше судың 30 пайызы жерге сіңіп, жоқ болады. Ал шаруаға осы «жоғалған» су үшін де төлеуіне тура келеді. Сондықтан су бекерден-бекер ысырап болмас үшін, мемлекет инфрақұрылымды жаңартуды өз мойнына алды. Атап айтсақ, 2017-2018 жылдары елімізде 80 мың га жердің суғару жүйесі қалпына келтірілген. Ал 2019 жылы 124 мың гектар аумақтағы жүйені қалпына келтіру жоспарланғанымен, тек 66 мың гектар қамтылған. Осы орайда басын ашып айта кететін жайт, экология министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы суғару жүйесі қалпына келтірілген 80 мың гектар жердің тек 49 мыңы ауыл шаруалығында пайдаланылып жатыр. Демек жерді игеру, жарамды жерді әжетімізге жарату көрсеткіші әлі де болса төмен.

Маман не дейді?

Алма Амангелдіқызы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
- Жалпы еліміз жерді игеру, су ресурстарын тиімді басқару ісіне енді көңіл бөліп келе жатыр. Мемлекет субсидия бөлу, жастарды ауылға тарту, Оңтүстіктің еңбекқор халқын Солтүстікке көшіру жұмыстары арқылы елімізде агромемлекетке айналдыру көзделіп отыр. Соңғы кездері игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, су ресурстарын тиімді басқару секілді бағдарламалар мен жұмыстардың жүргізілуі еліміздің осы мәселеге толықтай бет бұрғанын көрсетеді. Демек аграрлы бай елге айналатын кез алыс емес.
Қуаныш Ермекова

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста