Елбасы идеялары

Ауыл өркендеу үшін ауыл шаруашылығы саласына өзгеріс қажет

  • Ауыл өркендеу үшін  ауыл шаруашылығы саласына өзгеріс қажет

    Ауыл өркендеу үшін ауыл шаруашылығы саласына өзгеріс қажет

Ауылдың болашағы жоқ емес. Негізі ауыл адамдарының қолынан басқа шаруа келмесе де, мал бағу мен егін салу келеді. Сондықтан шағын ауылдар елімізді ет-сүтпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бұл үшін ең бастысы ауылға деген тың көзқарас қажет. Дәл қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында атқарылар шаруалар жетерлік. Ең негізгі міндет – агросектор кешенін тұрақты дамыту, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікке ұмтылу және экспортқа шығарылатын өнімдердің көлемін арттыру және алдағы 2-3 жыл көлемінде агросектор саласындағы еңбек өнімділігін бірнеше есе арттыру. Ауылды гүлдендіріп, шаруаны дөңгелету үшін бізде мүмкіндіктер бар, табиғатымыз қолайлы, адам ресурсы да жетерлік. Ендігі міндет – бар мүмкіндікті пайдаланып, қолда барды ұқсата білу.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі бір сөзінде еліміздегі ауыл шаруашылығының талай тәжірибе жүргізілген, түрлі кезеңдер мен өзгерістерден өткен сала екенін айтып, осы саланың ІЖӨ-дегі үлесі 4,5 пайыздан аспай келе жатқанына алаңдаушылық білдірген еді. Сондықтан да ол өткен жылдың соңында «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіп кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Сондай-ақ Сенат төрағасы Дариға Назарбаева да ауыл шаруашылығы саласындағы бәсекеге қабілеттілігіміздің төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, саладағы жұмысты ширату керектігін, ол үшін сандық жүйелерге иек арту жөн екендігін алға тартқан еді. Жалпы Д.Назарбаеваның пікірінше, Қазақстанның қуатты елге айналуы ауылдардың бақуатты болуына байланысты. Ал еліміздегі ауыл шаруашылығының тұралап тұруына отандық агроөнеркәсіп кешеніндегі процестердың жүйесіздігі себеп болып отыр дейді ол.

Бүгінде ел экономикасына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқаты жақсару үшін ауыл шаруашылық саласының өсіп-өркендеуі аса-маңызды болып отыр. Себебі нарықтың заңдылықтарына төтеп беру үшін де осы салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды. Мемлекет дамып, халық саны көбейген сайын азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылшаруашылығы өнімдерінің тапшылығы сезіле беретіні анық. Мүндайда тек кең жерімізге ғана арқа сүйеп отыра бермей, әлем пайдаланып отырған білім-ғылымның, технологияның игілігін қажетімізге жаратқанымыз жөн. Ол үшін, әрине, мықты маман, жан-жақты білім қажет.
Ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімдегі үлесі соңғы 10 жылда 5 пайыздан аспаған. Кейінгі уақытта тіпті төмендеп кеткен. Агроөнеркәсіптік кешен саласының дамуына бірқатар кедергілер бар екенін Сенат төрағасы Дариға Назарбаева осы тақырыпта арнайы өткен Парламенттік тыңдауларда бірнеше рет баса айтқан болатын.

Соңғы 10 жылда елімізде 3 мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Осы жылдары тек субсидияларға 2 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Бірақ өнімді екі есеге арттыру жоспары орындалмай отыр. Сенат спикерінің пайымдауынша, саланы дамытуға ғалымдар мен агроөнеркәсіптік кешен мамандары, сарапшылармен кең ауқымды диалог жүргізу қажет. Айта кететін тағы бір мәселе, саланы қаржыландыру банктер үшін тиімсіз болып отыр. «Былтыр несиелендіру үлесі 3,5 пайызға ғана жеткен. Бұған қарыз алушылардың банктер алдындағы борышы өтелмегені себеп. Сондықтан несие және субсидия бөлудің механизмін жаңғырту міндет. Ендеше ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, Қазақстан өз даму жолын табуы қажет», дейді спикер.
«Саладағы шынайы жағдайды анықтайтын ғылыми зерттеу, ауыл шаруашылығы жерлеріне кешенді диагностика жүргізілуі қажет. Ауылдарда бар ресурс түгенделуі тиіс. Жобаларды жүзеге асырудағы барлық қателіктерді анықтауымыз керек. Ол үшін ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарлама құрылса жөн болар еді. Субсидиялар уақытылы берілмейді. Соңғы 5 жылда субсидия беру ережесі 47 рет өзгерген. Енді ол заңда бекітіліп, нақты көрсетілуі тиіс» деді Дариға Назарбаева. Осы орайда Сенат төрағасы «Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Агробизнес-2020» бағдарламасының жүзеге асу нәтижелері АӨК-ні дамыту бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін алға тартты.  
Қазіргі таңда таң азаннан жер қазып, дән сеуіп, егістік даласын күні бойы қорып, маңдай терін төгіп, еңкейіп жұмыс істейтіндер қатары азайған. Көбіміз технологиялық үрдістің жетегінде кетіп, жан-жақтан әкелінген дайын және жартылай дайын жасанды өнімді тұтынуға әбден мойынсұндық. Суармалы да, жайылымдық та жерлеріміз жетеді. Онда өзіміздің жерімізде таза өнім өндіріп, неге соның жемісін жемеске? Осы орайда мемлекет жаһанданған қоғамда аграрлық ғылым мен өндіріске, ірі фермерлерден бастап ұсақ шаруаға дейін қамқорлық жасап, барынша аграрлық кешенді дамытуға күш салып келеді.
Біздің еліміз аграрлы мемлекет қатарына жатады. Сондықтан да негізгі салмақ ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіні анық. Қазіргі заманда ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдар мен өнім өндірушілер заман талабына сай бірлесе жұмыс істеудің нәтижелі болатынын біліп, соған сай әрекет етуде. Десек те ауыл шаруашылығының қай саласын алып қарасақ та, маман тапшылығы сезіледі, айталық, білікті мал дәрігерінің өзі шалғай ауылға бара бермейді.
Деректерге сенсек, дүнежүзінде 50 мыңнан астам мамандық бар екен. Нарықтық қатынасқа көшіп отырған біздің елде болашақ мамандарды әзірлеу өте күрделі мәселе. Өйткені біз мемлекетіміздің стратегиясына, бағыт-бағдарына қарай жастарды түрлі мамандықтарға баулуымыз керек. Бүгінде нарықтық экономиканың қарқынды өсуіне ілесе алатын кадрлар даярлау мәселесі алға қойылған. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлау алдыңғы қатарда тұр.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына өнімділігі жоғары жаңа техника, түрлі өндірістік технология ене бастады. Айталық, Ауыл шаруашылығы министлігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне автоматтандырылған жүйелерді енгізуде. Қазіргі заманғы сандық технологиялар есебінен министрлік еңбек өнімділігін, сондай-ақ аграрлық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды жоспарлап отыр. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі шаруа қожалықтарының он алтысы «сандық» жүйеге көшіп, мал шаруашылығында алты smart-ферма пайда болды. Сондай-ақ қазіргі кезде елімізде компьютерлік жүйелер арқылы автоматтандырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жалпы саны елуге жуықтады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аграриялар мен ІТ-қауымдастықтар арасындағы өзара байланысты нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Сондықтан да ауылға жаңа мамандық иелері керек. Бұрынғы қарапайым егін, мал шаруашылығы салаларындағы мамандықтар заман ағымына қарай жаңа кәсіптік өзгерістерге ұшырады. Сонымен ауылға өз кәсібін теориялық және практикалық тұрғыдан терең меңгерген және түсінетін, ақылды жас кадрлар аса қажет. Осы орайда ауыл жастарына арналған квота бойынша аграрлық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттелді.

Еліміздегі 22,2 млн гектар егіс алаңының 80 пайызы егін шаруашылығына жарамды. Қазақстан әлемдегі астық экспорттаушы ірі елдердің қатарына кіреді. Астықты әлемнің жетпіс еліне экспорттаймыз, әсіресе ұн экспорты бойынша алда келеміз. Мысалы, өткен жылы еліміз 19,1 млн тонна астық өндірді. Еліміздегі астықтың орташа жыл сайынғы экспорты 7 млн тонна. Тағы бір айта кетерлік жағдай, ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы аясында кейінгі жылдары астық дақылдарының егістік алқаптары сәл азайтылып, майлы, мал азығы дақылдардың, көкөністердің және қант қызылшасы алқаптарының көлемі артып келеді. Мал-азықтық дақылдарының егістік көлемі ұлғайды, майлы дақылдар мен  қант қызылшасы,  көкөніс-бақша дақылдары, картоп, жеміс-жидектің алқаптары жылдан жылға көбейіп келеді. Осының әсерінен еліміздегі мал шаруашылығы ілгерілеп, ет, сүт өндірісін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Десек те, ресми дерекке сүйенсек, бүгінде өзіміз күнделікті тұтынатын азық-түліктің 40 пайызға жуығы пайызы – импорттық өнім.  Ауылшаруашылық саласы республиканы кейбір өнім түрлерімен 60 пайыз қамтамасыз етеді дегенімізбен, халық көп тұтынатын тауарлар импорт есебінен екенін мойындауымыз керек. Шеттен негізінен сүзбе, ірімшік, сары май, шұжық өнімдері, ет және етті өсімдік консервілері келеді екен. Бұдан басқа шұжық, ет және етті-өсімдік, қант импорты да өте жоғары пайызды көрсетеді. Көкөніс консервілерін тек сырттан аламыз десек те болады, өйткені бұл өнімдердің 84 пайызы импорттың үлесінде. Бұдан байқайтынымыз, мемлекеттің қолдауына қарамастан, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу біздің елде дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, ет өңдеу жалпы өндірістің 24 пайызын ғана, сүт өңдеу небәрі 30 пайызын, жемістерді өңдеу бар болғаны 7 пайызды құрайды. 

Жыл санап елімізде азық-түлік импортының мөлшері азайып келеді. Дегенмен әлі де көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес, Отандық өнім үлесі әлі де аз, өйткені  импорттық шикізатқа  тәуелділіктен арыла алмай отырмыз.  Бұл еліміздегі бүкіл өндірушілер үшін басты мәселе. Айталық, сусын шығаруда немесе сүт өнімдерін өндіруде өзіміздің шикізаттық қорымызды қалыптастыра алмадық. Әлі күнге сырттан сатып аламыз. Өз бағымызда алма бар болғанымен, аз боп тұрғаны қынжылтады. Міне, діл қазіргі кезде өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етеміз десек, агроөнеркәсіп кешені саласындағы тың өзгерістер қорамыздың малға, бағымыздың талға толуына, шикізат қорының толығуына бағытталуы тиіс. 

Ауыл шаруашылығын дамытуға не қажет, бізде не бар, әлі не керек деген сұрақтар бұған дейін сан мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Ал негізгі халықты алаңдататын мәселе, еліміздегі азық-түлік бағасының қолжетімді болуы және өз өнімдеріміздің өзімізге жетіп, шеттен келген қымбат импортты ығыстыруы. Міне, егер біз осыған қол жеткізе алсақ, онда агроөнеркәсіп саласындағы сан жылдық еңбек пен салынған қыруар қаржының ақталғаны.
Айнұр Нұрсабет
 




Көрілген: 661    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 18.03.2020, 15:23

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 02:30
    Судың сұрауы бар!
    10 Желтоқсан 2019
    Ақмоладан ақ тілек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31