Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және қоршаған орта

Ауылшаруашылығына айрықша қолдау көрсетілуде

  • Ауылшаруашылығына айрықша қолдау көрсетілуде

    Ауылшаруашылығына айрықша қолдау көрсетілуде

Дүниежүзін жайлаған пандемия барлық салаға өзінің кесірін тигізіп тұр. Соның ішінде көктемгі ауылшаруашылығының қызатын шағында, егістік жұмыстарына да қолбайлау болатын түрі бар. Осының алдын алу мақсатында жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған үндеуінде шаруаларға да айтарлықтай көмек көрсетілетінін жеткізді. Атап айтқанда шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсетілетін атап өтті. Жалпы еліміз соңғы жылдары иесіз қалған жерлерді мемлекетке қайтарып алып, ол жерлерді ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға, Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға айрықша көңіл бөліп бастаған болатын.
Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да тұрғындарды отандық азық-түлікпен қамту мемлекеттің басты бағдары ретінде белгіленіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Сондықтан жыл өткен сайын елімізде өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі айтарлықтай артып келе жатыр.
Осы орайда төтенше жағдай кезінде барлық салаға, соның ішінде ауыл шаруашылығына да айрықша қолдау көрсетілетіні, шаруалардың да ойынан шықты. Қазірден дән сеуіп, көктемгі егістік жерлерін дайындамасақ, күзде қамбаның бос қалатыны айтпаса да түсінікті. Шаруа үшін үшін көктемнің әр күні жылға азық. Әсіресе мұнай бағасы түсіп, шикізаттың уақытша табыс екенін ұғыну, оның табысына иек артып отыра беру қателік екеніне көз жеткен тұста ауылшаруашылығының құнын түсінгендейміз. Осы орайда ерекше атап өтер жайт мемлекет басшысы үндеуінде агроөнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге қазынадан 70 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Оған қосымша, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 100 млрд теңге қосымша тағы берілетіні белгілі болып отыр. Ауылшаруашылығында жанармайдың бағасы маңызды рөл атқарады. Сондықтан Президентіміз «Үкіметке дизель отынының нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылады», – деді. Шын мәнінде көктемгі қарбалас кезеңінде саланың бойына қан жүгірту үшін бұл шаралардың маңызы зор! Осылайша, шаруа дәл қазіргі науқан қажеттілігіне дизель отынын арзанға алатыны белгілі болып отыр.
Президент бағаның делдалдар арқылы өсіп кетпеуін Бас прокуратура мен Үкіметтің тікелей қадағалауына да тапсырды. Дизель отыны ғана емес, ауылға бөлінген барлық қаражат, жеңілдетілген несие де өз адамын тауып, делдалсыз үлестірілсе ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы талай іс атқарылатын түрі бар.

Жалпы елімізде кең байтақ жер жетерлік. Жеріміз суармалы егіншілікке де қолайлы. Бірақ еліміздің аграрлық әлеуетін толық аша алмай отырғанымыз рас. Осы олқылықтың орнын толтырып, коронавирустан кейінгі атқарылар шаралар елдің еңсесін тіктеуге бағытталса, ауылшаруашылығын дамытуға көңіл бөлсек ұтарымыз көп болмақ. Өйткені қазірдің өзінде Еурлпа елдері күзге қарай астық тапшылығы болуы мүмкін екеніне алаңдаулы. Осы орайда қосымша хмиялық қоспаларсыз өсірілген, кең байтақ жеріміздің табиғи өнімі басқалар тарапынан зор сұранысқа ие болар еді. Өз кезегінде еліміз де аграрлық ел ретінде қауіпті дерттен соң кең таралып, ел экономикасын тіктеуге жол ашылар еді. Сондықтан дәл қазіргі кезеңдегі мемлекет басшысының ауылшаруашылығына көңіл бөлуге тырысуы үлкен көрегендік деп бағалауға болады. 2019 жылы Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 41,1 пайызға артқан. 2019 жылдың қаңтар-желтоқсанында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға ұлғайып, 5,2 трлн теңгені құрады. Бұл ретте мал шаруашылығы өнімін өндіру 4 пайызға артып, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру 2019 жылғы қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты 1,7 пайызға төмендеді. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 41,1 пайызға артып, 501,6 млрд теңгені құрады. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4 пайызға ұлғайып, 3,3 млрд АҚШ долларын құрады. Демек салада алға жылжу бар.
Жалпы жеріміз егін салуға да, мал өсіруге де өте қолайлы. Жайылымдық жер мен шабындық және егістік жердің көлемі өндірісті өркендетіп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді былай қойғанда экспорттан мол пайда табуға мүмкіндік беретіндей халде. Ауыл шаруашылығы экспорты демекші, былтыр агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 6,4%-ға өскен болатын. 2019 жылы еліміздің сыртқа шығарған өнімі 12,41 млн тоннаны құрап, түскен пайда 3,29 млрд долларды құрады. Айта кететін жайт, экспортқа шығарылған өнімнің қайта өңделген көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 33,65%-ға артқан. Осылайша, былтыр 72 мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімін жеткізе алдық. Алдағы уақытта осы межеден асып түсіп, аграрлы ел ретінде ел экономикасын көтере алсақ зор жетістік болар еді.
Бүгінгі күні республика бойынша қолда 10,2 млн тонна астық, оның ішінде 7,8 млн тонна бидай бар екен. Астықты ішкі тұтыну көлемі 1 шілдеге дейін шамамен 5,8 млн тоннаны, бидай 3,8 млн тоннаны құрайды. Экспорттық әлеует 3,1 млн тонна астықты, оның ішінде бидай 2,7 млн тоннаны құрайды. Мамандар елде бар астық көлемі халықты қамтамасыз ету, тұқым мен жемшөп қорын қалыптастыру үшін жеткілікті деп отыр. Демек алаңдауға негіз жоқ. Бұл ретте, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 604 мың тонна астық көлемінде азаймайтын қор қалыптастырды деп айта аламыз. Дегенмен күзгі дайындықты мемлекет қолдауымен жүзеге асырсақ алаңдамауға толық негіз бар.

Алмас Айтымбет, Ауылшаруашылығы саласының докторы:
– Президент Үкіметке шаруаларды несиелендіруді жеңілдетуді, көмек беруді тапсырды. Енді осы қарастырылған төменгі пайыз несиенің дер кезінде жетуін, тиімді жұмсалуын қадағалаған дұрыс. Өйткені көктемгі егістік кезеңі келіп қалды. Қаржы дер кезінде берілмесе уақыттан ұтыламыз. Төтенше жағдайға байланысты мемлекет бөліп отырған 70 млрд теңге шаруаның қолына уақытында жетуін қамтамасыз ету керек. Өйткені уақыт тығыз! ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында жылына 6%-бен қаражат алуға болады, сонымен қатар инвестициялық субсидиялау бағдарламасы да жұмыс істейді. Бұл шаруалар үшін зор мүмкіндік. Сондықтан мемлекет тарапынан бүгінгі күні жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі зор болмақ.

Қуаныш Ермекова

 

 




Көрілген: 322    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 08.04.2020, 01:50

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 02:30
    Судың сұрауы бар!
    10 Желтоқсан 2019
    Ақмоладан ақ тілек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31