Қазақстанда пікірсайыс қозғалысын дамыту Хартиясы қабылданды

20 шілде 2022, 18:32

Қазақстанда мектеп оқушылары арасындағы пікірсайыс қозғалысын дамыту Хартиясы қабылданды. Құжат мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірсайыс қоғамдастығының проблемаларын шешуде күш-жігерін біріктіруге және мектептердегі оқу процесіне озық пікірсайыс технологияларын енгізуге ықпал етуге арналған.

 
Хартия бастамашысы – Ұлттық пікірсайыс федерациясының қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры.

Хартияны «Жастар рухы», Қазақстан Жастар Конгресі және Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан ірі пікірсайыс клубтары, жастар бірлестіктері мен ұйымдары, соның ішінде «Жеті жарғы» ҚҚ, «Алтын сапа» ПК, «Ритор» ПК және т.б. қолдады.

Пікірсайыс Қазақстанда білім беру бағдарламасы ретінде өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан бастап енгізіле бастады. Халықаралық қоғамдық ұйымдардың қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде пікірсайыс қозғалысын дамытып, үйлестіретін Ұлттық пікірсайыс орталығы жұмыс істей бастады. Алайда 2000 жылдардың басында бұл ұйымдар өз қызметін тоқтатты. Нәтижесінде мектеп лигасы орталық үйлестіруден айырылып, қалған мұғалімдер мен студент жаттықтырушыларға сүйене отырып, инертті және жүйесіз дамыды.

«Соның салдарынан бүгінгі күні пікірсайыс қозғалысы жаппай сипатынан айырылды, ойын мен төрешіліктің біркелкі стандарттары жоғала бастады, судьялардың құзыреттілігі төмендеп, қатысушылардың өздері пікірсайыс раундтарына қажетті дайындықсыз келетін болды. Сонымен қатар, көптеген шалғай аймақтарда пікірсайыс технологиясы қолжетімсіз қозғалысқа айналды», - деді «Жеті Жарғы» ҚҚ Төрағасы Құрметұлы Абылай.
Пікірсайыс қозғалысының дамуындағы осы және басқа да көптеген мәселелер мен ауытқуларды Хартия бастамашылары аймақтардағы пікірсайыс қауымдастықтарымен кездесу барысында анықтады.

Қазіргі уақытта мемлекет елдегі пікірсайыс қозғалысын дамыту бойынша белсенді жұмысты бастады, дегенмен, жастар ұйымдары мен университеттердегі пікірсайыс клубтары бұл жұмысқа белсенді атсалысуы қажет.

«Пікірсайыс, білім беру технологиясы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Көбінесе пікірсайыс қозғалысының түлектері өз елінің зияткерлік истеблишментін құрайды және өз салаларында күн тәртібін белгілейді. Бұл тәжірибе Қазақстанда да қалыптасқан, көптеген танымал журналистер, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметшілер пікірсайыс қозғалысының түлектері болып келеді. Сондықтан пікірсайыс қозғалысын одан әрі дамытуға мемлекетке көмектесуіміз қажет», – деді Елбасы академиясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай.
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты 20 жыл бойы республикалық пікірсайыс турнирін өткізіп келеді, өйткені біз үшін белсенділер арасында пікір алмасу өте маңызды. Бұл жолы біз Хартияны әзірлеуге де қатыстық. Жастар қанатының барлық 20 өңірлік филиал да осы бағытта жұмыс жүргізетінін атап өткім келеді», - деп атап өтті "Жастар Рухы" төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Azattyq Rýhy