Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи факт

Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи факт

Қазақ топырағында талай ерліктің табы бар. Соның көш басында тұрғаны – Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс. Орбұлақта оянған қазақ рухын ешқандай күш сындыра алған жоқ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи факт әрі бүгінгідей жаһандану дәуірінде кейінгі жастардың жігерін жанып, отаншылдыққа тәрбиелейтін шынайы, бірден-бір ерен ерлік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде біз сөз еткен тақырыпқа жан-жақты түсініктеме береді. Тарихи сананы жаңғырту үшін алдымен Ұлы Далада өмір сүрген тұлғаларды насихаттау, олардың ерлігін елге өнеге ретінде ұсыну, арнайы ашық аспан астында тарихтан сыр шертетін саябақтар ашу, архив жұмысын жандандыру міндеттерін жүйелеу қажеттігін айтады. Елбасының айтуынша, еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар қазақтың арғы ата-бабалары болып саналатынын жан-жақты айғақтауға мүмкіндік бермеген. «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғым. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен Саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – дейді өз мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы.

  • Әміре Әрін: «Ұлт тарихында Орбұлақ шайқасының орны бөлек. Шайқас туралы айтқанда, Салқам Жәңгір мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің есімдері аталмай тұрмайды. Ел арасында күмән туғызып келген Орбұлақ шайқасы егемен елдің тарихынан ойып тұрып орын алды. Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысы ұлт қаһармандарының ел мен жер тағдырын батыл шешіп, халқын қорғай алатындығын дәлелдеп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті. Бұл шайқас – қаһармандық пен ержүрек батыр бабаларымыздың ұлы жеңісі. Сондықтан тарихтағы ұлы істер, ерліктер ұмытылмауы қажет. Облысымызда осындай тарихи клубтың құрылғандығы өте қуантарлық жағдай».

Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығымен тұспа-тұс келген Елбасы мақаласы қазақ тарихының түйткілді мәселелеріне толыққанды жауап ұсынды әрі жаңа міндеттер жүктеді. Жаркент қаласында бой көтерген «Ұлы жебе» мемориалды кешені Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын одан әрі айшықтай түсті. Ендігі дүние жаңа нысанның жастарға берер насихатында тұр. Ашылған кешен құстар қонақтайтын тастұғырға айналмасын десек, осы бастан Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңісті жеткіншектерге түсіндіргеніміз жөн. Ол қалай жүзеге асады дегенде тағы да телеэкранға тоқтам жасауға тура келеді.

Осы орайда «Троя» тарихи киносын еске түсірейікші. Көрген адамның намысын оятатын ғажап туындыны бәріміз де тырп етпей көрдік емес пе?! Еуропалықтардың көп жағдайда жауынгерлері жаяу ұрысқа ғана дағдыланғанын, мініс ат тек қол-басшыларына берілетінін ескерсек, біздің әскерден әдіс-айла, дайындық жағынан әлдеқайда төмендеу болғанын байқаймыз. Бірақ «Трояны» көрген адам ең мықты әскер гректер деп ойлап қалатыны жасырын емес. Киноның идеологиялық тұрғыда ең керемет насихат құралы екенін осындайда ұғына түсеміз. Гектордың қалың қолына арнап сөйлеген сөзі, нағыз ерлерше өмір сүруі, соғыстағы жекпе-жектердің әділетті өтуі, Ахиллестің батырлығы, анасымен өрбитін диалогы – бәрі рухты жанитын, балаларды ерлік жасауға үйрететін әсерлі эпизодтар. Әсіресе, Гектор мен Ахиллестің жекпе-жегі ешкімді де бейжай қалдырмайды.

Қазақ тарихы отаншылдық рухты оятатын оқиғаларға бай. Бір ғана эпостық дастандардың өзінен бірнеше кино түсіруге болады. Бұл жайында ұлт зиялылары талай жылдан бері айтып келе жатқанымен қаржылық қиындықтарға байланысты бастама аяқсыз қалып келді. Алайда «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың бала» фильмі қазақ киносында үлкен бетбұрыс ретінде бағаланды. Осылардан асып түспесе, кем соқпайтын Орбұлақ шайқасындағы жеңіс ірі кинотуындыға сұранып тұрғанын айтып өткіміз келеді. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, бес қаруы бойындағы 600 қазақ сарбазы! Олар қарсы алдынан қазір ұрандап ұмтылатын қас жауының қаншалықты күшті екенін білмейді. Бар мақсаты – елін, жерін қорғау, «қара қазан, сары баланың қамын» күйттеу. Ер адамға бұдан артық қандай қозғаушы күш керек? «Бірлігі жарасқан ел берекелі», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген мәтелдерді санасына құйып өскен қазақ баласы қандай қара күшке де төтеп беруге, күйрете соққы жасауға әзір.
Расында, 600 сарбаз 50 мың ата жауын – қалың жоңғарды қалай жеңді? Міне, осы сұраққа жанжақты жауап ізденгенде ғана жастарға насихаттаудың жүздеген жолын табамыз. Дәл осылай ғылыми мақалалар негізінде шектеліп қалған қаншама тарихи оқиғалар бар? Оның бәрін жарыққа шығарып, кинотуынды ретінде ұсыну үлкен ізденісті талап етеді. Батыр қонтайшы мен Жәңгір сұлтан арасындағы кескілескен шайқас қалай қазақтардың пайдасына шешілді? Дамыған елдер халық аузында еміс-еміс айтылатын ауызекі аңыздың өзін шындықпен парапар деңгейде көркемдеп, ғажайып туындыға айналдыруда. Ал оның қасында бүкіл әлем ғалымдары мойындаған Орбұлақ шайқасын неге жарқ еткізіп көрсетпеске? Әрі сол кездегі ұлы жеңістің 375 жылдығын атап өту тарихымыздың тереңдігін дәлелдей түседі.

Елбасы Рухани жаңғырудың жалғасы ретінде шыққан «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың бірден-бір жолы – кино өнері екенін меңзейді. «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар ір-гелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек. Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс», – дейді Елбасы.

Ұлы жеңіс! Бұл сөздің мазмұны ауқымды, тарихы да терең. Ұшы-қиыры жоқ Ұлы Даланың әр төбесі ғасырлар қатталған тарих тұнбасына толы. Батыр бабаларымыздың ерлігі кешегі кеңестік кезеңде, оның алдындағы орыс патшалығы дәуірінде елге мұра болудың орнына әбден жанышталды, одан қалса, кейінгі буынның санасынан өшірілді. Ал ұлы жеңіс жолындағы ерліктер ел есінен ұмытылған жоқ. Әрине, ұлы жеңіс дегенде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, фашистік Германия басқыншыларынан елін қорғаған ерлердің ерлігі бір төбе. Бірақ қазақ үшін ұлы жеңістің астары тым тереңде. Біз одан бұрын да миллиондап көз жұмған небір алапат айқастардың барын жадымыздан шығармағанымыз жөн. Орбұлақ, Аңырақай шайқастары, одан бертіндегі Кенесары көтерілістері секілді қаншама толқулар, Алашорданың құрылуы, тіпті, кешегі үш ғасырлық бодандықтан босап, тәуелсіздік туын желбіреткен күніміз де ұлы жеңістің бір көрінісі емес пе?!
Қ. ТҰНҒАТАР

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста