Өзен-көлдердің тазалығы басты назарда

Өзен-көлдердің тазалығы басты назарда

Қоршаған ортаны қорғауда табиғаттың барлық жаратылысын қамқорлыққа алып, зиян шекпеуін қадағалау өте маңызды. Соның ең бастыларының бірі – су. Өйткені, адамның және барлық тіршілік иесінің өмір сүруіне қажетті нәрсе ауамен қатар су. Тәжірибе жасаған зерттеушілер адам бірнеше ай бойы тамақсыз өмір сүруі мүмкін, бірақ сусыз бірнеше күннен артық өмір сүре алмайды деген қорытынды жасаған. Жалпы судың қадірін білетін адамзат баласы «су – бұл өмір» деп әспеттейді. Таза су адамның салауатты өмір сүруінің басты шарттарының бірі, ал ол ластанған жағдайда қоршаған орта мен адам баласы үшін өте қауіпті. Әлемдегі беделді ғалымдар болашақта ішуге жарамды таза, тұщы су барған сайын тапшы және қымбат өнімге айналады деген болжам жасаған. Сондықтан еліміздегі қоршаған ортаны қорғау саласында өзен-көлдерді, жалпы су көздерін қорғауға, тазалығын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.
Елімізде жыл он екі ай бойы су көздерінің тазалығы жауапты мекемелердің назарынан тыс қалмай жіті қадағаланады. Әсіресе көктемнің алғашқы күндерінен бастап өзен-көлдердегі сулардан сынама алып, тазалығын тексеру жұмыстары қызу жүре бастайды. Жақында ғана осы мақсатта елордамыздағы экология департаментінің зертханалық талдау және бақылау бөлімінің қызметкерлері басқа да құзырлы мекемелермен бірігіп Есіл мен Ақбұлақ өзендері суының тазалығын тексеру үшін талдау жасады. Сынама жасайтын су өзен бойындағы үш нүктеден алынды. Талдап-сараптау нәтижесінде Есіл және Ақбұлақ өзенінен алынған судың құрамынан темір, фторидтер мен нитриттер анықталып, ластанғаны байқалған. Бұндай жағдай өзендегі тіршілікке, әсіресе балықтарға зиянын тигізетіні белгілі. Осы мәселеге байланысты экология департаментінің зертханалық талдау және бақылау бөлімінің қызметкерлері зерттеу жұмыстарын қолға алды.
Осы ретте республикамыздағы өзендерге назар аударып өткен артық болмас. Мәлімет көздеріне зер салсақ елімізде ұзындығы он шақырымнан асатын жеті мыңнан астам өзен бар екен. Атап айтсақ Жайық, Тобыл, Ертіс, Есіл, Нұра, Сырдария, Талас, Шу, Іле деп жалғастыруға болады. Республикамыздың бір мың жеті жүз шақырымы бойынша ағатын Ертіс өзенін еліміздің су ресурстарының негізгі қоры деуге болады. Сондай-ақ, еліміздегі өзендердің жартысы трансшекаралық екені де белгілі. Бұл өзендер қоршаған ортаның қан тамыры іспеттес. Жағасындағы қаншама тіршілік атаулының өмірі осы өзендердің тағдырына тікелей байланысты десек артық айтқандық болмас. Сондықтан олардың тазалығы қоршаған ортаның, халқымыздың өмірі мен денсаулығының кепілі деуге де болар. Өйткені адам тәнінің сексен пайызы судан тұрады екен. Сондықтан тұтынатын судың мөлшері мен сапасы оның денсаулығы мен өмірі үшін ерекше маңызды. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек суды тұтыну әлем халқының санынан екі есе тез өседі екен. Қазірдің өзінде су тапшылығы жер жүзінде сезіле бастаған. Енді біраз жылдан кейін бұл тапшылықты әлем халқының жартысына жуығы сезінуі мүмкін. Тұщы судың азайып кетуіне ормандарды кесу, карьерлер, жолдар салу кезіндегі зиянды әрекеттер де әсер етеді. Осы жағдайға байланысты бір ғана дерек келтіріп өтсек, мысал үшін жаңа коттедж қалашығын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін көптеген ұңғымалар бұрғылануда, мұның нәтижесінде жер асты суларының тепе-теңдігі бұзалады. Соңғы жылдары ірі қалалардың айналасындағы алаңдарда осындай коттедж қалашықтары көптеп салына бастағаны белгілі. Ал жер асты суыларының негізгі қоры өзен суларының сіңуінен түзілетіні айтпаса да түсінікті. Кейінгі жүз жылда әлемде суды тұтыну жеті есе өсті дейді мамандар. Осы бағытта тоқтаусыз жүре беретін болса табиғаттың қоры ұзаққа мерзімге шыдас бермеуі де мүмкін екен. Теңіздер мен көлдер, өзендер мен жер асты суларының ластануы байқалады. Қазіргі таңда қоршаған ортаны ластаудың жаңа көздері пайда болып, олардың саны артып келеді. Мысалы, қыста қар жауып, көшелер аппақ қар жамылғы жамылып тұрады, бірақ бірнеше минуттан немесе сағаттан кейін ол қарая бастайды. Бұл, ең алдымен, мұз қатып, тайғақ болмау үшін қала жолдарына ондаған тонна реагенттерді себудің нәтижесі. Реагенттердің құрамында химиялық заттар бар, олар қар суымен бірге топыраққа сіңіп, жер асты суларын белгілі бір деңгейде ластайды деген пікірлер де айтылады.
Қоршаған ортаны қорғап, өзен-көлдерді сақтау жөнінде ойлағанда, бірден көз алдымызға Арал теңізі елестейтіні анық. Өйткені Арал қасіреті, Қазақстанның ғана мәселесі емес күллі жер шарының назарын аударған жағдай болды. Естеріңізге сала кетейік, суы тартылғанға дейін Арал үлкендігі жағынан әлемдегі төртінші көл болды. Соңғы отыз жыл ішінде ондағы судың мөлшері он бес еседен астам азайды, деңгейі жиырма метрге төмендеді. Бұрынғы су алқабында бес жарым миллион гектардан астам құм мен тұзды шөл пайда болды. Жел бұл қоспаны қоршаған егістіктер мен далаға тасымалдайды, бұл Арал маңы аймағының экологиясына және халықтың денсаулығына кері әсер етеді. Бұдан қатты зардап шеккен негізінен Қазақстан мен Өзбекстан еді. Арал мәселесін шешудің жолдары Орта Азиядағы су проблемасын шешумен тығыз байланысты, Әмудария мен Сырдария өзендері суының кем дегенде жартысы теңізге жетсе, ол қалпына келер еді дейді кейбір мамандар. Теңіздің тағдырына алаңдаған елдер жалпы шешімді күтпей, мәселені жеке шеше бастады. Бұл мәселеде әсіресе Қазақстан Республикасы нақты шешімдер қабылдап, нәтижелі жұмыстар атқарды десе де болады. Елімізде Көкарал түбегінен Сырдария өзеніне дейін қоршалған 17 шақырымдық гидравликалық бөгет салынды. Осының арқасында Сырдарияның аз ғана ағысы көл деңгейін біршама көтерді. Тұздың зардабы төмендеді, балық шаруашылығы қайта жандана бастады, тіпті Арал қаласында «Балықшы» балық өңдеу зауыты жұмыс істеуде. Бұл мемлекетіміз қабылдаған оң шешімдер мен нақты іс-әрекеттердің нәтижесі. Ал, Арал теңізінің оңтүстік жағалауында орналасқан Өзбекстандағы жағдай әлдеқайда күрделі. Тұзды дауылдар күшейіп, Қарақалпақстан Республикасына ғана емес, сонымен қатар Түркіменстанға да кері әсерін тигізеді. Мамандар бұндай дауылдардың күшеюіне жол бермеу үшін Арал теңізінің тартылып кеткен аумағына сексеуіл өсіру керек деген ұсыныс айтуда. Арал мәселесін шешуге айналасындағы барлық мемлекеттер мүдделі.
Міне осындай олқылыққа жол бермес үшін әрбір өзен-көл, су бассейндері көздің қарашығындай сақталуы керек. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Жақында ғана ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев оңтүстік аймақтағы су қоймаларының жағдайын қадағалап шықты. Түркістан облысы халқымен кездесу өткізіп, талап-тілектерін тыңдады. Су шаруашылығына қатысты мекемелерді аралап, нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар еліміздің түпкір-түпкіріндегі экология департаменттері аймақтағы өзен-көлдердің тазалығына баса назар аударып, ластауға жол бермеу үшін барлық жағдайды қарастырып жұмыс істеуде. Жақында ғана Маңғыстауда Каспий теңізіне сарқынды су төгіліп жатыр деп дабыл қаққан тұрғындар ұялы телефонмен түсірілген бейнематериалды таратқан болатын. Бұл мәселеге қатысты аймақтағы экология департаментінің мамандары дереу іске кірісіп теңіз суына тексеру жүргізді. Өңірдегі мамандар «Он күн сайын Каспий теңізіндегі төрт нүктеден судың құрамын анықтау үшін сынама алып, жиырма тоғыз компонентті анықтаймыз. Анализдің қорытындысы бес күннен кейін дайын болады, сол кезде белгілі болады. Каспий теңізінде балдырлардың қызаруы мезгілі болады, яғни жылдың басында осындай процесс жүреді. Ал лас судың теңізге құйылуы сияқты жағдай бізде көп кездескен жоқ. Қазір біз ол туралы анализ жасамай тұрып ешнәрсе айта алмаймыз» деген болатын. Тексеру жұмыстарын жасай келе бұл жерге ешқандай мекемеден кәріз суы төгілмеген, теңіз маңындағы қамыстардың арасынан жерасты суы көтерілген. Соның салдарынан кейбір ғимараттардың да маңайын су басқан деген шешім шығарылды. Айналадағы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар теңіз аумағындағы жануарлар дүниесі де қатаң қадағалануды. Мамандар арнайы рейдтер жүргізіп, итбалықтардың қауіпсіздігін бақылап тұрады. Балық аулау маусымында Каспий теңізінен Маңғыстау мен Атырау облыстарына шекті лимит бөлініп, балықшылар арнайы рұқсатнама қағаздарымен ғана аулай алады. Браконьерлікпен күрес нығайып, талап пен тәртіп күшейтілген, заңсыз балық аулаушылар қатаң жазаланады. Табиғатты қорғауда жемқорлыққа жол берілмеу жағына да көп көңіл бөлінген. Сондықтан жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін арнайы іс-шаралар өтіп, күресудің нақты жолдары қарастырылған. Тіпті балықты қорғау үшін оны аулаудан гөрі, өсіру жағына көп көңіл бөлініп, насихат жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Қоршаған ортаны қорғауды нығайта түсу үшін қоғамдық ұйымдармен, экобелсенділермен және еріктілермен кездесулер жиі өткізіледі. Онда қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды насихаттап, экология мәселелеріне көңіл аудару, айналасына ұқыптылықпен қарауды тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жиында әртүрлі жобалардың мақсаты талқыланып қалай атқарылып жатқаны қадағаланады. Министрлік дайындаған Жол картасы бойынша жасалатын жұмыстар жыл бойы жалғасып қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау басты назарға алынады. Бұл мақсаттағы іс-шаралар республиканың барлық өңірін қамтып экологиялық жобаларды іске асыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізу көзделген. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында халықтың санасын өзгертіп экологиялық сауатын көтеру, мәдениетін қалыптастыра түсу басты мақсат. Халық санасы өзгеріп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау әрбір адамның бойында қалыптасса, ол үлкен нәтиже.
Наурыз айының ортасынан бастап елімізде Covid-2019 инфекциясына байланысты көптеген кәсіпорындар жұмысын қашықтықтан істеуге көшірілгені белгілі. Осы төтенше жағдайға байланысты барлық аймақтардағы экология департаменттері де жұмыстарын онлайын режимге ауыстырғаны хабарланды. Бірақ та жұмыс жүйелі түрде жалғасып азаматтардың өтініш-шағымдары электронды нұсқада қаралмақ. Кез келген жағдайда да қоршаған ортаны қорғау назардан тыс қалмасы анық. Табиғатты аялау адамзаттың өзіне деген қамқорлығы.

Нұрлы Еділов

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста