Су ресурстарын тиімді басқара білудің маңызы зор

Су ресурстарын тиімді басқара білудің маңызы зор

Еліміз су ресурстарына біршама бай деп айта аламыз. Өзендеріміз бен көлдерімізді айтпағанның өзінде елімізге жыл сайын түсетін қардың да, жаңбырдың да мөлшері қалыпты, тұщы, ішуге жарамды жерасты ауыз суының да басқа елдермен салыстырғанда қоры жеткілікті деуге болады. Алайда оларды орнымен қолданбасақ болмайды, «судың да сұрауы бар» екенін ұмытпауымыз керек. Осы орайда жақында құзырлы орындар «Қазақстан Республикасында Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» бекітті. Бұл шын мәнінде ұзақ жылдарға бағдарланған, еліміздегі су ресурстарын тиімді басқару арқылы, орнымен қолдануды көздейтін маңызды құжат.
Жалпы еліміздегі жыл сайынғы жер үсті су ресурстары шамамен 100 текше км құрайды екен. Оның 44%-дан астамы елден тыс жерде қалыптасса, су тұтынудың 67%-ы ауыл шаруашылығына, 30%-ы - өнеркәсіпке, қалғаны - шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады екен. Осыдан-ақ шамамен еліміздегі су ресурсы қорындағы сулардың қандай бағытта көбірек қолданылатынын байқауға болады. Сондықтан ғалымдарымыз ауыл шаруашылығына суды үнемдеп қолдану әдістерін өндіріске енгізу, өнеркәсіпте қолданатын суды техникалық сумен алмастыру секілді түрлі ұсыныстар айтып, су ресурстарын тиімді қолдануға қоғамды шақыруда. Яғни суды тиімді пайдалану арқылы, су ресурстарын үнемді пайдалану қазіргі таңда басты мақсатымыз болып отыр.

«Су бағасы мұнаймен тең болатын күн жақын...»
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғалымдар «суды үнемдемесек зардабын шегуіміз әбден мүмкін. Су бағасы мұнаймен тең болатын күн жақын» деген болжам айтқан болатын. Бұл болжам талай адамның көңіліне үрей сыйлады. Өйткені сусыз адамзаттың күні жоқ. Суды үнемдеп қана қоймай, таза су қорын сақтап, халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз етудің де маңызы зор! Мамандардың болжауынша «2040 жылға қарай еліміздегі су тұтынудың көлемі 56%-ға өседі» екен. Демек сұраныстың өсуіне қарай қосымша жер үсті су ресурстарын ұлғайту да қажет. Сондықтан «Қазақстан Республикасында Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» қосымша жер үсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 100 текше км деңгейінде су теңгерімін сақтауға бағытталған: 5-7 текше км-ге арналған жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км дейін су үнемдеу, 15 текше км дейін жер асты суларын пайдалану көзделген. Яғни сұранысқа сай су ресурстарын тиімді пайдалану жолдары жасалуда. Сондай-ақ суды тұтынуды 91,2-ден 73 текше метрге дейін азайту, 26 жаңа гидротехникалық құрылыстар салу, 182 республикалық, 300 коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңарту жоспарлануда. Демек аталмыш бағдарламаға сай халқымыз су тапшылығын көрмеудің түрлі жолдары қарастырылуда.
Жалпы «Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару бағдарламасы» 10 негізгі бағытты қамтиды, олар: халықаралық ынтымақтастық, құқықтық базаны жаңарту, институционалдық реформалау, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және реконструкциялау, су нарығын құру жөніндегі халықаралық озық тәжірибені зерделеу, су шаруашылығын цифрландыру, "Smart Water" жобасын енгізу, су ресурстарын экологиялық оңтайлы пайдалану, су саласының мамандарын заманауи дағдылармен даярлау және маңызды ұлттық су жобаларын іске асыру бағытындағы әрбір міндеттеменің көтерер жүгі ауыр. Мамандардың ұсынысымен даярланған бұл бағдарламаның әрбір бөлімі талапқа сай орындалса ұтарымыз мол болмақ.

Судың қадіріне жете алып отырмыз ба?
Дәл қазір су қорын барынша үнемдеп, халқына су тапшылығын тудырмау көптеген елдердің басты мақсаты болып отыр. Біздің елімізде де шамамен 30 жылдан кейін ауызсу тапшылығы пайда болатынын бірнеше жыл бұрын отандық ғалымдарымыз болжаған болатын. Тіпті шамамен 2040-2050 жылдары халыққа су жеткізу сұраныстан үш есе кем болатынын да айтты. Яғни су көлемі сұранысқа сай болмағандықтан айтарлықтай су тапшылығын сезінетінімізді жеткізді. Дәл қазір еліміздегі тұщы судың қоры 190 текше километрді құраса, су қоймаларының көлемі – 95 текше километр, өзендер суы – 101 текше километр, жерасты сулары – 95 текше километр, мұздықтар – 58 текше километр болады екен. Күтіп пайдалансақ көп, қадіріне жете алмай суды үнемдеудің жолдарын қарастырмасақ, бұл су қоры тым аз деуге болады.
Осы орайда алдағы уақытта су тапшылығын сезінбес үшін, қолда барды үнемдеп, қорымызды неғұрлым үзақ жылдарға жеткізуді ойлауымыз керек. Осы орайда көптеген дамыған елдердің жаңбыр суын жинап, сүзгіден өткізіп, пайдалану жүйесі кез келген үйде орнатылған арнайы қондырғы арқылы жүзеге асатыны бізге үлгі. Шыны керек жыл сайын кісі бойы түскен қарды жинап, арнайы су қоймаларына бағыттау арқылы, сүзгіден өткізіп қолдану арқылы су қорымызды молайтсақ игілікті іс болар еді. Сондай-ақ жыл сайын халықты әбігерге салатын су тасқынының зиянын шеге бермей, өз пайдамызға асыру жолдарын қарасақ, ол суларды кәдемізге жаратсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан 2030 жылға дейін су ресурстарын тиімді пайдаланып, инфрақұрылымдарды жаңартудың арқасында оған деген тапшылықты төмендету көзделген бағдарламадан күтеріміз көп.
Атап айта кетер жайт, қазіргі таңда елімізде 8 өзен бассейні бар екен. Олардың ішінде Ертіс, Балқаш-Алакөл, Арал-Сырдария, Жайық-Каспий бассейндері ең ірілері болып саналады. Осы су бассейндері су ресурстарының 90 пайызын құрайды екен. Демек алдағы уақытта қар суы мен жаңбыр суларын кәдеге асырып, су бассейндерінде жинап, ауылшаруашылығы саласында қолдана білсек ұтарамыз көп болмақ екенін сеземіз.

Маман не дейді?
Су мәселелерін ұзақ уақыт зерттеп жүрген гидролог маман Абай Әлмағамбетов «Су тапшылығы су соғысын тудырады» дейді.
Абай Әлмағамбетов, География ғылымдарының докторы, профессор:
- Су қорының азаюына қазір әлем халқы алаңдаулы. Демек алдағы уақытта суға талас елдер арасына іріткі салуы әбден мүмкін. Сондықтан суға қатысты мәселелерді тезірек шешу керек. Ескірген инфрақұрылым және онымен байланысты үлкен шығындар, сапалы судың жоқтығы, тарифтерді белгілеу тетігінің әлсіздігі, сулардың сапалық тұрғыдан ажыратылмауы, білікті мамандардың жетіспеушілігі, көрші елдермен суды бөлу проблемалары су саласының қазіргі кездегі ең өткір проблемалары болып отыр. Сондықтан «Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару бағдарламасы» осы мәселелердің шешілуіне түрткі болса екен деймін. Елдің тұрақты дамуы үшін су ресурстарын қамтамасыз ету, су объектілерін сақтау және қалпына келтіру үшін экологиялық таза жағдайды қамтамасыз етудің маңызы зор! Аталмыш бағдарламада қамтылған 26 жаңа гидротехникалық құрылғылардың құрылысын салу, 182 республикалық, 300 қалалық гидротехникалық құрылыстарды қайта құру, суармалы жерлерді 1,7 миллионнан 3 миллион гектарға дейін ұлғайту үшін жаңа суару жүйелерінің құрылысын жүргізу секілді мәселелер көптің көңілінен шықты. Тек орындалсын деп тілейміз. Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын халыққа арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің бірі - болжамдалып отырған су тапшылығынан туындаған мемлекетіміздің су ресурстарын басқарудың жаңа саясатын тұжырымдау қажеттігі туралы баса айтқан болатын. Су мәселесінің өзекті екенін осыдан-ақ байқауға болады. Енді мына жаңа бағдарлама су саласындағы мәселелердің шешіміне айналса мақсаттың орындалғаны.
Бізде трансшекаралық аймақтағы суларымыздың мәселесі де бар. Бұған дейін қабылданған «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» салалық бағдарламалары сумен қамтамасыз етудің тек бір тармағы - ауыз сумен қамсыздандыру мәселелерін қарастырған болатын. Ал енді су ресурстарын реттеудің жаңа бағдарламасы жалпы еліміздегі су мәселесін шешуде басты құжат боларына сенім мол. Жаңа мемлекеттік су ресурстарын басқару бағдарламасында сумен қамтамасыз ету мәселелері еліміздің орнықты дамуы мен «жасыл» экономикаға көшуі аясында белгіленген мақсат-міндеттері ескеріліп, кешенді түрде көзделген. Демек заман сұранысына сай негізделген құжат суды тиімді басқаруға мұрындық болады.

Су ресурстарын тиімді басқаруды әр адам өзінен бастау керек
Шыны керек, планетаның бір шетінде тұрғындар шалшық сумен шөлін қандырып жүргенде, таза ауыз суды көшенің шаңын басу үшін қолдану адам атымызға сын секілді. Әлі күнге елімізде ауыз су мен техникалық су ажыратылмағандықтан көлік жуу орындары таза суды шашып пайдалануда. Тек соңғы жылдары мұндай мақсатта су пайдаланатындар үшін судың тарифын ғана жоғарылаттық. Алайда бұл қадам суды үнемдеуге себі тимесі анық. Сондықтан еліміздегі суды мақсатты пайдалану жұмыстарын әлі де болса жетілдіру қажеттілігі сезіледі. Негізі су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі мен тиімділігі, оны рационалды пайдалану – адамзат үшін өмірлік маңызды мәселе. Бұл мәселе көптеген басқосуларда талқыланып, шешілу жолдары іздестірілу үстінде. Шын мәнінде оның жолдары мен әдістері сан алуан. Соның бірі – ел өңірлерінде алқаптарды суландыру мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыру. Қазір аграрлық елге айналғысы келгендер мұндай сан түрлі жолдарды өндіріске енгізіп алған. Суармалы алқаптар мен суармалы егістіктің көлемін көтеру ісі еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде де қарастырылған. Яғни талап бар, тек дамыған елдердің су саласындағы дұрыс бағытын таңдап, өз елімізде қолдана білсек болғаны.
Аграрлы елге айналуды көздеп отырған еліміз алдағы уақытта суды тиімді пайдаланудың сан түрлі жолдарын қарастырып, ел игілігіне пайдаланса су қорымызды үнемдеп қана қоймай, аграрлы ел ретінде ел экономикасын көтеруге де үлкен мүмкіндік болар еді.

Қуаныш Ермекова
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста