«Туған жер» бағдарламасы - ұлттық патриотизмге негізделген идеология

24 шілде 2020, 22:31

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе,
өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе,
яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Жарты еуропа сиып кететін ұлан-ғайыр жерді қазақ халқына ешкім сыйға тартқан жоқ. Бұл ата-бабалардың білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жері. Атам қазақ үшін кіндік қаны тамған, туған жер мәселесі қашан да бірінші орында тұрған. Сондықтан ата-бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін жаумен қасық қаны қалғанша айқасты. Аттары тасқа қашалып жазылған батыр бабаларымыздың ерлігі арқасында Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан, бүкіл жер шары көлемінің 2%-ын, Азияның 6,1 %-ын құрайтын, жалпы аумағы 2724,9 мың км² болатын жер қазақ баласын мұра болып қалды. Ал, бабалардан қалған жерді көз қарашығындай сақтау ұрпаққа аманат.

 

Қазақ халқы ертеден ақ жер қадірін жақсы білген. Негізгі күнкөріс көзі малмен байланысты болған бабаларымыздың жазда жайлауға, күзде күздеуге, қыста қыстауға көшіп жүруі де жайдан жай емес. Бұл біріншіден малдың қоңды болуына ықпал етсе, екіншіден жердің тынығып, тыңайуына мүмкіндік беріп отырған.

 

Кеңес Үкіметі тұсында қазақ жеріне үлкенді-кішілі қалалар көптеп салына бастады. Түрлі саяси бағдарламалар қолға алынып, қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру жүзеге асырылды. Көп ұзамай бұл жымысқы саясаттың мақсаты бой көрсетті. Шекаралас аймақтарды Ресей құрамына қосу туралы бастама көтерілді. Алайда, елім, жерім деген Жұмабек Ахметұлы Ташенев секілді отаншыл, ұлтшыл азаматтардың табандылығы арқасында қасгөйлердің көксегені жүзеге аспады.

 

Өткен ғасырдың 70-жылдарында қазақтардың қалға көшуі үрдсі көрініс тапты. Ал Қазақстан егемендік алған тұста бұл үрдіс үдере көшуге ұласты. Совхоздар тарап, ауылда жұмыссыздық белең алды. Ауыл халқының тірішілік көзі болған мал басы күрт азайды. Бұл ауыл жастарының қалаға қарай ағылуына түркі болды. Ауылдарда тек қарттар қалды. Бала саны жетіспей, мектептер жабылды. Кей өңірлерде ауылдар біріктірілсе, кей жерлерде ауылдар мүлде жойылып кетті.

 

90-жылдардың соңында урбанизация бәсеңдеп, ауыл халқының саны арта бастады. Бұл әрине Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі, көреген саясатының арқасында жүзеге асты. Өзі де ауылда туып өскен Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтың күретамыры да, ұлт руханиятының ошағы да ауылда екенін, ел экономикасы үшін ауыл шаруашылығының маңызы аса зор екенін жақсы білді. Елбасы Н. Назарбаевтың халыққа арнаған жолдауында «Қазақстанның ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінде айрықша орын алады. Егер ауыл - республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы - еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығының факторы болып есептеледі», - деп атап көрсетуі осының дәлелі.

 

Елбасының бастамасымен ауылдарды көркейту, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарлмалар қабылданды. Атап айтқанда, 2002-2005 жылдарға аналған «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы, жас мамандарды ауылға тарту мақсатында қолға алынға «Дипломмен - ауылға» жобасы жүзеге асты. Аталмыш бағдарламалар аясында ауылды жерлердің жолдары жөнделіп, мектеп, аурухана бой көтерді. Ауыл халқы таза ауызсумен қамтамасыз етілді. «Жол картасы» шеңберінде мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа нысандар бой көтерді.

 

Елім, жерім деген отансүйгіш, ұлтшыл азаматтар «Туған жер» бағдарламасын қолдап, қуаттады. Бүгінгі таңда Елбасы бастамасын қолдап қана қоймай, нақты ісімен дәлелдеп жүрген ұлтшыл азаматтыр көп. Бірі туған ауылының әл ауқатын көтеруге ат салысса, енді бірі жағдай төмен отбасыларға қайырымдылық қолын созуда.

 

Сондай азаматтардың бірі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Абзал Ералиев. Отансүйгіш азамат өз қаржысына ауылдағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, наубайхана, монша салып берген. Ауыл орталығындағы демалыс алаңына субұрқақ орнатылып, айналасын гүлмен, жасыл желекпен көмкерілген. Тақтайдай тегіс көшенің бойына жағалай жарық шамдар орнатылған. Ауыл көркі қаладан кем емес.

 

«Әрбір қазақстандық мемлекет маған не берді деп емес, мен мемлекетке не бердім деп ойлануы керек. Мемлекет бізге еңбек етуге мүмкіндік беріп отыр. Әрбіріміз сол мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз қажет. Нақты, маған мемлекет жеке шаруашылық ашып, күріш өсіруге мүмкіндік берді. Мен сол күріштің арқасында мол табыс тауып отырмын. Ауылдың жерін сауып, пайда тауып келем. Сондықтан мен ауылдың жерінен алған пайданы ауылды көркейтуге жұмсағанды жөн көрдім» - дейді, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған, күріш шаруашылығын басшыс Абзал Ералиев.

 

«Туған жер» бағдарламасы - халықтың өткені мен бүгінін сабақтастыратын, отансүйгіштіктің, ұлтшылдықтың темірқазығы болатын, ұлттық патриотизмге негізделген идеология.

 

Жаhандану атты аждаһа жұтынып тұрған шақта, жастарды отансүйгіштікке, ұлтшылдыққа тәрбиелейтін осындай идеологияның қолға алынуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігі. Өйткені ұлт болашағы – ел болашағы. Ал, ауыл – ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. Елбасының әр жылы Қазақстан халықына жасаған жолдауында ұлт болашағы, ұлттық рухтың қайнар көзі - ауылға ерекше тоқталуы осының нақты дәлелі болса керек. 

 

Қалдар Кумекбаев