Ұлттық кодқа да диалектика қажет

29 шілде 2020, 15:12

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұрын-соңды айтылмаған ерекше тұжырым бар. Ол – ұлттық код мәселесі. Код дегеніміз құлыпты ашатын кілт деген сөз. Ал, құлып не сонда?

 

Құлып – ұлттың жаны, ойы, арманы, діні, ділі, философиясы мен тіршілігі. Иә, оны ашуға кілт керек. Өйткені, әр адам барлық болмыс-бітімімен сол құлыптың ішінде отыр. Ұлы неміс оқымыстысы Мартин Хайдеггер былай дейді: « Біз адам болғандықтан, сол қалпымызды сақтау үшін тілдің құрамына еніп кеткенбіз және айналаны шолу, жан-жаққа қарау үшін біз одан шыға алмаймыз. Ал біздің түйсігіміздегі тіл көкжиегі біздің оған қаншалықты терең бойлағанымызды, қаншалықты берілгенімізді көрсетеді» дейді. Бір сөзбен айтқанда, тіл тіршіліктің рухани көзіне айналып, қоғамның мәдени ұқсастығын, сәйкестік жасайды және сақтайды. Қоғамның ұқсастығы, сәйкестігі дегеніміз – ұлт, тілі мен жаны, психологиясы мен философиясы ұқсайтын адамдар қоғамы. Оның құлпын ашу үшін соған сай кілт керек. Мысалы, қазақта 40 дейтін сан ғана емес, тұтас философиялық ұғым бар. Қазақ бала дүниеге келгенде қырқынан шығарады. Қайтыс болған адамның қырқын береді. Бұл басқа халықтардың салт-дәстүрінде жоқ дүниелер. Неге? Сәл-пәл үңіліп көрейікші.

 

40 күнде бір тамшы ұрық су-қанға айналады, 40 күннен кейін етке, тағы 40 күннен кейін сүйекке, одан 40 күннен кейін ет пен сүйекке жан бітеді, және 40 күн өткен соң жан ~ ет пен сүйекті адам пішініне айналдырады. Содан 40 күн ішінде шақалаққа сезім мүшелері дамиды, тағы қырық күнде бала толысады, сонымен 280 күнде, ол деген~40 апта, 9 ай 9 күнде нәресте өмірге келеді. Қазақтың салты бойынша дүниеге келген нәрестенің 40 шығарып, "Қалжа"- қыздың төркіні апарады. Себебі, табиғы заңдылық бойынша нәрестенің сүйегі мен еті қосылады, адам болды деген осы. Баланы 40 қасық суға шомылдырады және 40 тілеу тілейді.Ал мәйітті жерлегенде, адам 40 қадам бейіттен кеткеннен кейін, сұрақ-жауап басталады. Адам барсакелмеске кеткеннен кейін 40 өткізеді, оның себебі еті мен сүйегі ажырайды.

 

Бұл 40 санының киесі үлкен, сол себептен 40 келген адам туған күнін тойламайды, садақа береді.

 

Қазақтар кезінде киіз үй тіккенде, үй арасы 40 қадам болған.

Малды бордақылағанда, жылқыны жемдегенде 40 күнге жеткізген.

Арғын рулары қасқырдың бас сүйегімен ер баланың басына 40 мәрте су құйған, оның себебі, бала қайратты, қуатты, төзімді батыр болсын деп ырымдаған.

 

Келін түсіріп отағасының босағасыны аттарда, 40 аңның терісінің үстінен өткізеді.

 

" Қызға қырық үйден тиым", "Отыз күн ойын, қырық күн тойын"," Отызында орда бұзған, қырықында қыр бұзбайды", "Қырықтың бірі~Қыдыр" ~деп босқа айтпаған.

 

Қарап отырсаңыз қазақтың салт-дәстүрлері табиғатпен, қоршаған ортамен тілелей байланысты. Қазақтың жан-дүниесін терең түсінгісі келген адам осы дүниелерді білуге тиіс. Ұлттық код, ұлттың жан дүниесінің кілті дегеніміз осы емес пе? Ұлттық дәстүрді ұстанбай ұлттың дамуы да мүмкін емес. Қазір жаһандану заманы. Көптеген ұлттар мен тілдер заман көшіне ілесе алмай тарих сахнасынан өшіп кетіп жатыр. Шынын айтсақ, жаһандану заманында ұлтты сақтап қалудың ең үлкен жолы, ұлттық кодты сақтау, оның кілтін қастерлеп, ұлттық дәстүр мен ұлт тілін жоғалтпай даму. Елбасының мақаласындағы ұлттық кодқа байланысты екі ұстанымның бірі осы. Оны Елбасы былай деп көрсетеді: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас¬тау алатын рухани коды болады.

 

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі¬сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре¬тінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

 

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».

Енді осы Елбасы мақаласының ұлттық кодқа байланысты екінші ұстанымына тоқталайық. Елбасы былай дейді: «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей¬лін¬ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

 

Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды.

 

Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос¬қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға¬ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.

 

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық». Шынында да заман күн санап қарыштап дамып бара жатыр. Мұндай уақытта кейбір дәстүрді жаңартып, оны жаңа заманға бейімдеу қажет екені анық. Оған байланысты философ, Қазақ Ұлттық университеттінің доценті Олег Борецкий былай дейді: «Жаңғыру дегеніміз бұл бүгінгі заман, яғни кешегімен қайшылық болуы заңдылық. Өйткені, дәстүр мен бүгінгі заман, мәдениет пен цивилизация. Біз осы мәселе мен қайшылықты айтар болсақ, диалектикаға мән беруіміз керек. Кешегі мен бүгінгіні, дәстүр мен жаңа заманды қосудың механизмдерін іздеуге тиіспіз» .Ғалым ұлттық кодқа байланысты ұстанымдарды жалғаудың диалектикалық, яғни, бір-біріне табиғи жолмен ұластыру жолын іздеуді ұсынады. Әрине, солай болуға тиіс ол. Жалпы, ескіні жаңартудың шиеленіссіз ең байыпты да сенімді жолы қай уақытта да диалектика, эволюция болған. Сол диалектикалық байыпты жолды ұстансақ, ұлттық кодты жоғалтпай, дамудың жаңа бағыттарын тауып отырамыз деп ойлаймын.

 

Серік Ақынжанов.