Неге біздің Украинаға жанымыз күюі тиіс?
Путин Украина үшін Батыспен шайқасқа түсті. Бұл ұзаққа созылады. Бәрі ұтылады. Ең көп ұтылатын Украина болады. Өйткені ол өзі ештеңені шешпейді. Ресей не дейді, Батыспен қалай келіседі, мәселе соған байланысты. Қалай шешілсе де ол енді бұрынғы Украина болмайды. Қанша жерден «қақтығыс», «операция» деп жақауратса да, онда болып жатқанның аты – соғыс. Өзіне де, Путинге де маневр қалдыру үшін Батыс бар нәрсені бар дей алмай отырғанымен, Ресейдікінің аты – әскери басқыншылық.
Донбасс пен Луганск енді Украинадағы жай облыстардың бірі болмайды. Бірақ ең жаманы бұл жанжалға Қазақстанды араластыра бастады. Ресейдің ойы әуелден мәлім. Енді айтпаған сөзді айтты деп, бұрын айтылған сөзді кейін айтылғанның жауабы ғып көрсету ісінен аналардың да бізді өзіне жақтас қылмақ ниетін байқап отырмыз.
Ал біздегі жағдай қандай? Нақты зерттеу жоқ болғандықтан, қарапайым жұртшылықтың не ойлайтынын жорамалдап қана айта аламыз. Мысалы, Қазақстанда ресейлік БАҚ-тың кең тарайтынын ескеріп, тегі орыс отандастарымыз Ресейдікін дұрыс санайды деуге болады. Қарапайым қазақтың бұл дауға орыстар сияқты қызығушылығы жоқ және Ресейдің қатысынан хабары аз, сондықтан оны бір елдің ішінде болып жатқан оқиға деп ұғады. Ал халықтың белсенді бөлігіне келсек, мұнда орыстардың бәрін бір топқа біріктіріп, бұлардың ниеті мынандай деу қиын. Сірә, аға буыны Путинді жақтайды, кейінгілері және демократия жақсы нәрсе деп санайтындары оның Украина саясатын қолдамайды. Долбарды тоқтатып, негізгі мәселеге ауысайын.
«Селигерде» Путинге сұрақ қойған қыздың сөзі рас. Украинадағы жағдай Қазақстанда ұлтшылдықтың өсуіне себепкер болды. Біздегі ұлтшылдықтың негізгі бір ғана сипаты бар, ол бізде Ресейге қарсылықты білдіреді. Бір елдің боданынан шыққандықтан Украинаны тағдырлас, мұңдас көреміз де, Ресейді ортақ дұшпан түрінде қабылдаймыз. Осы жағынан алғанда Путиннің Украинадағы жағдайға қол сұғуы және «қазақта мемлекет болмаған» деген сөзі, Жириновскийдің «Украинадан соң кезек Қазақстанға келеді» деген сыңайдағы мәлімдемесі біздегі ұлтшылдардың – Ресейге қарсылардың санын көбейтті. Ал бұрыннан ұлтшыл болып жүргендерден мүлдем маза кетті. Путин жеңсе, ауырып, Украина жеңсе, сауығатын болдық. Украина мәселесі көбіміз үшін өмірдің мәніне айналды.
Әрине, сазарған қалпы дегенін істеп отырған Путинді ешкімнің, ештеңенің тоқтата алмауы зығырданды қайнататыны түсінікті. Бірақ бір мәселеге назар аудару керек: Путин ауру адам емес, оның нақты мақсаты бар. Және ол мақсат Ресейдің мүддесіне байланысты. Мейлі, жек көр, қарғап-сіле, «Путлер», «х...ло-дан» да сорақысын тауып айт, бүйтіп тек іштегі жынымызды шығарып жеңілдемесек, Путинге бәрібір, ол мұндайға керең. Және осы безбүйректігі, саясатта ар-ұят болмайды деп білетіні қарсыластарымен күресте оған жақсы нәтиже беріп келеді. Өзің ядролық қарудың иесі болсаң, нақты мүддең бар болса, оған кедергі жасайтын жауларың болса, ұятты қайтпексің? Ал онымен ұстасқан Батыс лидерлері гуманизм рухында тәрбиеленген. Осылайша жаны нәзік, адамсүйгіш қарсыластарын Путин аярлығымен ақымақ қылып отыр. Осының арқасында ол әлі бір рет те жеңілген жоқ. Сирияны қолдады, АҚШ Башар Асадқа ештеңе істей алмады. Баяғыда Ельциннің орнында болғанда Балқандағы жағдай қазір басқаша болар еді. Ресейдің ірі қалаларында халық Путинге наразы боп шеруге шығатын заман қалды, Украина оның абыройын арттырды – оны қолдайтындардың үлесі 87 пайызға жетті. Батыста бәрі сыйлайтын Горбачевтің өзі оны қолдап отыр. Ресейге қарсы жасалып жатқан шаралардан ештеңе өнбеуі де осы себепті. Өйткені орыстар үшін Путин – өзгелерді Ресеймен санасуға мәжбүр етуші, әлемдегі бұрынғы орнын қайтарушы. Санкция десеңіз, Ресей жұртын мұнымен қинай алмайсыз, ауыртпалыққа олар әбден көнген. Керісінше, сол санкцияларға Еуропаның өзі шыдамайды. Сондықтан қазір Батыс баспасөзінде «Донбасс пен Луганскіге автономия беру туралы сепаратистермен келіссөзге отыруға Киевті көндіру керек» деген талап айтыла бастады. Және солай болады да. Солай болатынын Путин білді. Бәрі соның жоспарымен, соның дегенімен болып жатыр. Екінші жағынан алғанда Путиннің мұндай саясат жүргізуге хақысы да бар. Иә, ол либерал да, демократ та емес. Бірақ ең жақсысы либерал-демократия екені қашан дәлелденіпті? Бәрінің шарықтайтын, дағдарысқа ұшырайтын кезі болады, жақсылығымен қатар, жаман да жағы бар.
Бізді осы жанжалға тартқысы келетін ниет туралы айттым. «Назарбаев Путиннің әлгі сөзіне жауап берді», «Путин Украинаға қатысты саясатын өзгертпесе, Қазақстан Кеден одағынан шығатын болыпты» деген сияқты әңгімелер, әлеуметтік желіде «Қазақстанның солтүстігін Ресейге қайтарамыз!» деген топтың құрылуы – осының шеңберіндегі әрекеттер. Екі адам отырып үшінші адамды сыртынан жамандай берсе, күндердің күнінде онымен ұрысып тынады. Сол сияқты біз де Ресейге тісімізді қайрап, дұшпандықты қоздыра берсек, оттың тұтануына тек ұшқын жетпейтін жағдай туындайды. Бұл мысалы, Ресейдің жауларына тиімді – жақын одақтастарымен араз қылып, жалғыздау үшін. Бұл Ресейге тиімді болуы мүмкін – тұтастығы жоқ ел билеуге жақсы – «бөлшекте де биле» саясатын солтүстік көрші бұрыннан қолданады. Екі жақтың бірін қолдау – біздің өзімізге ғана зиян. Бізге ең қымбаты не? Ресейге қарсы тұра аламыз ба? Бізді одан кім құтқарып алады? Бұл мәселелерді Нұрсұлтан Назарбаев айтып та жүр, іске асырып та келеді. Бұл жөнінен оның саясатының мықтылығына күмән болмауы тиіс. Сосын ең басты сұрақ «Біздің неге Украинаға жанымыз күюі тиіс?». Оның өз таңдаған жолы бар. Еуроодаққа қосылу үшін іске кірісерде аяғы осындай қантөгіске ұласуы мүмкін екенін олар білмеді емес, білді. Шығыс Украинадағы халықтың пиғылы мен Ресейдің қолында қандай мүмкіндіктер бар екенінен де хабардар. Сөйте тұра Ресеймен ашық конфронтацияға барды. Өйткені Украинаның айқын мақсаты бар, көресісін әлі талай көрер, бірақ нені құрбан етсе де соған ұмтылып бағады. Тіпті украин элитасында және елдің батысында «Бөлінсе, бөлінсін, олар бізді артқа сүйрейді, Донбасстан құтылмай, Еуропаға қосыла алмаймыз» дейтіндер жеткілікті. Ал біздің мақсат бөлек. Біз Ресейдің ықпалынан шыққанда баратын басқа жеріміз жоқ. Географиямыз солай.
«Путиннің Украинағы қатысты саясаты Ресейді орға жығып тынады» деген болжам бар. Бізде де айтылып жатыр. Ендеше, неменеге басымызды қатырамыз? Біздің де тілегеніміз осы емес пе, әлсіз Ресей емес пе? Жек көре бер. Бірақ оны айғайлап айтудың не керегі бар? Бетіне күліп қойып, өзіңе керектіні тыныш қана жасай бер – біздің жағдайымызда ең жақсысы осы. Бұлар бір-бірін тепкілей берсін, біз ақырын күтуіміз керек. Бұл оңбағандық болуы мүмкін. Бірақ ақыры қауіптенетініміз Путин екен, онымен аңдысып-тартысу үшін оның өзінен өткен оңбаған болудан басқа шара жоқ.
Ержан Абдраман
(ФБ-тегі жеке парақшасынан)
Жұлдыз
Радиосы