Путин Украинаға қарсы тағы бір атышулы жарлық шығарды

06 қазан 2022, 15:22

Президент Владимир Путин Украинаға тиесілі Запорожье облысындағы АЭС-ті Ресейдің меншігі ретінде тану туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап жазды.

Ресей билігі украиналық атом электор станциясын өзінің мүлкі деп тануды заңдастырмақ. Ресей бұл станцияны жеті ай бұрын басып алған. Ресей оккупациясында болған Запорожье атом электр станциясының украиндық қызметкерлеріне тағы қауіп төне бастады. Украинадан аннексиялап алған аумақтарда «референдум» өткізген соң, Ресей билігі станса мамандарын қол қоюға мәжбүрлей бастаған. Ресейдің «Росатомда» жұмыс істеуге көшу туралы құжаттарға қол қоймаса, Украинаға қарсы соғысуға жіберуі мүмкін екенін айтып қорқытқан. Путиннің жарлығында бірнеше күн бұрын құрылған «Запорожье атом электр станциясын пайдалану ұйымы» АҚ-ның «өз күшімен немесе басқа ұйымдардың қатысуымен» жұмыс істейтіні айтылған.

 

Сондай-ақ құжатта станция қызметкерлеріне 30 қыркүйекке дейін (Запорожье облысының Ресейге қосылуы туралы келісімге қол қойылған күн) берілген «жұмыс жүргізу құқығына рұқсаттар (лицензиялар)» өз күшін сақтайтыны да айтылған. Украиналық «Энергоатом» жауап беріп, АЭС Украина заңнамасына сәйкес Украинаның энергетикалық жүйесіне жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ олар президент Зеленскийдің жарлығын да еске алды, оған сәйкес Путиннің Украина аумақтарын аннексиялау туралы жарлықтары және оның кез келген басқа шешімдері, актілері мен шарттары жарамсыз деп танылды.

 

Украинаның аумағындағы бұл станция – Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы. Ол жер 4 наурыздан бастап ресейлік оккупацияда болды. Жаз ортасынан бастап тұрақты атқылау, шабуылдарға қарамастан станцияны әлі күнге дейін украиндық инженерлер ұстап тұр. Ресей билігі АЭС-тегі украиналық инженерлердің көзін құртуға бата алмай отыр, өйткені жаңа мамандарды дайындауға кемінде 8-10 жыл керек.