Ресей-Украина келіссөзі: қазірге дейін не белгілі?

28 ақпан 2022, 21:21

Беларусьтің Гомель облысында үш сағаттан аса уақыттан бері Ресей мен Украина арасында келіссөз жүріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

UNIAN агенттігінің мәліметінше, Украинадан келген делегация құрамында "Слуга народа" фракциясының төрағасы Давид Арахамия, Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резников, Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк, ТКГ-дағы Украина делегациясының басшысы Андрей Костин, халық депутаты Рустем Умеров және Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Николай Точицкий бар.

 

украина қорғаныс министрі Алексей Резников / REUTERS

 

Ресей делегациясында РФ-ның Беларусьтегі елшісі Борис Грызлов, депутат Леонид Слуцкий, РФ СІМ басшысының орынбасары Андрей Руденко, РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин бар. Делегация Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский басшылығымен келді.

 

РФ Мемумасының депутаты Леонид Слуцкий және Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский / REUTERS

 

Кездесу басталар алдында Беларусь СІМ басшысы Владимир Макей келіссөз қатысушыларына қауіпсіздік қамтамасыз етілгенін, кез келген мәселелер шешілетінін хабарлады.

 

 

Украина президентінің кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович украин делегациясы келіссөздерде барлық ресейлік әскерді, соның ішінде Қырым мен Донбассты шығаруды талап ететінін айтты. Бұл туралы "Страна.ua" украиналық агенттігі Telegram-арнасында хабарлады.

 

Мәскеу ресми түрде келіссөздер мен олардың мазмұнына түсініктеме бермеді. Газета.ru мәліметі бойынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге келіссөздердің мақсаттарын жария етпеді.

 

"Дегенмен, бұл келіссөздер тыныштықта өтуі керек. Біз бұл келіссөздер бір күн бұрын басталмағанына өкінеміз. Келіссөздер түнде басталуы керек еді, біздің делегация дайын болды, бірақ қарсы тарап қазір ғана келді. Тағы да қайталап өтейін, мен ештеңе жариялағым келмейді. Олар кейінірек бізге өздері хабарлайды", - деді ол.

 

Ресей-Украина келіссөзі / REUTERS

 

Израильдік Jerusalem Post басылымы мәліметінше, ресейлік кәсіпкер Роман Абрамович Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы келіссөздерді жеңілдету үшін Беларусьте жүр.

 

"Ресей-Израиль миллиардері Роман Абрамович Украинаның өтініші бойынша Беларусьте және соғысты тоқтату мақсатында Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге көмектеседі", - деп жазды газет.

 

Екі елдің келіссөздерін Еуроодақ, Қытай және Германия құптады.

 

Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей / REUTERS

 

Украинаның Жоғарғы Радасының Telegram-арнасында сағат 19.48-де (астана уақыты бойынша) келіссөздердің аяқталғаны туралы хабарлама тарады.

 

Ал РИА Новости дипломатиялық ортадағы дереккөзге сілтеме жасап келіссөздер әлі де жүріп жатқанын хабарлаған.