Украинадағы қазақ диаспорасы елшіліктен көмек сұрады

02 наурыз 2022, 18:46

Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев қазақстандықтарды эвакуациялауға қатысты жағдайды айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, Украинадан екі рейс келген, тағы бір рейс 3 наурызға жоспарланған.

 

"Air Astana растады. Қазір Польшада 74 адам бар. Сондай-ақ, Киевтен 41 қазақстандық мінген автобус келе жатыр. Львовта 40-тан астам адам. Барлығы 150-160 қазақстандық рейсті күтіп отыр", - деді ол.

 

Елші Харьковтан барлық қазақстандық студент кеткенін айтты. Оның айтуынша, алты баласы бар қазақстандық отбасы Одессадан шыға алмай отыр.

 

"Біріншіден, сырқат енесі бар. Екіншіден, құжаттары дұрыс емес. Елестетіп көріңізші, алты баласы бар. Ақшалай көмек бердік, сондай-ақ Аружан Саинға да жүгіндік. Отбасыға көмектесу үшін халықаралық қорлармен келіссөздер жүргізіп көруін өтіндік", - деді Дархан Кәлетаев.

 

Кәлетаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қазақ диаспорасын эвакуациялау мәселесі бар.

 

"Барлық жерде жарылыс. Диаспора өкілі телефон соғып, не істейтінін сұрап жатыр. Отандастарымыз ғой, қалай тастап кетеміз. Қазір маған диаспора басшысы Данияр келеді, оларда коменданттық сағаты енді ғана бітті. Бірге отырып сан және басқа да мәселелерді қараймыз", - деп бөлісті елші.