Асылы Осман: Уақыт ағымы өзгерсе де, адам болмысы мен ұлттық құндылықтар өзгермеуі тиіс

Асылы Осман: Уақыт ағымы өзгерсе де, адам болмысы мен ұлттық құндылықтар өзгермеуі тиіс

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік тілді дамыту қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Алматы облысының, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Асылы Осман ханым латын әліпбиіне көшуге қатысты ойларымен бөлісіп, осы идеяны қолдауға қатысты ұсыныстарын айтты. 

Биылғы жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше жыл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы баршамызға айқын бағдаршам іспетті.
Әрбір қоғамдық ой өз дәуірінде ғана туады. Уақыт ағымы өзгерсе де, адам болмысы мен ұлттық құндылықтар өзгермеуі тиіс. Сол ұлттық құндылықтарды жеткізетін – тіл. Ол – ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Ал тілді жазбаша жазып таңбалайтын – әліпби.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында бүгінгі ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызға ие, ұлы көшке бастар тағы бір игі бастаманы қолға алуды ұсынып отыр. Ол – латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы. Елбасы бұл туралы көптен бері айтып келеді, дегенмен, дәл осы жолы қоғамның алдына латын әліпбиіне көшуді маңызды міндет ретінде қойып, оған көшу үшін өте маңызды іс-шаралар мен ұлт үшін маңызды қадам¬дарға батыл қадам жасауды тапсырды. Қазіргі кезде өз ұлтының тағдырына жаны ашитын, елім дейтін, әсіресе, ұлтының ана тіліне, мемлекеттік тілге, осы тіл арқылы ертеңге ұмтылып отырған қазақ халқының тағдырына алаңдайтын ел азаматтары өз ойларын ортаға салып, пікір-ұсыныстарын білдіріп жатқан тұста жайбарақат жату «қазағым барда, мен бармын» деп жүрген менің де жанымды жай таптырмады.
Ең бірінші мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегіне кеңірек тоқталғым келеді. Бұл мақаланы оқып шыққан санасы бар кез-келген адамның өліп жатқан рухы тіріліп, мен қазақпын деп атойлап атып тұратындығына мен кәміл сенемін. Алты бағыттан тұратын бұл дүние, әрине, осыдан бұрынырақ, экономикалық мәселелермен қатар жүргені дұрыс болар еді дегендерді де құлағымыз шалып жүр. Бірақ, аш болған адамның рухани қазынаға мән бермейтіндігін ескерген Елбасы халқының экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсарып, жоғалғанын енді түгендей бастаған тұсында көптің көкейіндегісін тамыршыдай дөп басып, бұл бағдарла¬малық мақаланың жариялануы, Ұлы таудың баурайында ата-бабаларымыздың рухына тәу ете тұрып халқына Көктүрік¬тің ұлы рухымен сөз арнауы кө¬регендік, елінің ертеңін болжай білгендігі деп бағалаймын. Шынында солай.
Шүкір, қазір Қазақстан халқының жағдайы жақсы. Озық отыз елдің қатарына ілігеміз деген ұлы мұратына халық тек эко¬номикалық игілікпен ғана қол жеткізбейді. Озық мәдениеті мен толағай толымды тарихымен халқының жанымен, рухымен мәңгі бірге жасайтын тілімен, яғни, рухани құндылықтарымен де қол жеткізуі керек. Осы тұста Елбасы дүйім дүниеге қазақ тілі¬нің үнін жеткізер қаріп – латын екендігіне көз жеткізді.
Бүгінгі латын әліпбиін таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни, басты мәселе қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Ол – ұлт мұраты мен міндетіне қызмет ететіндей болу. Айдос Сарым: «Бүгінгі латынға көшу отарлық қалыптан шығу, отарсыздану үшін қолға алынып жатыр», – деп орынды ой айтса, сондай-ақ, ең негізгі Елбасы айтқандай, «әлем көшінен қалмай ілгерілеу».
Иә, біз латын әліпбиі арқылы алты алаштың тілін алты құрлыққа танытуға ұмтылып отырмыз. Біз осыны бағалай білейік. Үштілділік тұғырнаманың түп тамырында да осы латынға деген бетбұрыс жатқандығын санасы бар жұрт түсінер. Әйтсе де, латын әліпбиі дегенде жұрттың пікірінің екіге жарылып тұрғандығын да мойындауымыз керек. Тіпті, алаш қайрат¬кері, ұлы ағартушы, қазақтың тұңғыш әліппесін құрастырған Ахаң, Ахмет Байтұрсыновтың латын қарпіне көшуге қарсы болғандығын алдыға тартып, соны қару етіп кезеніп отырғандар да бар. Осы мақаласында Елбасы бірінші етіп сананы алға тартты. Ұлттық тәрбиені қолға алу керектігін айтты. Ондағысы ұлттық тәрбие жастардың санасына сәуле түсіріп, ойын ұлтына бұрады деген үміті еді.
Дана қазағым «қора толған қой бер, бесік толған бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең ала бер» деген қатаң пәлсапасын ойымызға алсақ, санамыз түзел¬мей еш нәтижеге қол жеткізбей¬тіндігіміз, санамызды ашпай ұлттық мүдделерімізге жанымыздың аши қоймайтындығы белгілі, ал екінші міндет прагматизм, яғни, кешегі мен бүгінді салыстырып, бағамдай білу дегенді меңзеп отыр. Міне, осы тұста біз латын әліпбиін қолдану арқылы кешегі тарихымызбен қайта қауышып, оны қазіргі кезеңмен салыстырып бағалай білуге, өткен тарихымызбен қауышуымызға мүмкіндік аламыз.
«Әліпби – тек графикалық сызба емес. Ол күллі бір жұртшылықтың даму траек¬ториясына әсер ететін құрал». Сыртқы фор¬масымен өлшесек, латын қарпі – ғаламдық қауымдастыққа интеграцияланудың алтын көпірі. Көшудегі артықшылықтары мен ауыртпашылықтары туралы ашық та кең түрде қозғауымыз керек-ақ.
Қазақтың әліпбиі де ұлтының тағдыры секілді талай тарихи кезеңдерді басынан өткергендігін білеміз. Алдымен арабша, 1929 жылы латын, одан кейін жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылда¬рының басынан бастап, күні бүгінге дейін көп дүниемізді кері тартпа мүддемен түзген кириллицаны қолданып келеміз. Бұл қаріп бізді көштен қалдырған жоқ, дегенмен, ұлттың ұлы тарихын, ұлтымыздың бүгінгі ұлы мұратын әлемге танытуда аяққа тұсау болып отырғандығын жасырмауымыз керек. Олай болса, біз неден аяқ тартуымыз қажет. Жоқ, еш нәрседен тайсалмай латын әліпбиіне көшуді ел дамуының ең басты мүддесі ретінде қарастырып, оған ұлт болып тұтасып кірісуіміз қажет.
Орыстілділерді, орыс мектебінің тағ¬дырын қайтеміз деп те алаңдамауымыз керек. Тіпті, күллі мұсылман әлемін араб тілімен билеп келген Осман империясының өзіне латын әліпбиіне көшу оңайға соққан жоқ. Оған қарағанда дәл қазір латынға көшуге қажетті алғы шарттардың барлығы қолымызда тұр. Балаларымыз ағылшын тілін біледі. Ал ағылшын тілін меңгерген ұрпаққа латын әліпбиін меңгеру еш қиындық туғызбайды. Қазіргі байбалам әншейінде сыныққа сылтау іздеп жүре¬тіндердің қалыптасып қалған дағдылары деп қарауымыз керек. Бір мемлекетте тұрып, екі түрлі қаріп ұстану жақсылық әкеле қоймайды. Дәл осылай істейтін болсақ, біздің қазірдің өзінде тілін оңдырмай жүрген талай қазағымыз сол баяғы жартастың қалқасында қалып қояды. Бұл болашақ ұрпақтың мәңгүрттеніп, өз ұлтының ұлы мұратынан алыстауына, тарихынан шет қалуына ұрындырады. Қазірдің өзінде ондайлардың саны аз емес. Тіпті, өзгелерді айтпа¬ғанда, қазақтың классик жазушыларының балалары өз әкелерінің шығармаларын қазақ тілінде оқи алмай отырған жоқ па?
Латын әліпбиіне көшу дегенді қиынсынып жүргендерге айтарым, біз еш қиындыққа тап болмаймыз, бар болғаны қазақ әріптерін латын әріптерімен таңбалаймыз. Бұл таңбалау қазақ тілінің бірде-бір әрпіне, буынына, әуезді үніне кері ықпалын тигізбейді, керісінше қазіргі кезде бағы ашылмай жүрген кейбір сөздеріміздің бағы ашылып, дүйім дүниеге өз әуезімен жететін болады. Латынға көшсек, өзгелер біздің Оспан деген әкеміздің атын Аспан дей алмайтын болады ағайын. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлем көшіне қазақ болып ілігеміз. Алашты әлемге асқақтатады. Олай болса, кері тартпай алға ұмтылайық. Бұл бір күнде бір жылда шеше салатын оңай дүние емес. Тек ықыласымыз, ниетіміз оң болсын. Елбасының бір елде бір қаріп болу керек деген мақсатын қолдайық. Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың жаңа тағдыры үшін қажет. Латын әліпбиі қазақ елін жаңа кезеңдегі жаңа көшке бастар керуенбасы.
Иә, мен әліпбиді ауыстыруды өте орынды деп есептеймін. Қазақ әліпбиі кириллицаға тәуелділіктен арылар еді. Қазақ әліпбиінің кириллицаға тәуелді болуы қазақ халқының ұлттық рухының қайта түлеп, жаңғыруына жол бермейді. Ағайын, шын мәнінде ұлтымыздың рухани баюына себін тигізетін, ұлттың келешегін кемелден¬діретін, әлем көшіне ілестіретін жақ¬сылықты жатсынбайық. Әлемдегі халықтардың басып өткен даму жолдарын сараптайық та, ұлттық мемле¬кеттік идеяны бетке алып, отарландыру саясатының ықпалының сарқыншағынан арылуды ойлайық.
Қазақтың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани тәжірибесін жоғалтпай, жаңғыртқымыз келсе, бұл мәселеге терең бойлап, толымды ой қозғап, құнды пікір¬лерге ғылыми сараптама жасап, сөйлеу, сөз құрастыру үндестіктерін, қалыптасқан психологиялық ерекшелігін ескеріп, қазақ әліпбиін бүгінгі қоғам талабына орайластырғанымыз орынды. Бұл қадамның халқымыздың келешектегі біртұтас¬тығына, тілдің табиғи дамуына септігін тигізері хақ.
Ұлттың келешегін ойлайық, ағайын! Бұл – уақыт талабы. Ұрпақ – болашақ тұтқасы. Әр жылдың әрі бар, өшпес ізі бар, қалдырған өнегесі бар, сөнбес оты бар, таңбасы мен тағылымдық жалғасы бар. 2017 жылдың ЭКСПО сынды абыройлы істері жалғасын тапсын!

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста