1) Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі деп нені айтар едіңіз? 2) Алдағы уақытта бірінші кезекте шешілуі тиіс қандай мәселе деп ойлайсыз?

16 желтоқсан 2011, 12:30


Асқар СЫРҒАБАЕВ, экономист ғалым:
1) Тәуелсіздікке қол жеткізу бізге оңайға түскен жоқ. Одан беріде Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, оны ұстап тұру, мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, халықтың әл-ауқатын көтеру – оңай шаруа емес. Сондықтан біздің 20 жыл ішіндегі басты жетістігі­міз осы жылдар ішінде егемен ел ретінде аяғымыздан тік тұрып, экономикамызды тіктеп алғанымыз деп ойлаймын.
2) Біз қазір мемлекет ретінде қалыптасқанымызды дәлелде­дік. Ендігі жерде халықтың әлеуметтік жағдайының көтеріліп, әл-ауқатының жақсаруы үшін жұмыс істеуіміз керек. Өйткені елдің ертеңіне халық сенгенде ғана біз мықты мемлекетке айналамыз. Мемлекеттің басты байлығы халық екенін ескере отырып, халықтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеу алдағы уақыттағы алғашқы кезекте атқарылар істің ең бастысы дер едім.

Тасбай СИМАМБАЕВ, Сенат депутаты:
1) Ең басты жетістігіміз әлем елдері арасында өзімізді егеменді ел ретінде жан-жақты танытуымыз деп білемін! Қазіргі таңда жас та болса қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанды әлем елдері жақсы таниды. Қазақстанның эко­но­микасы еліміздің дамуы жөнінен көзге түссе, мәде­ние­тін халықаралық дәре­жеде мойындатып жүрген таланттылар баршы­лық. Ал саясат саласында Елбасы­ның ұстанған бағытын талай дамыған ел мойындап, үлгі етуде. Бұл – біз­дің мемлекет қалыптастыру кезеңінде дұрыс бағытты ұстанып келе жатқаны­мыз­дың айғағы. Қа­зіргі таңда бірқатар елдің Қазақстанмен дипло­ма­тиялық тең дәрежеде саяси, мәдени, экономикалық, ғылыми байланыстарда жұмыс істеуге талпынуы – Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде мойындалғанының белгі­сі.
2) Ал алдағы уақытта шешілуі тиіс ең басты мәселе – демократия. Қазірдің өзін­де мұның алғышарттары жасалып жатыр. Мәселен, көппартия­лы мемлекет құ­ру, қоғамдағы азаматтардың белсенділігін арттыру арқылы еліміздегі демо­кра­тия­ны дамыту – басты мәселе.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙ, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитеті­нің төрағасы, филология ғылымы­ның докторы, профессор:
1) Тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктеріміз өте көп. Соның ішіндегі ең басты жетістігіміз – мәдени мұралар мен ұлт ретіндегі тарихымызды жаңғыртуға қол жеткізуіміз, қалпына келтіруіміз. Сондай-ақ ұлттық тіліміздің мемле­кеттік мәртебеге ие болуы – мен үшін өте үлкен жетістік. Мем­лекетімізді өз тілімізде басқарып, ғылым мен білім саласының қазақ тілінде өркендеуі ұлт үшін үлкен мақта­ныш болуы тиіс. 
2) Еліміздің қай саласында болсын ең бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер әлі де болса жеткілікті. Соның ішінде қазақ тілінің терминологиялық тұрғыдан сөздік қорының көбейіп, өмірлік қолданысын кеңейту басты мақсатымыз болуы тиіс. Тағы бір айта кетер жайт, осынау ұлан-байтақ жерге ие болып, Тәуелсіз еліміздің тұғыры мықты болуы үшін демографиялық жағдайымызды жақсартуға тырысуымыз қажет. Осы бағытта мемлекеттің басты мақсаттарының бірі халық санын ұлғайту болуы керек деп ойлаймын.