Сауалнама

Сіз Тәуелсіздік жарияланған күнді қалай қабылдадыңыз?



Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

– 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы күні еліміз өз Тәуелсіз­дігін жариялаған кезде мен Ақтөбе педагогикалық университе­тін­де ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметін атқарып жүрдім. Ресей сол жылы өз егемендігін маусым айында бәрі­нен бұрын жариялап қойған еді. Сонда, шыны керек, кеңестік за­ман­­ның тәрбиесін көргеннен болар, көптеген адамның сана­сын­­да «осы біз қалай бөлек мемлекет боламыз?» деген бір күдік пайда болды. Әрине, біз бәріміз бұл күнді күттік. Бірақ сол кездегі «менталитетке» байланысты еліміздің бас мерекесін өз деңгейінде атап өте алмадық. Мен өзім педагог болған­дықтан, бүгінгі жас ұрпаққа тәуелсіздік және тәуелділік деген сөздердің мағы­насын барынша түсіндіріп келемін. Себебі Тәуелсіздік алу бар да, Тәуелсіздікке қол жеткізудің мағынасы мүлдем басқа. Бүгінде біз Тәуелсіздік алсақ та, нағыз Тәуелсіз­дік­ке қол жеткізе алмай келеміз. Оның астарында «тіл тәуелсіз­дігі» және «рухани тәуел­сіздік» сияқты қастерлі ұғымдар бар.



Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, түркітанушы ғалым:

– Еліміз Тәуелсіздік жариялаған кезде мен бүгінгі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің әде­биет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. Өзім қазақ халқының шығу тегін зерттеп, тарихпен етене айналысып жүрдім. Содан оқыған-тоқығаным бар болғаннан кейін, күндердің күнінде ол кездегі жүйенің құлайтынын білген едім. Бірақ кеңестер үкіметі осыншама тез ыдырап, Қазақстан бірден өз Тәуелсіздігін алып кетеді деген ой болған да жоқ. Осы жолда жанын қиған, қанын төккен, азап көріп, қорлық-зорлық­қа көнген біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап кеткен Тәуелсіздіктің осындай тез бола қалуы естен тандырар­лық­тай жаңалық болды. Әрине, біздің қуанышымызда шек болмады. Негізі, түркі халықтарының ең басты байлығы, баға жетпес қазынасы еркіндік болған ғой. Мінеки, биыл Тәуелсіздік­тің 20 жылдығын атап өтіп отырмыз. Құдайға шүкір, осы Тәуел­сіз­діктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз ұшан-теңіз.



Алдан СМАЙЫЛ, ғалым, жазушы:

– Ел Тәуелсіздігі жарияланған кезде мен Целиноград облысының «Тіл және мәде­ниет» атты қазақ қоғамының төрағасы әрі осы бірлестік­тің жанынан шыққан «Қа­ра­өткел» облыстық газетінің бас редакторы болдым. Енді ол кезде Целиноградтың Тәуелсіздікті тойлайтын ойы да болған жоқ қой: баяғы тың өлкесінің орталығы болып қалған, сол себепті жергілікті тұрғындар, әсіресе өзге ұлт өкілдері Тәуелсіздік алғаны­мызға қарсы болды. Өйткені Ресейдің қарамағынан Қазақстанның бөлініп шы­ғуы, жалпы империяның құлдырап кетуі ол­арға ұнаған жоқ. Оны ашық айту қажет. Оған қоса, біздің де кейбір ағайындарымыз Тәуелсіздіктің не екенін түсінген жоқ сол кезде. Оны жатырқаған адамдар да болды. Тәуелсіздікті аңсаған азаматтар да аз бол­ған жоқ. Сонда кейбір әжелеріміздің аңы­рап тұрып жылап жатқанын да көрдік. Артынан білсек, ол кісілер талай қыспақтан өткен. Олар өмір бақи Тәуелсіздік­ті аңсаған, тіпті соңғы кезде одан күдерін де үзген екен.




Көрілген: 3165    Пікірлер: 0

жұма, 16.12.2011, 12:41

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31