Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, спорт ардагері:
– Тәуелсіз ел атанған бүгінгі кезіміз бен бұған дейінгі Кеңес одағының құрамында болған кезеңді бір-бірімен еш салыстыруға келмейді. Тәуелсіз ел атанғанға дейін ұлт ретінде көп нәрседен шектеу көрдік. Менің өз басымнан өтті ғой. Үлкен спорттық додаларға қанша басым болып тұрсаң да, алдымен орыс ұлтының өкілі баратын. Мәселен, Аманжол Бұғыбаев, Әбілсейіт Айқанов секілді бауырларымыз спортта жақсы нәтиже көрсетіп, екі дүркін Кеңес одағының чемпионы болғанымен, үлкен халықаралық додаларға қазақ болғаны үшін апармады. Алғаш рет қазақ жастарының арасынан Серік Қонақбаев екеуміз ғана Мәскеу Олимпиадасына бардық. Одан кейінгі спорттық додаларға мүмкіндігім болып тұрса да, апармады. Ал бүгінде жақсы нәтиже көрсетсең, жол ашық. Мен бүгінгі спортта жүрген қазақ жастарын бақытты жастар дер едім. Бүгінде еліміз талантты жастарды өздері киіндіріп, жол-пұлын көтеріп, Олимпиадаға апарады. Келген соң да батырға лайық сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Кеңес одағының кезіндегідей ұлтына байланысты алалау жоқ. Мен елімнің спорт саласындағы жетістігін өзімнің жетістігім деп білемін. Тәуелсіздік еліміздің спорт саласына тәуелсіз көзқарас, еркіндік әкелді. Тіпті чемпион атанып, тұғырда өз еліңнің Әнұранын тыңдап, Туының желбіреп тұрғаны, өзіңнің сол тәуелсіз елдің азаматы екеніңді сезініп тұрудың өзі – үлкен бақыт.
Құрманғали АШАНҰЛЫ, жеке кәсіпкер:
– Тәуелсіздіктің елімізге, ұлтымызға, жалпы әрбір азаматымызға бергені өлшеусіз. Тәуелсіздік алғалы бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатырмын. Кеңес одағы кезінде барлық нәрсеге қадағалау бар болатын. Ал тәуелсіз елімізде бар нәрсемен айналысуға мүмкіндік бар. Кәсібіңді ашамын десең, қолдау бар. Тіпті қадағалаушы органдар кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтірмесін деп мораторий жарияланды. Соның арқасында біраз кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп, ойлағанын іске асыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ бір кездері қолдан тұншықтырылған ана тіліміздің қайтадан қанатын кең жайып, қазақ тілді балабақшалар мен мектептердің көптеп ашылып жатқаны мені қуантады. Бұрын қоғамда цензура болатын. Мәскеуден, партиядан қорқатынбыз. Қазір кез келген азаматтың өз ойын білдіруіне мүмкіндігі бар. Мұның барлығы Тәуелсіздікке қол жеткізіп, дұрыс жолда дамып келе жатқан еліміздің арқасы деп білемін.
Бағдат СӘМЕДИНОВА, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi, «Құрмет» орденiнiң иегерi, әншi:
– Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ең алдымен еркіндікке қолымыз жетті. Бұрын Үкіметтен ғана айлық алып, еркін жұмыс істеп, шығармашылығыңмен айналысуға мүмкіндік жоқ болатын. Айына қаншама жоспарланған концерт беріп, айлыққа ғана қол жеткізетінбіз. Қазір қалаған уақытында концерт беріп, тойға да шығып, өнер адамдары қалауынша жұмыс істеп жатыр. Өнер адамдарының жағдайы Кеңес одағы кезімен салыстырғанда бүгінде әлдеқайда тәуір. Бәрінің астында – бір-бір машина, клиптерін түсіріп жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, Тәуелсіздік маған шығармашылық адамы ретінде еркіндік әкелді деп айта аламын.
Тәуелсіздік сізге не берді?
15 желтоқсан 2012, 12:34
