40 жастан кейін босану қауіпті ме - дәрігер жауабы

09 наурыз 2022, 10:27

Осы жаста бұған дейін болған аурулардың салдары біліне бастайды

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қырғызстан акушер-гинекологтар және неонатологтар қауымдастығының президенті Арсен Әскеров Sputnik Қырғызстан радиосына баланы кеш туу, босануға дайындық және әйелдердің репродуктивті денсаулығы туралы айтып берді.

"Бірінші рет босану үшін ең қолайлы уақыт - 20-23 жас. Бірақ бүгінде түрлі себептерге байланысты әйелдер тұрмысқа кеш шығып жатыр. Сондай-ақ, бір немесе екі баласы бар көптеген отбасы 40-тан асқан соң тағы бір баланы дүниеге әкелу туралы ойлана бастайды. Кеш босануға жақсы дайындалу керек", - деп атап өтті Әскеров.

Оның айтуынша, жасы қырықтан асқан болашақ ана толық медициналық тексеруден, витамин және гормоналды курстан өтуі керек.

"Балалы болар кезде тексеруден тек әйелге ғана емес, ер адамға да өту қажет. Өйткені осы жаста бұған дейін болған аурулардың салдары біліне бастайды. Гормон фоны өзгереді және сперматогенездің белсенділігі төмендейді. Сондықтан екі ата-ана да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек", - деді дәрігер.

Сондай-ақ, ол жүктілік кезеңі, босану және балаға күтім жасауға ерекше назар аударудың маңыздылығына тоқталды. 40+ жасында ағзадағы болмашы өзгеріс, мәселен, дәрі ішу баланың денсаулығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бұған қоса, босану жастарға қарағанда біршама қиын.

Оның айтуынша, ата-анасы кеш жоспарлаған балалар өте ақылды болатыны рас. Бірақ бұл ата-анасының жасына емес, балаға көп көңіл мен уақыт бөлетініне байланысты болуы мүмкін.