27 өндірушінің дәрілік заттары GMP стандартына сәйкес келеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жылы фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемі 820 млрд теңгені құрағанын атап өткен жөн. Мұнда жергілікті фармацевтикалық нарықтағы отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесіне 198,8 млрд теңге келеді. Бұл 24 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 89 өндірушісі жұмыс істейді», - деді министр «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері жайында баяндай келе.
Оның айтуынша, отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетігі - 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу. Бірыңғай дистрибьютор 92 ұзақ мерзімді шарт жасады.
«Дәрілік заттардың 33 өндірісінің 27 өндірушісі GMP стандартына сәйкес келеді. Бұл ретте отандық ірі өндірушіоер дәрілік заттарын шетелге экспорттай алады. Елімізде дәрілік заттар бойынша 3 сынақ зертханасы жұмыс істейді», - деді Ажар Ғиният.