Әлем «Гиппократтың антынан» не үшін бас тартты?

Әлем «Гиппократтың антынан» не үшін бас тартты?

Басқа-басқа, осы жұрт «Гиппократ антын» жақсы біледі. «Біледі» дегенмізбен, шын мәнінде сол анттың мәтіні қандай, онда нақты не туралы айтылғанынан көпшіліктің хабары жоқ.

Бірақ, қоғамда «осы антты берген кез-келген дәрігер әр пациентінің денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарап, оны емдеу үшін барын салатынына, өзін, отбасын ұмытып, күндіз-түні пациенттің жанынан шықпауға серт береді» деген де түсінік қалыптасқанын жоққа шығармаймыз. «Өлсін, тірілсін, науқас адамды емдеп шығуға міндетті», «Ол Гиппократ антын қабылдады ғой!» деген пікірлерді жиі естуге тура келеді. Ал медицина қызметкері қандай-да кемшілік жіберіп, әлде құылмыстық әрекетке барса «Гиппократ антын бұзған оңбаған» деп сөге бастайді жұрт.

Көпшілік сол Гиппократты құдды бір әулие ретінде көреді десек артық айтпас едік. Қазіргінің ақ халатты абзал жандары иппократтың 2500 мыңдай жыл бұрын берген антын айна-қатесіз қайталайды деп те ойлайтыны рас. Ал әсілінде «Гиппократтың анты» туралы шындықпен қатар миф-аңыздар да көп екенін ескеру керек. Ол ол ма, базбір елдер бүгінгі таңда Гиппократ антынан бас тартуда. Неге?

«Анттың авторы кім?»

Әуелі тарихқа көз жүгіртейік. Гиппократтың Көне Грекия заманында өмір сүргені рас болғанымен, оның әйгілі антының нақты мәтіні жоқ. Тіпті бірқатар тарихшылар «ол анттың авторы Гиппократ емес, содан кейінгі ғасырлардағы дәрігерлер» деген уәжін алға тартады. Гиппократтың анты келтірілген көне жазбалар болғанымен, шынында да оның нақты қай жылы қайда жазылғанын тексеру қазір мүмкін емес қой. Тарихи деректерге сенсек, ол кісі біздің дәуірге дейінгі 377 жылы қайтыс болыпты. Соңынан бірталай еңбектері қалса да, қайсысы Гиппократқа тиесілі екенін нақты анықтау мүмкін емес. Мәселен, Гален «Гиппократтың еңбегі» деп аталатын 72 туындының тек 11-ін мойындайды. Галердің пікірінше олардың саны 18, ал Ковнер тек 8-і Гиппократтың еңбегі ретінде қабылдайды екен. Ал қалған жазбалар оның дәрігер ұлдары Фессал мен Драконның, күйеу баласы Полибтің шығармалары екен. Енді осылардың арасында анттың авторын анықтап көріңіз. Қазіргі таңдағы әлемде ең көп таралған анттың нұсқасы Женевада 1848 жылы жарық көрген екен. Оның өзінде түпнұсқа мәтін жырымдалып берілген көрінеді.

Мұны бір деңіз. Екіншіден, мамандар Гиппократ антының мәтініне терең үңіліп көруге кеңес береді. Сіз де назар аударыңыз, құрметті оқырман:

«Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигия мен Панацеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін: өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма, ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттеріме хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режимін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын. Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін, әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін; тап осылай әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде де, өнерде де таза әрі адал боламын. Тас ауруымен сырқаттанғандардың денесін ешқашан кеспеймін, мұны осы іспен айналысатын кісілерге тапсырамын. Қайсы үйге кірсем де аурудың қамын ойлаймын, әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе әйелдер мен еркектер, азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын. Емдеу кезінде, сондай-ақ емдемеген кезде де, адам өмірінің ішіндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе есіткенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын.

Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; Жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын».

Байқасаңыз, мұнда Гиппократ «науқасты емдеу шығу үшін жан пида» деп отырған жоқ. Мұнда негізінен ұстаздары, әріптестері мен шәкірттерінің алдындағы міндеттемелері, дәрігерлік құпия мен ешкімге зиян келтірмеу жайлы, сонымен қатар түсік жасауға, эвтаназияға қарсылығы жөнінде айтылған. Ал қоғамның езгісіне төзу, тегін жұмыс істеудің қажеттілігі жайлы бір ауыз сөз жоқ. Жалпы, Гиппократтың дәуірінде Көне Грекияда коммерциялық медицина мейлінше дамыған. Дәрігерлердің басым бөлігі қызметтері үшін ақы алатын. Медициналық гонорардың көлемі әжептеуір болатын. Гиппократтың өзі де шәкірттеріне пациенттерден ақы алуды өсиет еткен. Тек науқастың жағдайына қарап, кейде тегін емдеп тұру қажеттігін де атап өткен.

Үшіншіден, базбір зерттеушілердің пікірінше, Гиппократтың өзі осы антты бұзған көрінеді. Бір аңыз бойынша, күндердің күні Гиппократқа қатты науқастанған Анахерсит есімді бір адам келеді. Гиппократ оған қандай ем бере алатынын ойланып тұрып, туыстарынан «ем-дом үшін төлейтін ақшаларың бар ма?» деп сұрапты. Олар «қаражатымыз жоқ» деп күрсінеді. Сонда Гиппократ «олай болса, науқасты қинап неміз бар, оған у берейік, қиналмастан өлсін» деген көрінеді. Әрине, бұл аңыз. Бірақ, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдай ма?

Ант – қылбұрау ма?

Ресейлік хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор О.Бобров «Гиппократтың анты» жайлы былай дегені бар: «Гиппократтың сертін қабылдаған соң дәрігердің мойнына «стетоскоп» күйіндегі қылбұрау түседі, ал оның жеке өміріне үлкен қызыл крест қойылады». Бобровтың айтуынша, қоғам Гиппократ жайлы мифты ойдан құрастырып, оның бастапқыда шындыққа жанасатыны, не жанаспайтынын дұрыстап тексерместен, сол мифке кәміл сенді. Осы жалған идеяны догма ретінде ұстанды. Осы мифке сәйкес, дәрігер – адал ниетті, риясыз қызмет етуші, бұл дүниенің қызықтарын тәрк еткен кіршіксіз таза, тіпті монахқа ұқсаған жан екен. «Ал сол медицина қызметкері өзінің қамын жасап, қоғамдағы жағдайын өзгертуге қандай-да әрекет жасамақ болғанда, жұрт «Ант бердің емес пе, енді шыда!» деп зекіп тастайды. Ал бірақ, дәл сол антты кім беріпті? Қазіргі заманның қай дәрігері «Гиппократтың антын» дәл сол бастапқы түпнұсқада қабылдаған екен? Ал қоғамдағы тәртіпті жіті қадағалаушы белсенділердің қайсысы соны оқыпты? Онда не жазылғанын біледі ме екен?», деп күйінетіні бар сол Бобровтың.

Әрине, социалистік заманнан нарықтық қатынастарға көшкен соң дәрігерлік қызметке деген де көзқарас өзгеріп келеді. Медицинада мол табыс табуға болатынын қазіргі таңда қаптаған жекеменшік клиникалар дәлелдеп-ақ жатыр. Қандай да медициналық диагностика, ота жасаудың коммерциялық бағасы аспандап тұр. Бұл ретте американдық медицинаның басты ұранын да еске алайық: «Адам үшін ең қымбат тауар – оның денсаулығы екені рас болса, соған сәйкес құнын да төлеуге тиіс» деген қағиданы берік ұстанған АҚШ-тағы кез-келген медициналық манипуляция біздегіден не үшін 10, тіпті 100 есе қымбат болып шыға келетіні түсінікті.

Дегенмен, дәрігердің жауапкершілігі мәселесі де күн тәртібінен түспей тұрған өзекті тақырып қой. Бұл ретте Гиппократ антының бұгінгі жай-күйі қандай екеніне тоқталып өтейік.

Жалпы, «Гиппократ анты» делінгенімен, оның қазіргі таңдағы мәтіні айтарлықтай деформацияға ұшыраған. Әйтеуір, ежелгі заманда айтылған анттағы көпқұдайшылық мәселесін атап өту керек. Құдайға шүкір дейік, ешкім де «Аполлон дәрігердің, Асклепий, Гигиел мен Панацеяның атымен ант етемін», деп қазіргілер көпқұдайшылыққа салынып жатпайды.

Гиппократ терроршыларға жәрдем берер ма еді?

Соншама ғасыр бойы айтылып келген Гиппократтың анты 21-ғасырда сыр берді. Әлгінде айтқанымыздай, кейінгі заманда «Гиппократтың анты» тек жалпылама атауға айналды. КСРО тұсында «Кеңестік дәрігердің анты» деген болатын. Ол осыдан 46 жыл бұрын бір топ дәрігерлердің шешімімен бекітілді. Әдепкі Гиппократ антынан айырмашылығы – онда дәрігерлердің коммунистік мораль қағидаттарына сай жұмыс істеуі де қарастырылған. Солай болса да жалпақ тілде «Гиппократтың анты» деп айтылып жүре берді. 1999 жылы Ресей заңнамасымен Ресейлік дәрігердің анты қабылданды. Көп ұзамай бұл тәжірибеге Қазақстан да көшіп, 2003 жылы «Қазақстан Республикасының дәрiгерi антының мәтiнiн бекiту туралы» Үкіметтің қаулысы шықты. Кәдуілгі «Гиппократ антымен» салыстырғанда, «қазақстандық» ерекшеліктері бар.

«Дәрiгер деген биiк дәрежелi атаққа ие бола отырып, өз ұстаздарым мен әрiптестерiмнiң алдында өзiмнiң барлық күш-жiгерiмдi адамдардың денсаулығын сақтауға арнай отырып дәрiгерлiк ұлы iске адал және жанқиярлықпен қызмет етуге салтанатты түрде ант етемiн.

Өз қызметiмде адам денсаулығы жоғары құндылық болып табылатындықтан, емделушiлерiмнiң мүдделерiн ғана басшылыққа алуға ант етемiн. Олардың жасына, жынысына, ұлтына, дiнiне, әлеуметтiк жағдайына және азаматтығына қарамастан көмектi қажет еткен әрбiр адамға бiрдей ынтамен және төзiммен медициналық көмек көрсетуге ант етемiн.

Дәрiгерлiк құпияны сақтауға және оны ешқашан пайдакүнемдiк мақсатта пайдаланбауға ант етемiн.

Өз бiлiмiм мен шеберлiгiмдi үнемi жетiлдiрiп отыруға, өзiме және шәкiрттерiме талапшыл болуға, риясыз жәрдем беруден ешқашан бас тартпауға және егер емделушiнiң мүддесiне қажет болса, әрiптестерiмнен кеңес алуға ант етемiн.

Қазақстан медицинасының игi дәстүрiн сақтауға және жалғастыруға, менi дәрiгерлiк өнерге үйреткен ұстаздарыма алғысым мен сый-құрметiмдi сақтауға ант етемiн».

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдері Гиппократтың антынан бас тартты. Мәселен, 2000-шы жылдардың басында американдық және еуропалық дәрігерлер ақылдаса келе, өзара жаңа кодекс қабылдады. Жаңа құжат авторларының пайымдауынша, 2500 жыл бұрын грек дәрігері ұсынған мәтін бүгінгі заманның ерекшеліктерін ескермейді. Мәселен, пациенттердің өз бетінше таңдау жасау құқығы, командада жұмыс атқару, өзге мамандарға деген құрмет секілді тақырыптар Гиппократтың заманында қарастырылмаған екен. Оның үстіне, ол дәуірде дәрігерлерге күдіктене қарап, жөн-жосықсыз айып таға беретін қоғам, билік және журналистер атымен болмаған. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша, сондықтан дәрігерлер өздерінің позициясын бірлесе отырып қорғауға мәжбүр. Командалық жұмыс мәселесіне қатысты да Гиппократқа тағылатын айып бар. Кейбір тарихшылардың пікірінше, Гиппократ дәрігерлер арасындағы бәсекелестікті жек көрген. Оның дәлелі ретінде анттағы «оқу үстінде айтар ақылымды ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма, ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттеріме хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын» деген сөздер болса керек. Яғни, Гиппократтың науқасты емдеу технологияларымен өзгелермен бөліскісі келмегені, «дәрігерлер неғұрлым аз болса, табыс соғұрлым көп болады» деген көзқарасты ұстанғаны жайлы күдік бар. Осы жайттарды ескере келе, Ішкі аурулар жөніндегі Американдық кеңес, Американдық терапевттер колледжі, Ішкі аурулар жөніндегі Еуропалық Федерация секілді беделді ұйымдардың қатысуымен жаңа мәтін қабылданып, ол британдық The Lancet және американдық Annals of Internal Medicine медициналық журналдарында жарияланды.

Ол ол ма, Америка құрлығындағы Гиппократ антының әлсіреуіне американдық соттың шешімі де әсер етті. Оған сәйкес, дәрігерлердің терроршылар мен әлеуетті терроршыларға көрсеткен медициналық көмегі заңсыз деп танылды. Ол үшін қылмыстық іс қозғалады.

Гиппократтың есімі ислам елдерінде, сонымен қатар Израильде де аталмайды. Себеп – діни көзқарастар.

Жалпы, қазіргі таңда медицина мамандары дәрігерлердің ант беруін жалпылай алғанда қолдайды. Бұл мамандардың өз ісіне, кәсібіне деген адалдығын, жауапкершілігін сезінуіне жағдай жасайтын қадам деген көзқарас бар. Әйткенмен, бүгінгі таңда жиі өқозғалып жүрген мәселенің бірі - «дәрігерлердің өз құқығын қорғау ісі, материалдық жағдайын жақсартуға деген заңды құқығы да осы антта қаралса» деген ұсыныс. Кім біледі, бәлкім заман талабына сай ант та күндердің күнінде өзгеріске ұшырап жатар...

oinet.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста