Алматы облысында аурухананы жөндеуге 1,6 миллиард теңге жұмсалған

25 ақпан 2022, 16:57

Алматы облысында аурухананы жөндеуге 1,6 миллиард теңге жұмсалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 

Балқаш аудандық ауруханасы қайта жаңартылды. Небәрі 49 дәрігері бар аурухананы жаңалауға 1 миллиард 614 миллион теңге қаражат кеткен. Мекеме заманауи медициналық жабдықтармен де қамтылыпты.

 

«Бізде алынған әрбір медициналық құрылғы адам денсаулығына қажет және маңызды. Олардың көмегімен дәрігер аурудың диагнозын дұрыс қойып, ары қарай емдеу шарасын жылдам жүзеге асыра алады. Мәселен, цифрлық флюорограф, цифрлық маммограф, холтер смад, узи және тағы да басқа аппараттар алынды. Соның ішінде цифрлық флюорограф аппараты туберкулез, пневмония сынды ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Рак ауруының алдын алу бағытында цифрлық маммограф аппараты бар. Холтер смад аппараты артериялық қан қысымының тәуліктік өлшемін анықтайды»,– деді Балқаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Дәурен Иманәлиев.

 

Бүгінде жүкті әйелдердің перенаталдық скрининг мәселесі де шешілген. Бұрында алыс ауыл-аймақтың тұрғындары 200 км жол жүріп, аудан орталығына келгенімен, аппараттардың жоқтығынан Алматыға ағылатын. Ал, бүгінде скрининг жүктіліктің ерте кезеңінде орталық ауруханада жүргізіледі. 

 

Тұрғындар  эндокринолог, окулист, кардиолог, уролог, проктолог дәрігерлердің қабылдауына алдын-ала жазылады. Ал, тар профильді мамандар апта сайын ауданға кеп қабылдау жүргізеді. Айта кету керек, ауданда 49 дәрігер бар. Оның 10-ы зейнет жасында.