Алматы облысында ер адамның бүкіл ішкі ағзасының орны ауысып кеткен

07 сәуір 2018, 11:07

Алматы облысы Шеңгелді ауылында Базарбек Кенжебеков есімді ерекше адам тұрады. Ерекшелігі сол – бұл азаматтың ішкі құрылысының барлығы ауысып кеткен. Толықтай тексеру жүргізген дәрігерлер бүкіл дене мүшенің орны ауысқанын жалпы тәжірибемізде көрмедік деп отыр.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

59 жастағы Базарбек Кенжебековтың ішкі құрылысын тексерген Қапшағай қаласының дәрігерлері аң-таң. Шеңгелді тұрғыны осы уақытқа дейін бүкіл ағзасының орны ауысып кеткенін өзі білмепті. Бұл азаматтың жүрегі оң жақта, ал оң жақта болуы тиіс бауыры керісінше сол жақта орналасқан.

«Жүрек сол жақта болуы керек, бұл кісінің жүрегі оң жағында. Бауыры оң жағында болуы керек, бауыры сол жағында. Өті сол жағында. Бұл таңғаларлық жағдай. Өте сирек кездеседі», – дейді Қапшағай қалалық ауруханасының дәрігері Айсұлу Оңғарова.

«Бұл практикада болмаған. Біз оны кітаптан, әдебиеттерден оқыдық. Дәрістерде сондай жағдай болатынын айтатын бізге. Мысалы 12 мың адамнан қарасақ, бұл тек бір адамнан кездесетін жағдай. Ол өте сирек болады», – дейді Қапшағай қалалық ауруханасы бас дәрігердің орынбасары Кайрат Иманғалиев.

Ең бастысы дәрігерлер ақсақалдың барлық ішкі құрылысының орны ауысқанымен, жағдайы жақсы екенін айтады. Ал ауыл ақсақалы болса өзімді сергек сезінемін дейді.

«Ауырып көрген жоқпын өмірімде. Кішкентай кезімде ауырған шығармын, қазір ауырған жоқпын», – дейді Шеңгелді ауылының тұрғыны Базарбек Кенжебеков.

Өзге тұрғындардан ерекше азаматтың күнделікті тірлігі есек арбасына отырып, көшелердегі қоқыстарды жинаудан басталады. Бұл қызметі үшін әкімдіктен 35 мың теңге жалақы алады екен. Ал өмір бойы басында баспанасы болмай, өзгенің үйін паналап жүрген Базарбек Кенжебеков үш баланың әкесі.

kaz.365info.kz