Алматыда "Спутник Лайт" вакцинасын 22 қаңтардан бастап салдыруға болады

22 қаңтар 2022, 15:47

Алматыда 22 қаңтардан бастап коронавирусқа қарсы ревакцинация үшін ресейлік "Спутник Лайт" вакцинасын да салдыруға болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алматылықтарды ревакцинациялау үшін аталған препараттың 12 мың дозасы бөлінді. Вакцина қаладағы барлық емханада қолжетімді.

Вакцина ревакцинацияға арналған. Сондай-ақ Алматыда QazVac (Қазақстанда шығарылған), VeroCell (Қытай), Pfizer (тек 60 жастан асқан азаматтар мен медицина қызметкерлері үшін) бустерлі вакциналарын алуға болады.

Ревакцинация вакциналаудың толық курсынан кейін 6 айдан соң жасалады. "Спутник Лайт" – векторлы вакцина, оның құрамы "Спутник V" вакцинасының бірінші компонентіне ұқсас. Вакцинаны сақтау режимі минус 18 градустан басталады.

Еске сала кетейік, таяуда Қазақстанға ресейлік "Спутник V" вакцинасының 150 000 дозасы әкелінген болатын.