Денсаулық

"Бірінші босанатын аналарда қорқыныш болмайды": Қазақстандық доула өзінің ерекше жұмысы туралы

  • "Бірінші босанатын аналарда қорқыныш болмайды": Қазақстандық доула өзінің ерекше жұмысы туралы

Доула қызметі туралы естуіңіз бар ма? Бұл қызмет түрінің Қазақстанға келгеніне бірнеше жылдың айналасы ғана болды. Доула - әйелдермен өміріндегі ең маңызды сәттердің бірінде - босану кезінде көмектесетін, оның барынша жеңіл өтуіне септесетін, ақыл-кеңісін беретін адам. Қазақстанда қазақтілді доулалардың көшін бастап тұрған Айман Қабылбекқызы өз қызметінің қызықты тұстарын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Перзентханада жүріп түсінгенім, әйелдерге демеу керек

 Үш баланың анасымын, отбасым бар. Өзім 15 жылдан бері акушермін. Соңғы он жылдан бері перинаталды психолог ретінде қызмет еттіп келе жатырмын. Жүкті әйелдермен психологиялық тұрғыда жұмыс жасап, боасануға дайындаймын. Біраз жылдан бері перзентханада жүріп түсінгенім - әйелдерге демеу керек. Психологиялық, физиологиялық және анатомииялық жағынан түсіндіру керек екенін біліп, акушерлік және перинаталды қызметімді доула саласына ауыстырған жайым бар. 

Қазақстандықтар үшін бұл жаңа формат. Еуропадан келген ұғым. Ол жақта бұл ұғымның бар болғанына 20-30 жыл болды. Ал біздің елмізге Ольга Реваленька деген Украина азаматшасы алып келді. Ол кісі курстар ашып, өз тәжірибесімен бөлісті. Шындығында қазақтілді доулалардан оқып, білімін жетілдіріп жатқандардың ішінде өзім ғанамын. Көбі орыстілді мамандар. Білімім 200%-ға  жеткілікті болған соң осы жұмысты бастадым (күліп). Қазақстанда дамып белсенді жұмыс істеп жатқанына 4-3 жылдың көлемі болды.

 

3-4 бала босанғандар доула қызметіне көп жүгінеді

Доула қызметінің біздің елімізде кең тараламауына ақпаратты тарататын қазақы аудиторияның жоқтығы себеп. Қазір еліміздегі доулаларды Украинадан, Ресейден келген мамандар дайындап жатыр. Солардан үйренгенімді инстапарақшама жазып, өзім енді қолға алып, дамытып жатырмын. Менің ондағы ойым - әйелдер дұрыс босансын, қиналмасын, дені сау бала алып келсін деген мақсат. 

Қуантарлығы, соңғы уақыттарда доула қызметіне жүгінетін қазақтілді орта көбейіп жатыр. Каранин басталғалы серіктес босануға кіре алмаймыз. Ал кеңес беруді онлайн түрде жүргізіп жатырмын. Себебі жалғыз Алматы емес, басқа қалалардан да кеңес алады. Оның ішінде өзінің денсаулығын күтетін, дұрыс босансам деген әйелдер ғана хабарласады. Бірінші босанатын аналарда қорқыныш болмайды, аз хабарласады. Маған көбіне үшінші, төртінші баласын босанайын деп жатқан аналар кеңес сұрайды. Себебі олар бірінші босанғанда қиналған. Былайша айтқанда, "елдің бәрі босанып жатыр, бізде босанып аламыз" деп білмей барып қалғандар. Босанудың оңай еместігін, босану үшін де көп нәрсе білу керек екенін түсінетін аналар келеді. 

Қызметімнің құны қазақы аудиторияның жағдайына қарай қойылды

Шын мәнінде әйел жүктілікке дейін салауатты өмір салтын ұстанып, жүктілікке дайындалып келуі керек. Бала көтергенде ғана денсаулыққа көңіл бөлмей, оған дейін де денсаулыққа қарау керек. Көбіне жүктіліктің 34-35-нші аптасындағы әйелдер келіп жатады. Алдыма келген әйелдің бірінші физиологиясы туралы анамнез алған соң жұмыс бастаймын. Қан қысымы көтерілмеу керектігін, перзетханаға қай кезде бару керектігін, қай уақытта жедел жәрдем шақыру керек және қалай тыныстау керек екенін үйретемін.

Бір анаға 5 сағат уақыт жұмсаймын. Бес күнде бір сағаттан. Өзімнің тәжірибеме баланысты көпке созбаймын. Сол аралықта қорқынышын жойып, босануға дайындап шығамын. Әйелге сенімділік сыйлап, қателік жібермеуді үйретемін. Әйелге қолдау беріп, қанат бітіреміз. Қорқыныш болған кезде денесі тырысып, босану процесі созылып қиналып қалатынын айтып түсіндіреміз.

Жүкті әйелге жеке кездесіп, кеңес беретін болсам, сағатына 4-5 мың теңге аламын. Қызмет құны арзан, өйткені менің аудиториям қазақы болған соң, солардың жағдайына икемдеп қойдым.

Доула болу менің өмірік миссиям деп санағандықтан, бұл салаға ақша үшін келген жоқпын. Әйелдерді босандырып, сондай сәтте қасында қолдау көрсету маған ұнайды. Осы жұмысымнан ләззат аламын. Кейін құны өсуі де мүмкін. 

Серіктес босануға кіріп жүргеніме 12-13 жылдай болды. Осы уақытқа дейін 400-500 әйелді босандырған шығармын.  Серіктестікке кіретін аналарды 34-35 аптадан бастап аламын. Ол кезде 24 сағат анамен бірге боламын. Туғанға дейін және туып болған соң да жанында боламын. Доула серіктестігі 100 мың теңге деп өз бағасын қойған, ал мен бірінші туатын қыздарға 50 мың теңге, қалғандарына 40 мың деп айтамын.

Орыстілді аудитория 45 минуттық кеңес беру доулалық қызметіне 10 мың теңге алады. 

 Бір күнде бір сағата екі ананың толғағы бірге келіп қалды 

Онлайн кеңес, болсын офлайн болсын, бір айда 20-25 әйел келеді. Бірақ серіктестікке оның бәрімен бармаймын. Ерте жазылып қойғандырдың босанатын уақыты қабаттасып қалмауы керек. Бір аптаға кейін алуға тырысамын. Себебі екі ананың толғағы бір күнде бір сағата келіп қалған күндері болған. Бір доула екі анаға үлгермейтін болған соң, әріптесіме өтініш жасап, екеуміз екі жаққа кеттік. Айына орта есеппен 4 әйелге серіктес бола аламын. 

 Әйелмен бірге дем алып, күшенсе, біз де күшенеміз

Доула қызметінің этикеті бар. Дәрігердің жұмысына ешқандай кедергі келтіруге біздің құқығымыз жоқ. Біз тек әйелдің массажын жасап, суын беріп, екі сағат сайын баратын дәретханасына бірге барамыз. Ритміне қарай қалай дем алу керек соның бәрін үйретіп, есіне салып тұрамыз. Әйел дем алса, дем алып, күшенсе, бірге күшенеміз. Акушер-дәрігерге қарайтын шамамыз болмайды. Дәрігер мен әйел арасындағы көпірміз десек те болады. Көп жағдайда босануға барған әйелдің жағдайы болмай жатады. Дәрігерлер аса мейіріммен қарамауы да мүмкін. Сондай жағдайда әйел құқығы қорғалуы керек. Әйелдің жанында психологиялық, физиологиялық тұрғыдан демейтін жанашыр бір адам болуы керек. 

Серіктес босануға анасының кіргеніне қарсымын

Босанғалы жатқан әйел қасына серіктес ретінде кімді кіргіземін десе де өзі біледі. Анасы, құрбысы, әлде күйеуі кірсе де - өз қалауы. Босанатын адамы жанына жайлы болуы керек. Бұл дұрыс. Бірақ бірге кірген адамның да неше түрі болады. Күйеуі жай қарап тұруы мүмкін немесе әйелінің қиналғанын көріп, дәрігерлермен ұрысып кетуі мүмкін. Доула ретінде болсын, адам ретінде болсын, босанғалы жатқан қыздың анасы серіктес болып кіруге қарсы болатын едім. Өйткені өз қызының қиналып жатқанын көру қайсы анаға болсын ауыр. Ал құрбысы кіретін болса бұл процессті бастан өткізген, кемінде 2-3 баласы бар, ақыл айта алатын адам болуы керек.  

 Жүктілікке байланысты қазақ әйелдері сауатсыз 

Дені сау әйелден дені сау бала туылады. Бұл менің ұраныма айналып кетті. Баланы отбасында жоспарлау керек. Отбасындағы жағдайға байланысты бала саны болуы керек. Балаға білім беріп, асырау үшін материалды, моральді жағдайдың жақсы болуын ескеру керек. Екіншіден, әйел денсаулығы мықты болуы керек. 

Басым әйелдің қателікері баланы жоспарламайды, денсаулығын күтпейді. Бір баланы босанып болған соң артынша екіншісіне жүкті болып қалады. Мұндай жағдайда ана организімі бала көтеруге дайын болмайды. ДДСҰ ұсынысы бойынша ана сәбиін 2 жасқа дейін емізуі керек. Ал жүкті болып қалған әйел баласын 1 жастан емізбей қояды. Былайша айтқанда бала сүтке жарымай өседі. Ондай бала өсе келе түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін. Осындай қателіктерді жібермесе екен деймін. Босанғаннан кейін жүкті болудан сақтанып, витаминдер ішіп, дәрігерден кеңес алуы керек. Осы тұста біздің қазақстандық әйелдер сауатсыз. Бұлай айтқаныма режімесін. 

Бала туып жатырмын, дені сап-сау жүгіріп жүр деп ойлайды. Қосалқы аурулар жасөспірім шақта шығады. Витаминдер ішіңіз деп жатсақ жағдайым жоқ дейді. Жағдайы жоқ ана баланы қалай босанады? Нағыз өзіне көңіл бөлетін уақыт - жүктілік кезеңіндегі тоғыз ай. 

 

Жеңіл босану деген ... 

Гемоглобині мықты аналар жеңіл босанады. Қанға да көп нәрсе байланысты. Денсаулығы мықты аналар артық қан жоғалтпай, жарақат алмай, кесар тілігіне ілінбей жеңіл босанады. Жеңіл босану дегеніміз осы -  ешқандай эпидуралды анестезиясыз өмірге бала әкелу. Ал асқынуға ауыр түрде қан кету, ине салу, кесар тілігіне түсіп қалу жатады. 

 

Дайындаған: Мәлік Жанна




Көрілген: 309    Пікірлер: 0

сейсенбі, 20.10.2020, 12:38

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31