Денсаулық

Ем іздеген ел Ташкентке қарай неге ағылып жатыр?

  • Ем іздеген ел Ташкентке қарай неге ағылып жатыр?

    Ем іздеген ел Ташкентке қарай неге ағылып жатыр?

Қазіргі күні көрші Өзбекстан еліне барып, ем алатын жандар көбейіп кетті. Ондағы медициналық қызметтің бағасы мен сапасына көңілі толып қайтып жатқандар аз емес. 


Кешегі Шымкент қаласында болған «ыстық сумен жасалған клизма» оқиғасынан кейін көпшіліктің көңіліне күдік ұялағандай. Мұндай өрескел оқиғалар шетелге барып ем алушылардың қатарын көбейтпесе, азайтпайтыны анық. Әлеу­меттік желінің белсенді қолданушысы, «El24.kz» порталының редакторы, ақтаулық Айсұлу Кеңесбай (суретте) да өзінің сәуір айының басында Ташкент қаласына барып, қалай ем алғандығы жөнін­де өз парақшасында жариялапты. Біз ол кісінің өзімен әңгімелесіп, біраз жайт­қа қанық болдық.


«Өзбекстан елінде ем алғысы келетін адам алдымен қай емдеу мекемесіне баратынын анықтап алуы керек. Ол жақта да біздегідей жекеменшік клиникалар өте көп. Содан соң ескі ТашМИ мен «ТашМИ-2» деп аталатын Ташкент медициналық академиясының екінші клиникасы бар. Мен осы аталғандардың соң­ғысына бардым. Бұл орталық Қазақстаннан барғандарға жақын және барлық емдеу корпустары осында шоғырлан­ған. Оған жету үшін арнайы адам жалдап, қосымша қаражат шығарудың қажеті жоқ. Тікелей барып қарала беруге болады. Таксистердің айтуынша, ақысын төлесе, жол көрсетіп, пәтерге орналастыратын адамдар да бар екен. 


Жекеменшік клиникалардан басқасын мемлекет қаржыландыратындықтан атал­ған емдеу мекемелерінде белгіленген бағадан артық ақша талап етілмейді. Кез келген дәрігердің қабылдауы жергілікті халық үшін 30 мың сум болса, шетел азаматтары үшін 50 мың сум. Бұл біздің ақшамен 2200-2300 теңгенің айналасында шығады. «УЗИ» және басқа анализ­дердің бағасында да осындай айырма бар. Мәселен, «ЭГГ»-ға (электрлі энцефалография) түсу үшін өзбек сумымен 84 мың төлеу керек, бұл теңгемен есептегенде – 3783 теңге. Ал «МРТ»-ға (маг­нитті-резонанстық томография) басты түсіру бағасы 175 мың сум, біздіңше – 7883 теңге болады. Біздің жақта «МРТ» бағасы 25 мыңнан 50 мың теңгеге дейін баратынын ескерсек, бұл әлдеқайда арзан. Жалпы, медициналық қызмет бағалары ол жақта көңілге қонымды, қарапайым халыққа қолжетімді. Ал өздеріне бұл қымбат көрінуі мүмкін. 


Онкологиялық аурулар бойынша республикалық онкологиялық орталығына барып ем алуға болады. Ем аурудың сатысына, түріне байланысты жүргізі­леді», – дейді Айсұлу ханым. 


Сондай-ақ ол кісі шекара мәселе­сінде ешқандай кедергі жоқ екенін айтады. Бастысы, қолыңызда шетел төл­құжаты болуы керек. 


«Бұрынғы одақтас республикалардың ішінде 30 күн визасыз жүруге болатын мемлекеттердің бірі – Өзбекстан. Кеден бекеттерінде 5 күндік виза басып береді. Егер одан да көп уақытқа қалып кетсеңіз, өзіңіз орналасқан санаторий немесе сіз емделіп жатқан мекеме ем алғаныңыз жайлы анықтама береді. Кеденде сенбі, жексенбі күндері адам көп болатыны рас. Өйткені ол уақытта саудагерлер анау-мынау нәрселерін сату мақсатында ары-бері өтіп жатады.


Содан соң кез келген өткізу бекет­терінде валюта айырбастау пункттері бар. Сенімдісі де осылар. Әйтпесе шекарада ақша айырбастауды кәсіп етіп отырған жеке азаматтар да жоқ емес. 


Ал жатын орын мәселесіне келер болсақ, ол жақтағы қонақүйлер қымбаттау, бірақ Елордамен салыстырғанда арзандау. Елден шықпай тұрып алдын-ала брондап алып баруға болады. Люкс нөмірлердің бағасы біздің теңгемен шаққанда тәулігіне 10 мың, кейбірінде тіпті одан да көп болуы мүмкін. Жартылай люкс нөмірлер 6-7 мыңның айналасында шығады. Бұлар – екі адамдықтар. Үш-төрт адамдық болса, ол одан арзандау. Жалпы, деңгейіне қарай бағалары да әртүрлі. 


Ең нашар деген қонақүйдің өзінде тегін интернет желісі іске қосылған. Әрине, пәтерлерді де жалға алуға болады. Жаныңа біреулер орналасқан жағдайда күндік ақысы 2 мың теңгенің шамасын құрайтын жалдамалы жатын орын­дарын да табуға болады екен», – дейді ол. 


Айсұлу Кеңесбайдың айтуынша, екі елдің медицинасында айырма жоқ көрінеді. Бізде де білікті дәрігерлердің бар екендігін, бірақ осыншама халық үшін олардың тым аздық ететінін де айтады. 


«Айырмашылық тек адамдарында. Шыны керек, кейде біздің дәрігерлерге алдына барған науқастарға адам деп қарау мәдениеті жетіспей жатады. Кіші­пейілдік, ауруға жанашырлық таныту, оларға өз туысындай қарау деген жоқ. Білсін-білмесін өздерін өте жоғары ұстайтындар медицинаның айналасында өте көп. Әсіресе жастар жағы ізденбейді. Өздері білмесе білетін тәжірибелі адамдардан кеңес сұрауға арланады. Ташкентте байқағаным, мен қаралған гинеколог өзі ғылым кандидаты бола тұра жоғарыға көтеріліп, профессорды шақырып, екеуі ойласа отырып ем жазып берді. Бұл – адам өміріне жауап­кер­шілікпен қарау деген сөз. Ал бізде адам өміріне салғырт қарайды. Осы тұсында айырмашылықтар бар», – деп түсіндіреді ол кісі. 


Сөз арасында Айсұлу ТашМИ-дің ай­наласы толған дәріхана екенін де жет­кізді. Ондағылар дәрі-дәрмектерді мемлекет бекіткен бағадан артық ақшаға сата алмайтын көрінеді. Сатып алған дәрі­лерге чек шығарып береді екен. Ал чек бермеген жағдайда оны талап ету қажет, әйтпесе кейбірі дәрілерді өз бағасынан бірнеше есе асырып сатып жіберетін жағдайлар да кездесетін көрінеді. Сондай-ақ кей дәрілердің Қазақстаннан табылмай қалуы да мүмкін болғандықтан, ол туралы дәрігердің өзінен нақтылап сұрап алған дұрыс екен. 


Дегенмен, Айсұлу ханым өзбек медицинасын жарнамалаудан, ал біздікін жамандаудан аулақ. Ол кісі тек өзінің көрген-білгендерімен ғана бөлісіп отыр. Ал ем алу мақсатында кімнің қайда баратыны әркімнің өз еркіндегі мәселе болып қала бермек. 


М. ИБРАЕВА.

www.zamana.kz




Көрілген: 6824    Пікірлер: 0

жексенбі, 28.04.2019, 18:38

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30