Денсаулық

"Жүкті екенін ұмытып қалған жас қызды босандырдым". Жедел жәрдем дәрігерлері жұмыстарының қызығы мен қиындығы

  • "Жүкті екенін ұмытып қалған жас қызды босандырдым". Жедел жәрдем дәрігерлері жұмыстарының қызығы мен қиындығы

Біз үшін таңғаларлық нәрселер бұл кісілер үшін күнделікті жұмыс. Себебі олар &mdash дәрігер мен фельдшер мамандар. Бір кезекшілікте, бірнеше сағатта олар қайғылы оқиғаның куәгері болады, дүниеге бала босандырып әкеледі, түрлі қызықты жағдайға да тап болып жатады. Сондықтан да мұндай жұмыста тек сол істің нағыз мамандары, шыдамды әрі төзімділер, адам өмірін сақтауды - борышы деп санайтын абзал жандар ғана қалса керек. Stan.kz тілшісі жиырма және қырық жылдық тәжірибесі бар жедел жәрдем қызметкерлерімен сұхбаттасып, мамандар жұмысының қызығы мен шыжығы жайлы сұрап білді.

 

Айгүл Чоланова, 46 жаста &mdash фельдшер, 20 жылдық тәжірибе

1997 жылы колледжді бітірген бойда Алматы қаласының 6-жедел жәрдем қосалқы станциясына жұмысқа тұрдым. Бүгін міне 20 жылдан аса тәжірибем бар. Ауру науқастарға көмек беруді бала шақтан армандадым. Кейде қатты шаршайтыным рас, алайда бұл бағытта жұмыс істегім келеді, еш өкінген емеспін.

Халықпен жұмыс істеу, араласу ұнайды, жұмыс ұжымым да жақсы. 1998 жылдан бері бір жерде тұрақты фельдшер ретінде жұмыс істеп келе жатырмын. 

Жұмысым кішкентай балаларды қарау, жүкті әйелдерді, үлкен кісілерге қарайласу, қамқорлық жасауға үлкен мүмкіндік береді. Бір кезекшілікте көп дегенде 25 шақырту болған. Коронавирус уақытында 27-28 шақыртуларға дейін болды. 

Көбіне науқастар: қан қысымы, бас ауруы, ауа райының өзгеруіне байланысты өздерін нашар сезінетіндерін айтып шағымданады.

 

Кейде науқастар өздеріне не керек екенін түсінбейді

Кез келген шақырылымның өзінің қиындығы бар. Науқаспен сөйлесіп, сұрастырып, не керек екенін білудің өзі маңызды. Себебі кейде науқастар өздеріне не керек екенін білмей жатады, қай жері ауырып жатқанын түсінбейді.

Қазіргі жағдайды ескерсек, вирус жұқтырып алам ба деген қорқыныш болатыны рас. Психологиялық дайындық керек. Егер қорқып жүрсең, жұқтырасың. Иммунитет түрлі аурулармен кездескен соң, барлығына дайын деп ойлаймын. Науқастың қызуы көтеріңкі деген хабар келсе, обаға қарсы киімді киеміз, сақтанамыз. Бірақ кейде адамдар қызу бар екенін айтпайды, біздің де үйде балалар бар, осыны неге түсінбейді деп те ойлаймын.

Бір науқасқа барып, оның проблемасына еніп, жүйкең тозып қатты қапа боласың, бірақ екінші науқасқа барған соң оның жағдайы бөлек, бәрінің проблемасы үшін күйінуге шамаң жетпейді, есте сақтау да мүмкін емес. Ең қиыны, кішкентай балалардың ауырғаны. Оларға арнайы педиатр дәрігерлері бар бригадалар қарастырылған. 

 

Жас қыздар көп босанады: толғақ, токсикоздың не екенін білмейді

Мен жиі байқайтын жағдай  - жас қыздардың жыныстық сауатсыздығы. Жүкті әйелдермен психологиялық тұрғыда жұмыс істеу керек. Жас қыздар көп босанады, қарапайым нәрселерді білмей жатады. 

Осы орайда қыздарға арналған консультациялар өту керек деп ойлаймын. Оларды жүктілікке, босануға дайындау қажет. Толғақ, токсикоздың не екенін білмейді.

Бір жолы бізді "іші ауырып жатыр" деп жатақханаға шақыртады. Ол жақта өңкей жастар, қыздар отыр екен, қонаққа іші ауырып жатқан қыздың анасы келіпті. 17-18 жастағы қыз жүкті болып қалған, бірақ оны ешкім білмейді, өзі де ол туралы ұмытып қалған (күледі - авт.). 

Толғағы басталып, қыз жүре алмай, далаға алып шықтық. Айтарлықтай жүкті әйелге тән іші де болған жоқ. Хирургқа алып барамыз ба деп, қайда баратынымызды білмей дал болдық. Қыз болса, көлікте айқайлап жатыр. Сөйтіп сол қыз көлікте атүсті босанып қалған. Ал көлікте отырған анасы не болғанын түсінбей талып қалды. Шынымды айтсам, біз өзіміз де түсінбедік.

"Қызыңыздың жүкті екенін білесіз ба?" десем, "Әрине, білмедім, білсем сіздерге айтпаймын ба?" дегені есімде. Абырой болғанда, баласы дені сау болып туды. Сонда қыз ешкімге жүкті екенін айтпаған, ішін жасырып жүрген екен. Міне, осындай талай қызық болды.

Жалпы толғақ басталып жатқан кезде, перзентханаға апаруға тырысамыз. Себебі бала стерильді жағдайда туғаны дұрыс. Оған барлық жағдайлар жасалады. Ал егер баланың сыртқа шығатын уақыты келіп қалса, үлгермесек, көлікті тоқтатып, босандырамыз. Әрине, мұндай жағдайда балаға да, анаға да обал. Себебі көліктің іші не дегенмен стерильді емес, қатты қан кетіп қалуы мүмкін екенін де ескеру керек. 

 

Әрбір секунд санаулы болған жағдайда ғана дабыл қосылады

Бізде дабыл жайдан-жай қосылмайды. Өте шұғыл, әрбір секунд санаулы болған жағдайда ғана дабыл қосылады. Бұл ойыншық емес. Оны қосу үлкен жауапкершілік. Дабыл қағып әкеле жатқан науқасты тірі күйінде ауруханаға жеткізуің керек. Осындай қатты жылдамдықта жүргенде көп көлік кедергі келтіреді, бірге жарысады. Оның ішінде әйел көлік жүргізушілері ерлерге қарағанда жол бермей жатады. Оларды сенің жағдайың қызықтырмайды. Ортаңғы саусақтарын көрсетіп, боқтап өте береді. 

Әрине, ондай кезде ұрысасың, ешкімге мұндай адамдарды кезіктірмесін. Келесі жолы жедел жәрдемді шақыртқанда дәл осындай жағдай өзінің басынан да өтуі мүмкін екенін естен шығармау керек. Өмір - алма-кезек. 

 

Жедел жәрдемнің жылдам не кеш келуі жағдайдың категориясына байланысты

Диагноз қойғанда протоколдармен жұмыс істейміз, науқастың түріне, мимикасына қарап ауруын анықтауға болады. Одан бөлек, қан қысымын өлшейсің. Ал егер соқыр ішек, гинекологиялық ауруларға қатысты қатаң қадағалау мен кәсіби мамандарды талап ететін жағдайда бірден хирургтарға, дәрігерлерге жеткіземіз.

Жедел жәрдемнің жылдам не кеш келуі оқиға, жағдайдың категориясына байланысты. Талып қалатындар бар, жол-көлік апаты,  басқа да науқастар. Рация арқылы диспетчерлер кімнің жақын орналасқанын, босайтынын көреді. Реанимациялық көмек керек болса, алдымен ай бригадалар артынан арнайы бригадалар кетеді. Әрине, бұл жерде кептеліс сияқты бізге байланысты емес факторлар бар. Бізге неғұрлым тез жетіп, соғұрлым жылдам көмек көрсеткен жақсы. Жол-көлік оқиғасы кезінде қорқатындай, эмоция көрсететіндей кез емес. Автоматты түрде жұмыс істейміз. 

 

Ең қиыны - көз жұмған науқастардың туыстарына түсіндіру

Ең қиыны - көз жұмған науқастардың туыстары, жақындарымен жұмыс істеу. Себебі олар көп жағдайда түсінбей жатады, тағы қайта қарап көруді сұрайды.

Пандемия кезінде жұмыс ауыр болғаны рас. Оның ішінде обаға қарсы киімнің өзін киіп жүру ауыр болды, сол киіммен жоғары қабатқа көтерілу, 45-өлшемді резеңке етік, екі қабат бетперде, көзәйнек - осының өзі оңай болған жоқ. Науқастар көз алдымызда кетіп жатты. 

Жалақымыз аздау - 100-150 мың теңге, категория мен еңбек өтіліміне байланысты. Короновирус кезінде бізге уәде етілген өтемақыны алып жатырмыз, оған мемлекетке рахмет.  

Айгүл Чоланованың айтуынша, жұмыс істеуге қажетті барлық затпен жедел жәрдем қызметкерлері жабдықталған. Тек жалақыны көбейтсе деген тілегі бар.

 

Сергей Николаевич, 63 жаста  &mdash жедел жәрдем дәрігері, 40 жылдық тәжірибе

103-те істейтін жалғыз әрі соңғы қырықжылдық тәжірибесі бар дәрігермін. Мен С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін (ол жылдары АГМИ) 1981 жылы бітірдім. Бір жылдан соң 1-қосалқы станцияға линиялық бригадада жұмыс істедім. Барлық тағайындамаларды өзім жасап, науқастарды ауруханаға өзім апарып, манипуляцияларды жасайтынмын. Ол кезде жағдай қиын еді. Көп реттік шприцтер, резеңке зондтар, катетерлер болаттан жасалса, жүйкеміз темірдей еді. Осындай режимде бес жыл істедім. Медицинаға мектеп кезінен қызығушылығым пайда болды. Чернобыль оқиғасынан кейін бағытым кардиологияға ауысты. 2002 жылдан бастап жансақтау бригадасында жұмыс істедім. 

 

Дене қызуы қиын белгіге айналды

Медицина беретін тәжірибе - бұл тек кәсіби ғана емес, сонымен бірге барлық өмірлік жағдайларды түсіну, жалпы адамдармен қарым-қатынас жасаудың түсінігі. 

Бір ауысымда тұмау эпидемиясы кезінде 10 және одан да көп қоңырау түседі, ең көп дегенде 26. Бұрын дене температурасының көтерілуі ең қарапайым себеп болса, қазір ең қиыны. Ең жиі шағымдар, бағытыма қарай, жүрек ауруларына қатысты.

 

Вирусты жұмыста емес, сырттан жұқтыруға қорқамын

Оба халатын кию арқылы ауру жұқтыру қаупін азайтуға тырысу бұл науқаста инфекцияның болуы ықтималдығын көрсетеді, бірақ адамдар вирус белгілері сау тасымалдаушылардан да вирус жұқтырып жатқанын да ескерсек,  жұмыста емес, сырттан инфекция жұқтыруға қорқамын.  Ең ауыр кезекшілік маусым-шілде айында науқастарды апаратын жер қалмаған кезеңде болды. Бір тәулікте 3-4 өлімді көру, үмітсіздік өте қорқынышты еді.

Диагноз әдетте кіреберістен-ақ қойылады. Бір қарап, адамды қалдырасың ба, әлде ауруханаға алып кетесің бе бірден түсінесің.

Қазіргі коронавирус жағдайында жұмыс қалыпты жағдайда, бір тәулікте 10-нан 14 адамға дейін науқастар тіркеледі. Жүргізуші парағында бос жолақ жоқ. 

 

Көмектесу үшін түрлі сиқыр жасап, қитұрқылыққа барасың

Ата-ананың, әсіресе ананың мұңнан қуанышқа ауысу процесінің жүзінде көрініс табуы өте қызық. Бір кездері жаңа туған сәбилерге називин тамызу сәнге айналған еді, қазір де мұндай әдет сақталып келеді. Називин сәбилерге наркоз сияқты әсер етеді. Осындайда науқастың жасы кіші болған сайын тершең болады, оны ояту қиындай түседі. Оған көмектесу үшін түрлі сиқырға, қитұрқылыққа баруға тура келеді. Ауруханаға бара жатқан жолда бала оянып, "тіріле бастағанда" ананың барлық эмоциясы бетінде тұрады.

 

Уақытынан бұрын қол үзбеу керек

Таңғалдыратын жағдайлардан науқастардың өмірге деген құлшынысын айтуға болады. Бір жолы далада науқасқа 40 минут бойы реанимация жасалды, содан кейін тек екі сағаттан соң ол ауруханада көз жұмды. Әрине, көз жұмғаны қиын, бірақ өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болды. Ол үшін тек уақытынан бұрын қол үзбеу керек, 103-те осы үшін жұмыс істеп көруге болады.

Медициналық мансабымның басында бала босандырған жағдайлар болды. Егер босану қиын жүрмесе, ең оңай шақырылым деп айтуға болады. Ең қиын жағдай көп қан жоғалту, шокпен күресу. Физиологиялық босану - бұл тамаша.

"Желтоқсанда зейнетке шығатын уақыт келеді" - , дейді дәрігер. Денсаулық сыр бермесе, бұл салада әлі болатынына сенімді.




Көрілген: 522    Пікірлер: 0

сенбі, 21.11.2020, 02:35

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31