"Жүрегін" сөмкеге салып жүреді: Қарағанды тұрғынына шұғыл ота қажет

18 ақпан 2022, 14:05

Төрт жыл бұрын бронхиттен емделген Қарағанды облысының тұрғыны Ольга Полянская барлық ақаудың жүрегінде екенін кейіннен білген. Елордадағы кардиологиялық орталық 41 жастағы тұрғынға алдымен стимулятор-дефибриллятор, кейін LVAD құрылғысын орнатқан. Енді ол арнайы батареялары бар салмағы 3 келі сөмкені алып жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнадағы “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Үш жыл бұрын оның жүрегі ұлғайып, қан айдауды тоқтатқан. Қазір ол батареяларға жалғанған механикалық жүрекпен өмір сүруде. Оған шұғыл тұрде жүрек трансплантациясы қажет.

“Алғашында 20 сағатқа дейін жететін батареялар қазір 15-12 сағатқа ғана жетеді. Оларды әркез ауыстырып отыру керек. Моншаға бару, теңіз, көлге шомылуға мүлде болмайды. 

Қаңтар айындағы оқиға кезінде бүкіл Қазақстанда электр жарығын өшіріп тастаса не істеймін деген қорқыныш болды. Себебі онсыз апарат жұмыс істеуін тоқтатады. Құрылғы тоқтаса, жүрегім де тоқтайды”,- деді Ольга.

Ольга көптеген дәрілерді уақытымен қабылдап отыруы керек және ұйықтағанда шалқайып, болмаса тек бір жанымен ғана жата алады. Оның үстіне арнайы жапсырмалады да үнемі пайдаланып жүруі керек. 

Дәл қазір әйелді аман алып қалудың жалғыз мүмкіндігі трансплантация. Алайда Қазақстанда донорлық органға 3 мыңға жуық науқас кезекте тұрса, соның 340-ы жүрекке. Соңғы 10 жылда тек 86 жүрек трансплантанты жасалынған. Өткен жылы 15 науқас донорлық мүшелерді күте алмай көз жұмған. 

Ольга квота алу үшін өтініш тастаған. Алайда бағдарлама тоқтатылғандықтан оның өтініші қабылданбады. Ал шет елде ең арзан деген трансплантацияның өзі Белорусь елінде 120 мың доллар тұрады. Науқас бүгінде соның 29 мың долларын жинаған. 

Ольга кәмелетке толмаған баласын жалғыз қалдырып пәтерін сатса да емге жетпейтінін айтады. Ол сонымен қатар “Қазақстан халқына” қорына да өтініш тапсырған. Онда бүгінге дейін 23 мың өтініш түсіп, соның 1313-і қаралған. Қызметкерлер барлығы жиналып келген сұранымдарды талқылайды. 

“Көбісі ойлайды әлеуметтік желілердегі қайырымдылыққа қаржы жинау секілді шот номерін жіберсем соған қор ақшаны аударады деп күтіп жүреді. Жоқ бұл бағдарламаға медициналық көмек үшін жүгінсеңіз, алдымен ақпарттар талқыланып, кейін қаражат емделуге тиісті ауруханаңызға аударылады”,- деді  “Қазақстан халқына” қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Қор денсаулық саласына басымдық бермекші екенін ескерсек Ольга Польянскаяның өтінішін мақұлдауы әбден мүмкін.