Денсаулық

"Жыныстық құмарлықты төмендетеді": тәжірибелі дәрігер аллергияның қаупі туралы айтты

  • "Жыныстық құмарлықты төмендетеді": тәжірибелі дәрігер аллергияның қаупі туралы айтты

 30 жыл медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігер аллергияға қарсы дәріні маманның кеңесімен ғана пайдалану қажет деп ескертті


Жоғары санаттағы аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалия Түсіпбекова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында аллергияны емдеуге болатынын, бұл аурудың адам өмірі үшін қауіпті екенін, аллергия қозған кезде қандай дәрілерді пайдаланбау қажеттігін айтты.


Аллергия – XXI ғасыр ауруы

Тәжірбиелі дәрігердің айтуынша, аллергия - XXI ғасырдағы кең таралған аурулардың бірі.


"Себебі қоғамда өркениеттің дамуына байланысты тұрмыстық химия өнімдерінің көбеюінен аллергиямен ауыратындардың саны да артып отыр. Бұл ауру адам иммунитетінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пайда болады. Бүгінде әлем халқының 40%-і аллергиямен ауырады. Оның ішінде Қазақстанда мұндай дертке шалдыққандардың саны - 35-38%. Адамдардың басым бөлігі аллергия тек жазда болады деп ойлайды. Алайда бұл дерттің түрлері өте көп және оған жыл мезгілінің катысы жок, - дейді Ғалия Түсіпбекова.


Аллергия тұқым қуалайды

Дәрігер тамаққа, жануарлардың жүніне, оның қайызғағына, зәріне және шаңға, шаң кенесіне, дәріге, шөпке аллергия көбейіп кеткенін айтады. Тіпті кейде жаңа туған сәбидің ана сүтіне аллергиясы болады екен.


"Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Мысалы, оның әкесі мен шешесі аллергиямен ауырса, сәбидің бұл ауруға шалдығу ықтималдығы - 60%. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. 1 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігінің тамаққа және үйдегі шаң кенесіне аллергиясы болады. Жалпы балалар аллергиясының 90%-і тамаққа байланысты. Ал ана сүтіне аллергия болған кезде, емізуді тоқтатуға тура келеді", - дейді аллерголог.


Сондай-ақ Ғалия Түсіпбекова балада аллергия болса, тезірек дәрігерге қаратып, аллергендерді анықтау қажеттігін атап өтті. Дәрігердің пікірінше, диагнозды уақытында қою, ауруды асқындырмауға септігін тигізеді.


Аллергияның қаупі

Ғалия Түсіпбекова аллергияны емдетпеу адам өмірі үшін өте қауіпті екенін айтады.


"Дәрігерге қаралу қажет. Аллергияны емдетпей, асқындырып алу өмірге қауіпті, бронх демікпесі, көмекейдің iсiнуі пайда болуы мүмкін. Ал ең қауіптісі - анафилактикалық шокқа әкелуі ықтимал. Аллергия – адам өмірі үшін өте қауіпті ауру. Сондықтан оны асқындырмай, білікті дәрігерге бару керек", - дейді аллерголог маман.


Аллергияны емдеуге бола ма?

Сұқбат барысында тәжірибелі аллерголог бұл дертті емдеуге болатынын жеткізді.


"Аллергияны емдеуге болады. Бұл ауруға қарсы қолданатын әдістің бірі – аллерген-спецификалық иммун терапиясы. Яғни пациентке біртіндеп үдемелі түрде аллерген дозасы беріледі. Бұл адамның аллергияға қарсы иммунитетін қалыптастырады. Емдеудің бұл әдісін 5 жастан бастап қолдануға болады. Мұндай емді біз көбінесе шөпке, шаңға, үй жануаларына аллергиясы бар науқастарды емдеуде қолданамыз", - дейді Ғалия Түсіпбекова.


Әңгіме барысында дәрігер маусымдық аллергия кезінде міндетті түрде дәрігерге қаралу қажеттігін айтады. Ол дәрігердің рұқсатынсыз дәрілерді пайдаланбауға кеңес берді. Себебі бұл дәрілер адам азғасына кері әсерін тигізіп, басқа ауруға шалдықтыруы мүмкін.


"Аллергияны емдеуге гормондар қатты көмектеседі. Тіпті кейбір дәріханаларда сатушылар бұл гормондарды дәрігердің кеңесінсіз-ақ пациентке салып береді. Бұл – қылмыс әрі адам өміріне қауіпті. Мұндай гормонның бірі – дипроспан дәрісі. Ол бір айға екпе түрінде салынатын гормон. Екіншісі "кеналог" дәрісі. Ол - 6 айға есептелген гормондық дәрі. Бұл дәрілер 1-2 жыл көмектескеннен кейін әсерін бермейді. Кейін жеңіл дәрілер көмектеспей қалады. Бұл дәрілер диабет, глаукома, катарактаға шалдықтыруы мүмкін. Қан қысымын көтеріп, сүйекке қажетті кальций, фосфор сынды минералдарды организмнен шығарады. Метаболизмге кері әсерін тигізіп, адам артық салмақ жинауы ықтимал. Жігіттер мен қыздардың жыныстық құмарлығын төмендетеді", - дейді дәрігер.


Ғалия Түсіпбекова 30 жылдық еңбек тәжірибесінде дипроспан мен кеналог дәрілерін екі рет амалсыздан пайдаланғанын айтты. Сондай-ақ ол шашқа және кейбір кездері шәуетке (сперма) де аллергия болатынын атап өтті.


Қазақстандағы аллергияның алдын алу шаралары

Аллергологтың пікірінше, дәріханалардың жұмысын бақылауға алу аллергияның алдын алуға септігін тигізеді.


"Бүгінде мемлекетіміз дәрілерді қатаң бақылауға алды. Осы күндері рецептісіз дәріханадан дәрі ала алмайсыз. Оны оңды-солды, орынсыз қабылдағандықтан, қазіргі таңда дәріге аллергия көбейіп кетті. Оның ішінде өмірге қауіпті DRESS, ОТАР, Лайелл, Стивенс-Джонсон синдромы деген ауру түрлері жиі кездесетін болды, - деп Ғалия Түсіпбекова сөзін түйіндеді.


 


sputniknews.kz


 


 




Көрілген: 1531    Пікірлер: 0

бейсенбі, 18.07.2019, 20:33

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31