Соңғы статистикаға сенсек, жер шары тұрғындарының 6 пайызы қант диабетінен зардап шегеді екен. Асқынса мүгедектікке, тіпті өлімге соқтыруы мүмкін бұл дерт несімен қауіпті?
Диабет - ұйқы безінің инсулинді (қан құрамында қанттың құрамын реттейтін гормон) жеткілікті өндіре алмауынан немесе өндірілген инсулинді ағзаның тиімді қолдана алмауынан туындайтын қауіпті созылмалы ауру.
Қант диабетінің екі типті түрі бар. Бірінші типі - инсулин бөлінуінің төмендеуі немесе болмауы. Мұндай адамдар күнделікті инсулин препаратын қабылдау керек. Екінші типі - ағзаның инсулинді тиімсіз пайдалануы. Бұл типпен ауыратындар жалпы көрсеткіштің 90 пайызын құрайды.
Қараша айының 16-жұлдызында әлемде Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні  аталып өтіледі. Осыған орай біз осы дерт туралы айта кетуді жөн көрдік.
Диабет неден туындайды? Ауру тұқымқуалаушылық, семіздік, баланың салмағы 4 килодан артық болуы, жүктілік кезінде ауыру, жоғары қан қысымы, ауыр инфекциялар, химиялық агенттер, токсиндер, өт зақымдануы, психологиялық жарақат алу сынды себептерден туындайды. Ал асқынуы инфаркт, инсульт, бүйрек жеткіліксіздігі, аяқты кесу, көру қабілетінен айырылуы, жүйкенің зақымдалуын тудырады. Сондықтан, әрине, аурудың алдын алған дұрыс.
Дегенмен, өкінішке орай, 1-типтің алдын-алу шаралары жоқ. Ал 2-типтің алдын-алу үшін дұрыс тамақтану, арнайы диета мен дене белсенділігін сақтау, салауатты өмір салтын сақтау маңызды. Жан тыныштығын сақтау өте маңызды. Өйткені күйзеліс ауруды асқындырады. Ал аурудан аман болудың бір ғана жолы бар. Ол - салауатты өмір салты. Осылай дерттің даму қаупін төмендетуге болады.
Айгүл КЕНЖАЛИЕВА,
Шымкент қалалық №4 емханасының эндокринолог-дәрігері.