Қазақстанда стелс-омикрон штамы анықталды

13 мамыр 2022, 20:12

Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус инфекциясы штамдарының айналымына мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі министрліктің Telegram каналына сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Биылғы жылдың сәуір-мамырында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясы штамдарының түрлі нұсқаларының айналымы анықталды. Барлық өңірлерде BA.1 "Омикрон" штамы 98,6 %-да анықталды, оның ішінде 12 өңірде BA.2 "Стелс-Омикрон" штамы 36,7%-да анықталды.

 

Сондай-ақ, B. 1.617-like Delta штамы айналымда жүр және зерттелетін сынамалар санының 1,4%-ын құрайды. ПТР скрининг нәтижелерін растау үшін толық геномдық секвенирлеу жүргізіледі, ол осы айдың соңына қарай аяқталады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, министрлік коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияны, ревакцинацияны уақтылы жүргізуді ұсынады.

 

"6 ай бұрын және одан да көп уақыт бұрын вакцинация курсын алған адамдар ревакцинациялауға жататынын естеріңізге саламыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау үшін халыққа вакциналардың 3 түрі (Пфайзер, Синофарм және КазВак) қолжетімді, олардың 2-уін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған", – делінген хабарламада.