Қазақстандықтар шетелге шығу үшін Pfizer-ді Қырғызстан мен Өзбекстанға барып салғызып жатыр – депутат

12 қаңтар 2022, 11:46

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы растаған вакциналарды елде ақылы түрде салуға мүмкіндік беру туралы Денсаулық сақтау министрлігіне Парламент Мәжілісінің депутаты Ғани Хамзин депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 

Оның айтуынша, Қазақстанда Pfizer вакцинасын белгілі бір топтардың ғана салуына мүмкіндік берілген. Ал ақылы негізде шетеле шығуды жоспарлап отырған студенттер мен кәсіпкерлер ақылы негізде Pfizer ала алмай отыр. Әлі күнге дейін нақты қай күні ақылы негізде вакцина салдыруға болатыны айтылған жоқ.

 

«Белгілі болғандай, өткен жылдың мамыр айында Қазақстанға сырттан вакцина әкелеу бойынша келісім күшін жойды. Былтыр қазан айында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде Vero Cell вакцинасы жеткілікті деген болатын. Бүгін елімізде көптеген емханаларда вакцина тапшы. Қазіргі кезде эпидемиялық ахуал қайта күшейді.  Қазақстандықтар ДДС ұйымы бекіткен вакциналарды қабылдай алмай отыр. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскендерге қаңтар, ақпан айында оқу басталады. Ақылы Pfizer-ді елде ала алмайтын болған соң, көрші Қырғызстан мен Өзбекстанға барып ақылы негізде вацина алып келеуге мәжбүр. Бұған қоса, ревакцинация басталысымен елде Pfizer салдыруға сұраныс артады. Осыны ескеру керек, − дейді депутат.

 

Бұған қоса, Алматы қаласы мен Алматы және Түркістан облысының тұрғындары өңірде ревакцинация кезінде тек QazVac қана қолжетімді екенін айтып шағымданған. Қазақстандық вакцинаны ДДҰ әлі «мойындамағанын» ескерсек, кейбір азаматтармыз үшін шетелге шығуға жол жабық. Депутаттар мәселені жақын арада шешуді сұрады.