Қазақстанға AstraZeneca вакцинасын алып келу үшін келіссөздер жүргізілуде

16 шілде 2021, 15:00

Қазақстанда AstraZeneca вакцинасының өндірушілерімен келіссөздер қайта жүргізіле бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні COVID-19-ға қарсы вакциналардың шетелдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізу бойынша жұмыс жалғасуда.

"Қазақстандықтарды Pfizer, AstraZeneca, Moderna және Johnson & Johnson препараттарымен вакцинациялауға бюджеттік қаражат бөлу мәселесі осы вакциналарды елге жеткізу туралы келісімге келгеннен кейін қаралады", - деді министрлік өкілдері.

Айта кетсек, қазіргі таңда бұл вакциналарды ДДСҰ мойындаған, аталған екпе түрлерін алған туристер кейбір мемлекеттерге емін-еркін саяхаттай алады. Ал Қазақстандағы Спутник-V, QazVac, Hayat-Vax және CoronaVac вакциналары Еуроодақ елдері мен АҚШ-та бекітілмеген. 

Еске салсақ, бұған дейін "СК-Фармация" кеңесінің төрағасы Ерхат Есқалиев Қазақстан AstraZeneca вакцинасын сатып алмайды деген еді. 

Stan.kz