Қазақстаннан барған Түркіменстанның төрт азаматынан "омикрон" штамы анықталды

24 желтоқсан 2021, 18:43

Түркіменстанның Балкан уәлаятында коронавирустың тарауына қарсы шектеу шаралары күшейді. Медицина қызметкерлері мұны Қазақстаннан оралған түркімен азаматтарынан COVID-19 вирусының "Омикрон" штамы анықталғанымен байланыстырады.

 

"Бекдаш карантин аймағында Қазақстаннан оралған төрт азаматтан "омикрон" штамы анықталды", - деп хабарлады дәрігер Азаттық радиосының Түркімен қызметінің тілшісіне.

 

Дәрігердің сөзінше, екі апта бұрын түркімен-қазақ шекарасындағы өткізу бекеті ашық болған. Қазақстанда қалған түркімен азаматтарына оралуға мүмкіндік берген. Енді вирус анықталғаннан кейін, шекараны қайта жапқан.

 

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов елдің қауіпсіздік кеңесіне "Омикрон" штамының "кіруіне" жол бермеуді тапсырған.

 

Енді аймақтан Ашғабатқа баратын азаматтарды COVID-19 вирусына тест тапсыруды міндеттеп жатыр. Тест тапсыру мерзімі 24 сағаттан аспауы керек, құны 101 манат (28 доллар) тұрады. Осыған дейін 72 сағаттың ішінде тест тапсыруға рұқсат етілген.

 

Ашғабат коронавирус пандемиясы басталғалы бері ел аумағында коронавирус тіркелген жоқ деумен келеді. Бірақ елде шектеулер күшейіп, ауруханалардың коронавирус белгілерімен түскен науқастарға толғаны жайлы ақпарат жиі шыққан. Күзде ДДСҰ өкілдері Түркіменстанның "коронавирус жоқ" деген мәлімдемесіне күмәнданған.

 

Бұған дейін Орталық Азия елдерінің билігі, арасында Қазақстан да бар, қараша айында Оңтүстік Африкадан тараған коронавирустың жылдам жұғатын түрі – "Омикрон" тіркелмегенін хабарлаған.

 

 

 

azattyq.org