Көкшетауда жеке клиника басшысы қамауға алынды

08 сәуір 2021, 18:11

Көкшетаудағы "Авиценна" емдеу-профилактикалық мекемесінің директоры Жанар Молдантаеваны қамауға алды. Бұған дейін Ақмола Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ілиясовты екі ай мерзіміне қамауға алғаны хабарланған еді. Ақпаратты облыстық соттың баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

"Апелляциялық алқа бүгін Молдантаева мен Ілиясовқа қатысты сот шешімін қарап, өзгеріссіз қалдырды. Екі ай мерзімге күзетпен ұстау туралы шешім заңды күшіне енді", - деді соттың баспасөз қызметінің өкілі.

 

Ілиясов та, Молдантаева да 1 сәуірде қамауға алынды.

 

Kokshetau Asia порталының мәліметіне сүйенсек, Ақмола облысының бұрынғы бас дәрігері өзіне сеніп тапсырылған мүлікті қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде жымқырған деген күдікке ілінді. Оны мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.

 

Айта кетейік, Ілиясов екі ай бұрын қызметінен кеткен. Сүлен Ілиясов мемлекеттік ауруханаларда жетіспейтін жасанды тыныс алу аппараттарын жеке медициналық ұйымдарға берген және бюджет есебінен салынған клиниканы коммерциялық құрылымға өткізді деген күдікке ілінген еді.