Коронавирус балалардың жүйке жүйесі мен жүрегіне зақым келтіруі мүмкін

30 желтоқсан 2021, 10:09

Пандемия басталғалы бері елімізде 200 мыңға жуық бала коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтырмен салыстырғанда биыл індет жұқтырған бүлдіршін саны 5 есеге артып кеткен. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Аты жаман аурудың алдын алу үшін мамандар жасөспірімдерге екпе салдыруға кеңес береді.

Жаһан жұртын есеңгірткен коронавирус балаларды да айналып өтпеді. Індет кішкентайлардың 80 пайызында симптомсыз өтеді. Алайда оның салдарынан орталық жүйке жүйесі мен жүрекке зақым келуі мүмкін. Әрине мұның бәрі әлі терең зерттеуді талап етеді. Бірақ ковид иммундық жүйенің асқынуына әсер ететіндігі анық. Оның салдарынан бүлдіршіндер кавасаки синдромына ұқсас ауруға шалдығып жатыр. Мәселен, пандемия белең алған соңғы 2 жыл ішінде 90 бала осы індетпен ауырған. Әрине бұрындары да бұл дерт болған. Бірақ жылына әрі кетсе екі-үш баладан ғана анықталып отырған.

Риза Боранбаева, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы: - Вирустан кейін байқалып жатқан аурудың осы түрі өте ауыр өтіп жатыр. Тіпті оның салдары өлімге дейін әкеп соғуы мүмкін екенін жасырмаймыз. Сондай-ақ бойдан басқа да кінәраттар анықталуы мүмкін. Бұл инфекция әлі толыққанды зерттелмегендіктен, оның кері әсерін біз түбегейлі білмейміз. Бәлкім, зардабы 3-5 жылдан кейін сезілетін болар. Сондықтан балаларды барынша қорғау үшін вакцина салу қажеттілігі туындап отыр.

Елімізде қараша айынан бастап жасөспірімдерге екпе салынып жатыр. Бүгінгі күнге дейін шамамен 200 мыңға жуық бала вакцина алды. Бұл екпе салдыруға болатын жасөспірімдердің 1,6 пайызы ғана дейді мамандар.

Риза Боранбаева, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы: - Біздің елімізде балаларға қараша айынан бастап Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Бұл екпені ДДСҰ мақұлдаған. Осы уақыт аралығында оның адам денсаулығына қауіпсіздігі және тиімділігі дәлелденді. Тиісті клиникалық зерттеуден өтті. Әлемнің 20-дан аса мемлекеті осы вакцинаны қолданады. Оның кері әсері байқалған жоқ. Сондықтан біз 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға екпенің осы түрін пайдаланып жатырмыз.

Отандық ғалымдар екпенің жаңа түрлерін әзірледі

Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін Америкада 8 млн-нан астам бала Pfizer вакцинасын алып үлгерген. Ал Қытайда 50 млн бүлдіршінге өздерінің екпесі салынды. Осы тұста QazVac вакцинасы қашан ДДСҰ-ның тіркеуінен өтеді деген заңды сауал туындайды. Қазір бұл бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Келер жылдың бірінші тоқсанында ұйымның мамандары елімізге тағы келіп, отандық екпені сынайды деген мәлімет бар. Бірақ біздің ғалымдар оның нәтижесін күтіп, құр қарап отырған жоқ. Қазір тағы да отандық екпенің екі жаңа үлгісі зертханалық сынаққа жіберілді. Алматыдағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының мамандары вакциналардың тиімділігін зерделемек.

Қайсар Табынов, ҚАЗҰАЗУ жанындағы халықаралық вакционология орталығының директоры: - Бұған дейін біз бұл вакциналарды шағын лабораторияларда бірнеше рет тексердік. Түрлі жануарларға сыналып, қауіпсіз екеніне көз жеткіздік. Енді реттеуші органдардың да сынағынан сүрінбей өтіп, оң нәтиже көрсетеді деген үміттеміз.

Екпенің бірі австралиялық ғалымдардың көмегімен шығарылған. Ол әдеттегідей иыққа салынады. Ал екіншісі – Огайо штатының университетімен бірлескен еңбектің жемісі. Екпенің бұл түрі мұрынға тамызылады. Сүйінші жаңалықпен вакцинология халықаралық орталығының директоры Қайсар Табынов бөлісті. Ақжолтай хабарды ол өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.