Денсаулық

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

  • Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

    Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

 Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Осы және келесі күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейміз.
13 наурыз, бірінші күн
Сағат: 14.30. Денсаулық сақтау министрі шұғыл брифинг өткізді

Орталық коммуникациялар қызметінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі қазақстандық азаматтың коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Екі азамат та Алматыға Германиядан ұшып келген:

9 наурызда 1974 жылғы ер адам. Ол ұшқан ұшақта 73 жолаушы болған. Министр оларды оқшаулау басталғанын хабарлады;
12 наурызда 1984 жылғы әйел. Ол ұшқан ұшақта 12 адам болған. Олардың бәрі карантинге жатқызылды.

Сағат: 17.30. Біртанов екінші мәрте шұғыл брифинг өткізді

Денсаулық сақтау министрі коронавирус жұқтырған үшінші адам туралы хабарлады. Ол – 12 наурызда Италиядан Нұр-Сұлтанға ұшып келген әйел. Оның ұшақтан түсісімен карантинге жатқызылғаны белгілі болды. Бұл ұшқата 90 адам болған:

37 адам Қазақстан;
42 адам Ресей;
11 адам өзге елдердің азаматы.
Сағат: 17.30. Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдемесінен Германиядағы бір қазақстандық азаматтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол – Қазақстан өкілдігі қызметкерінің әкесі. Оның бойынан коронавирус белгілері анықталғаннан кейін дереу ауруханаға жатқызылған. Жұбайы мен баласы Германияда карантинде. СІМ ресми өкілі науқастың жағдайы жақсарғанын хабарлады.

Сағат: 18.15. Семей денсаулық сақтау басқармасы хабарландыру жасады

Хабарландырудан Семейдегі қонақүйден коронавирус күдігімен ОАР азаматының ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Қалада инженер болып жұмыс істейтін ол Дубай және Нұр-Сұлтан арқылы транзитпен келген.

Сырқат белгілері: тұмаурату, ылғал жөтел, әлсіздік. Диагноз: ЖРВИ, орташа ауыр бронхит, екінші типті қант диабеті. Коронавирус күдігімен науқастың анализдері Өскемендегі зертханаға жіберілді.

P.S. 14 наурызда анализдер нәтижесі шығып, бұл азаматтың коронавирус жұқтырмағаны белгілі болды.

Сағат: 18.40. Алматы әкімдігі брифинг өткізді

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев 24 ақпан – 13 наурыз аралығында коронавирус бойынша қолайсыз елдерден келген 488 адамды Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция іздеп жатқанын хабарлады. Барлығы 11 340 адам ұшып келсе, олардың 10 852-сі (95,7%) медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған.

Сонымен қатар, 9 наурызда коронавирус жұқтырған адаммен бірге ұшып келген 24 адамның да іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Бұл ұшақта болған 68 адамның төртеуі өзге елдерге ұшып кеткен. Табылған 40 адамның 11-і ауруханаға жатқызылған.

Толығырақ: Коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың жағдайы қандай?

Сағат: 20.00. Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасы брифинг өткізді

Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова Италиядан коронавирус жұқтырған адамы бар ұшақпен ұшып келген 20 адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Бұл ұшақ Милан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан маршрутымен ұшқан.

Ұшақта 90 жолаушы болса, олардың 84-і – Нұр-Сұлтан тұрғындары. 6 жолаушы Қазақстанның өзге өңірлеріне кетіп қалған.

Сағат: 21.30. "Қазақстан" телеарнасы эфирінде ДСМ баспасөз хатшысы мәлімдеме жасады

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп Қазақстанда коронавирус жұқтырған төртінші адамның тіркелгенін хабарлады. Ол – 9 наурызда Германиядан Алматыға ұшып келген, коронавирус жұқтырған азаматтың әйелі. Бұған дейін үй карантинінде болған ол жағдайының нашарлауына байланысты жедел жәрдем қызметін шақырған. Оның анализдері коронавирус жұқтырғанын көрсетті.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

14 наурыз, екінші күн
Сағат: 10.00. Семей денсаулық басқармасы хабарландыру жасады

13 наурызда Covid-19 күдігімен инфекциялық ауруханаға жатқызылған ОАР азаматынан коронавирус табылмағаны белгілі болды.

Сағат: 11.00. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Twitter арқылы мәлімдеме жасады

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек коронавирус індеті таралу қаупінің алдын алу үшін шектеу шараларының енгізілуіне байланысты Nur Otan партиясының 2020 жылғы 18 наурызға белгіленген Саяси кеңесінің отырысын өткізу тоқтатылатынын хабарлады.

Толығырақ: 18 наурызға жоспарланған Nur Otan саяси кеңесінің отырысы өтпейтін болды

Сағат: 11.00. "Алматы" телеарнасы эфирге арнайы хабар шығарды

Хабар жүргізушісі Алматыда үш зертханада коронавирусқа тест тапсыруға болатынын хабарлады. Олар:

Ұлттық сараптау орталығы (Жібек жолы даңғылы, 3);
Қазақстан карантиндік инфекциялар ғылыми орталығы (Капальская көшесі, 14);
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау ғылыми-тәжірибелік орталығы (Әуезов көшесі, 84).
Тест тегін жасалады. Оның қорытындысы тест тапсырғаннан кейін 3-4 сағат ішінде дайын болады. Алайда зертханаға өз бетімен барудың қажеті жоқ. Өйткені, мұнда науқастарды қабылдамайды. Бұл үшін дәрігерлерге хабарласу жеткілікті, олар емханалар мен инфекциялық ауруханаларда анализ ала алады.

Вирусқа күдік пайда болса, қайда хабарласу керек?

тұрғылықты жері бойынша емханаға;
қалалық инфекциялық ауруханаға;
103 номері бойынша;
Денсаулық сақтау министрлігінің 1406 жедел желі номері бойынша;
382-35-36; 382-33-50 жедел желі номерлері бойынша хабарласуға болады.
Сағат: 11.30. Денсаулық сақтау министрлігі брифинг өткізді

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп коронавирус жұқтырған тағы екі адамның анықталғанын хабарлады. Олар – Шығыс Еуропадан ұшып келген екі қазақстандық азамат:

10 наурызда Мәскеуден Алматыға ұшып келген 1958 жылғы ер адам;
Варшавадан Нұр-Сұлтанға ұшып келген әйел.
Оқи отырыңыз: Оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Қазақстан тағы қандай сақтық шараларын қабылдады?

Сағат: 11.27. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Facebook желісінде хабарлама жасады

"13 наурыздың түні USAID пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Қазақстанның үкіметіне Covid-19 жұқпалы ауруымен күресу және оның таралуын болдырмау үшін берілетін жеке бас қорғаныс құралдары бар жүктердің жеткізілуін күтіп алды" деп жазды АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Facebook желісінде.

Сағат: 11.30. Үкімет мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балабақшалардың жұмыс істей беретінін, сондай-ақ, үйде жұмыс істейтін мұғалімдерге жалақы төленетінін хабарлады.

16 наурыз бен 5 сәуір аралығында оқушылар демалады. 5 сәуірден кейін қажеттілік болған жағдайда қашықтықтан оқытуға көшеді.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова концерттер, мәдени шаралар тоқтатылғанын айтты. Бұған дейін билет алған азаматтар оны кассаға, алған жеріне тапсырып, ақысын қайтара алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев медициналық мекемеге, үйге карантинге алынған барлық жұмысшыларға еңбекке уақытша жарамсыздық қағазы берілетінін хабарлады.

Сағат: 12.40. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Денсаулық сақтау министрлігі 10-12 наурызда Франкфурт, Мәскеу және Варшавадан ұшып келген жолаушыларға үндеу жасап, олардың 1406 не 103 номерлері арқылы хабарласуын сұрады. Себеп – олар ұшып келген ұшақтарда коронавирус жұқтырған азаматтар болған. Бұл рейстер:

№0646 Франкфурт – Нұр-Сұлтан – Алматы (10 наурыз);
№SU-1956 Мәскеу – Нұр-Сұлтан (12 наурыз);
№195 Варшава – Нұр-Сұлтан (10 наурыз).
Сағат: 13.00. Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасы баспасөз мәслихатын өткізді

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова қалада коронавирус жұқтырған адамдардың саны бесеуден асатын болса, төтенше жағдай жарияланатынын хабарлады. Бұл ретте нақты шешімді ағымдағы жағдайға талдау жасай отырып, қаланың бас санитарлық дәрігері қабылдайды.

Сәуле Кисикова, сондай-ақ, Милан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша 12 наурызда Қазақстанға ұшып келген барлық жолаушының анықталғанын хабарлады. Ұшақта барлығы 89 жолаушы болған. Олардың ішінде:

42 адам Қазақстан;
42 адам Ресей;
5 адам өзге елдердің (Нидерландтар, Австралия, АҚШ, Украина, Мексика) азаматы.
89 жолаушының 21-і ел аумағынан шығып кеткен, бүгінде олар Ресейде. 35 адам Нұр-Сұлтан аумағынан шығып кеткен. Олардың 14-і Алматы, Атырау, Степногорск және Қарағандыда стационарға жатқызылған.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі

Сағат: 15.00. Алматы денсаулық сақтау басқармасы хабарландыру жасады

Алматы тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың карантинге жатқызылғаны белгілі болды. Себеп – ол 10 наурызда №0646 Франкфурт – Нұр-Сұлтан – Алматы рейсінде болған.

Сағат: 16.10. Ішкі істер министрі мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық полицияның ерекше қызмет режиміне көшкенін хабарлады. Тәртіп шаралары күшейтіліп, полиция мен Ұлттық гвардияның жаяу нарядтары көбейген. Сонымен қатар, стратегиялық және ерекше маңызы бар мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігі күшейтілгені белгілі болды. Көп адамның қатысуымен өтетін кездесулер мен шаралар тоқтатылып, қызметкерлердің шетелге қызметтік іссапарға шығуы шектелген.

Оқи отырыңыз: Студенттер 16 наурызға дейін жатақхананы босатуы тиіс пе? Білім және ғылым министрлігінің жауабы

Сағат: 17.00. Алматы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз мәслихатын өткізді

Баспасөз мәслихатында Алматыға коронавируспен күреске республикалық бюджеттен 73,5 млн теңге және қала әкімінің резервінен тағы 94,5 млн теңге бөлінгені белгілі болды. Қаржы жеке қорғаныс заттарын (бір реттік қорғаныс костюмдері, инфекциялық ауруханаға тасымалдаудағы қорғаныс шаралары, қорғаушы резина қолғаптар), дәрі-дәрмек, вирусқа қарсы препараттар алуға жұмсалады.

Сағат: 18.00. Алматы облысы бас санитарлық дәрігері қаулы қабылдады

Алматы облысы бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтың қаулысына сәйкес, "Қорғас" шекара маңындағы әріптестік халықаралық орталығы 15 наурыздан бастап жұмысын тоқтатады.

Сағат: 18.30. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қаулы қабылдады

Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 14 наурыздағы қаулысы бойынша коронавирус бойынша қолайсыз елдер тізімі өзгереді. Жаңа қаулы 17 наурыздан бастап күшіне енеді:

1 А санаты – Иран, Италия;
1 Б санаты – ҚХР, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Испания;
2 санат – Австрия, Бельгия, Дания, Катар, Норвегия, Нидерландтар, БАӘ, Швейцария, Швеция;
3 санат – Әзербайжан, Ұлыбритания, Ирак, Люксембург, Словения, АҚШ, Чехия, Жапония.
Толығырақ: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары
Сағат: 22.48. Президент Twitter желісі арқылы мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде қазақстандықтарды сабырлық танытып, жеке гигиенаны сақтауға шақырды.

"Өкінішке қарай, коронавирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Үкімет пен әкімдер өзіміздің және шетел азаматтарының қауіпсіздігі үшін айрықша шаралар қабылдауда. Жағдай толық бақылауда. Сабырлық танытып, жеке гигиенаны сақтау қажет. Арандатушылар жазаланады" деп жазды ол Twitter желісінде.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
науқас адамдармен байланысқа түспеу;
салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

informburo.kz




Көрілген: 361    Пікірлер: 0

жексенбі, 15.03.2020, 12:42

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31