Денсаулық

Коронавирустың клиникалық сипаты өзгерді - Қазақстандық дәрігерлер

  • © Sputnik / Илья Питалев

    © Sputnik / Илья Питалев

Жұма күні Қазақстанның ведомствоаралық комиссиясы коронавирустың жаңа дельта-штаммы (үнді) елдің барлық аймағында анықталғанын хабарлады. Дәрігерлер мен эпидемиологтар жаңа мутацияның аса қауіптілігі мен ауру әлдеқайда қиын өтетіні туралы дабыл қағуда.

 

Sputnik Қазақстан тілшісі коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина мамандары және инфекционист дәрігерлермен сұхбаттасып, жаңа дельта-штамның кәдімгі коронавирустан айырмашылығы қандай және ол расында да соншалықты қауіпті ме деген сұрақтарға жауап алды.

 

Өкпе үш күнде зақымдалады

 

Инфекционист Сәуле Атығаева бір жарым жылдан бері ковид госпиталінде жұмыс істеп келеді. Ол күн сайын коронавирус жұқтырған науқастарды емдеп жатыр. Сондықтан коронавирустың үнді штамы иммунитеті жоғары жас адамдарға да жұғып жатқанының куәсі болып жүр. Бұл ауру өте ауыр сипатта өтеді және ішкі ағзаны алдыңғы вирусқа қарағанда екі есе жылдам зақымдайды. Медицина қызметкерлері екі айдан бері осы жағдайды өз көзімен көріп отыр.

 

"Мамырдан бастап ауруханадағы науқастардың жағдайы басқаша сипатта бола бастағанын абйқадық. Жағдайы ауыр науқастар саны артты. Байқағанымыздай, аурудың бастапқы кезеңі, яғни тұмауға ұқсас сатысы өте қысқа уақытқа созылатын болған. Егер бұған дейін науқастар жөтеліп немесе мұрны бітіп 3-5 күн жүрсе, қазір бұл уақыт 1-2 күнді құрап отыр. Өкпенің зақымдалуы да үдей түсті. Сондықтан бұл жаңа мутация болар деген күдік пайда болды", - деді Атығаева.

 

Мысалы, өкпесінің 4%-і зақымдалған науқас ауруханаға келіп түседі де, шамамен үш күннен соң оның жағдайы нашарлайды: науқас ентігіп, кеуде тұсында ауырсыну пайда болады, қандағы оттегі көлемі азаяды. Қайтадан тексеру жүргізу нәтижесінде өкпенің 70%-і зақымдалғаны анықталады.

 

"Бас-аяғы үш-төрт күннің ішінде зақымдану ошағы ұлғайып, өкпе үштен екісі вирусқа шалдыққаны анықталады", - деді инфекционист.

 

Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың аға дәрігері Абзал Малбасқановтың айтуынша, үнді штамын жұқтырғандар саны тәулігіне 1000 науқастан да асып кетуі мүмкін. Ол жаңа штамның британ мутациясынан басты айырмашылығы ретінде ауру белгісі жоқ науқастар санының азайғанын атады.

 

"Өткен жылғы штам кезінде біз "егер 100 адам вирус жұқтырса, оның 10%-інде ауру клиникалық симптоматикамен анықталды. Ол кезде "симптомсыз" және "жеңіл" деген ұғым болды. Ал қазір симтомсыз науқастар саны азайып келеді. Бұл алдыңғы штамнан басты айырмашылығы", - деді ол.

 

Ауру ауыр өтеді және барлық органды зақымдайды

 

Атығаеваның айтуынша, ішек жолдары жұмысының бұзылуына, іштің кебуіне, тәбеттің нашарлауына, іштің өтуіне, буындардың ауыруына шағымданатын науқастар көбейген. Кей науқастардың естуі нашарлап, басы ауыратыны және іс-қимылы баяулап, ұйқысы бұзылатынын байқаған.

 

"Орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Бұрын науқастардың дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, ауруханаға түсетін. Қазір интоксикация мен дене қызуы мұншалықты айқын емес. Бірақ өкпе мен өкпеден тыс аумақтар қатты зақымдалады. Өкпе – бұл басты зақымдалатын орган. Коронавирус сондай-ақ бас миын, жүректі, бауырды, бүйректі, асқазан-ішек жолдарын, теріні, буындарды зақымдайды. Барлық дерлік орган мен ағзадағы жүйе коронавирус, әсіресе дельта-штамм зақымдалуына бейім", - деді Сәуле Атығаева.

 

Дәрігер Абзал Малбасқановтың айтуынша, егер алдыңғы штамм кезінде науқастардың иіс және дәм сезуі бұзылса, қазір бірінші орында мұрынның бітелуі, тамақтағы ауырсыну, құлақтағы шуыл тұр.

 

"Есту аппараты зақымдалатындықтан, есту нашарлайды, іш өтіп, буындарда қатты ауырсыну пайда болады. Британдық штамм кезінде көбіне бұлшықет ауыратын", - деді Малбасқанов.

 

Оның айтуынша, дельта-штамм кезінде жиі жағдайда жүрек-қантамыр жүейсінде асқыну туындайды.

 

"Британ штамы кезінде алдымен өкпе, содан кейін асқыну түрінде жүрек зақымдалатын. Ал дельта-штамм кезінде алдымен қантамыр жүйесі, содан кейін ғана өкпе зақымдалады. Қантамыр жұмысының күрт нашарлауы байқалады", - деді Абзал Малбасқанов.

 

Тамырда қан айналымы баяулап, қанмен қамтамасыз ету төмендейді. Жүрек пен тамырға зақым келеді. Тамырдың зақымдалуы салдарынан бүйрек, бауыр, ішек тәрізді органдардың жұмысы бұзылады.

 

Медицина мамандарының айтуынша, дельта штамның инкубациялық кезеңі әлдеқайда қысқа мерзімді құрайды.

 

"Адам популяциясында жылдам таралуы дельта штамға тән. Егер бұрын вирус ағзаға түскеннен алғашқы белгілері анықталғанға дейін 10-14 күн өтсе, қазір бұл уақыт екі есе қысқарып, 5-7 күнді құрап отыр", - деді Атығаева.

 

Дельта-штамм кезінде ағза тез зақымдалып, бес күннен кейін жоғары температура, қалтырау сынды белгілер пайда болады. Малбасқановтың айтуынша, кейде қалтырау жеті күнге дейін созылады.

 

"Барлығы әлдеқайда жылдам және ауыр сипатта өтеді. Кейде науқас коронавирус жұқтырғанын немесе басқа аурумен ауырғанын анықтауға уақыт жетпей қалады. Біздің менталитет басқа: егер салқын су ішіп немесе кондиционер жанында тұрып суықтап қалсақ, біз түрлі сылтаумен уақыт жоғалтамыз. Ал үнді штамы кезінде әр сәт бағалы. Ол адам ағзасын бірнеше күнде толық зақымдайды", - деді дәрігер.

 

Аса жұқпалы

 

Абзал Малбасқанов аса жұқпалылықты үнді штамының ерекшелігі ретінде атады.

 

"Егер өткен жылы ковидтің қарапайым штамы 3-4 адамға жұқса, британдық штамм – 5-6 адамға, ал үнді штамы – 12 адамға жұға алады. Ол әлдеқайда жылдам жұғады. Сондықтан біз жағдай күрт нашарлауы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Өткен жылдың жазынан кейін кез келген жағдайға дайынбыз. Осы жылы Алматыда тәулігіне 717 адам ауру жұқтырғанда да біз сәтті күресе алдық", - деді медицина маманы.

 

Жүкті әйелдер мен балалар үшін де қауіпті

 

Үнді штамы жаңа болғандықтан, біздің иммундық жүйеміз оған дайын болмады. Сондықтан ауыр жағдайдағы науқастар саны артты. Вирус тіпті 30-40 жастағы адамдарға да жұға бастады.

 

"Бұл жағдайға анализ жүргізіп, біз жаңа штамм көбіне жас адамдарға жұғады деген қорытындыға келдік. Себебі олар қоғамдық және көңіл-күй көтеретін орындарда көп жүреді. Жастардың арасында ауру жұқтырғандардың көп болуы да осы себепті шығар", - дейді дәрігер Малбасқанов.

 

Сонымен қатар маусымнан бері ауруханаға жатқан балалар саны өсті.

 

"Балаларға арналған инфециялық ауруханада жаңа туған нәрестенің де ауру жұқтырғаны тіркелді. Бір отбасындағылардың түгел вирус жұқтыру жиіледі. Бұл вирустың жылдам таралуын білдіріп отыр. Сәйкесінше ауруханаға жатқандар саны да артты. Бұрын күніне 50-60 адам ауруханаға жеткізілсе, қазір айтарлықтай көп. Стационарлардағы орын 75%-ке толып тұр", - деді Атығаева.

 

Реанимациядағы орындар толуға жақын және оттегі мен интенсивті көмек қажет науқастар саны өсті.

 

"Бұл ауруға жол бермеудің ең маңызды себебі деп ойлаймын. Сондықтан вакцина салғызу керек. Бұл инфекция кезінде иммунитетке сеніп жүруге болмайды. Себебі ілеспе ауруы жоқ жас азаматтар да ауру жұқтырып жатыр", - деді медицина маманы.

 

Сонымен қатар жүкті әйелдердің де ауру жұқтыруы жиілеген. Сәуле Атығаевның айтуынша, 20-21 жастағы жүкті жас әйелдер де реанимация бөліміне түсіп жатыр. Ол сәби сүюді жоспарлап жүрген әйелдерге жүктілікке дейін үш ай бұрын екпе салдыруға шақырды. Себебі антиденелердің жоғарғы деңгейі қалыптасып үлгеруі керек.

 

"Коронавирус жатырдағы балаға қалыпты ағзаға әсер еткендей зиян келтіреді: пневмония тудырып, қан ұюы мүмкін, бас миына қан кетуі де ықтимал", - деді инфекционист.

 

Ауру жұқтырғаннан кейін есте сақтау, иіс сезу мен есту нашарлайды

 

Оның айтуынша, дельта-штаммен ауырып тұрғаннан кейінгі денсаулыққа келген зиян жайлы әзірше айту қиындау. Алайда коронавирус салдарын жалпыласа, онда альфа-нұсқаның (бастапқы Ухань вирусы) салдары белгілі.

 

"Өкпе тіндері, жүрек, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы байқалады. 37,2-37,3 шегіндегі жоғары температура, әлсіздік сақталып, есту және иіс сезу бірнеше ай бойы қалпына келуі мүмкін. Сонымен қатар буындар ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлайды, жүрек ырғағы бұзылады, артериалық гипертензия, қандағы глюкоза деңгейі артады", - деді Сәуле Атығаева.

 

Үнді штамы төңірегіндегі қауесет

 

Medsupportkz волонтері, PhD, ғалым вирусолог және ғылыми насихаттаушы Әсел Мұсабекова басқа пікір білдірді. Ол үнді штамының клиникалық сипатындағы өзгешеліктер жайлы айтуға әлі ерте дейді.

 

"Симптомдардың өзгеруіне қатысты түрлі пікір бар. Кейбіреулер өзімізге жақсы таныс ковид кезіндегі шаршаңқылықтан гөрі іш өту, құсу секілді асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, кәдімгі тұмауға ұқсас белгілер басым дейді. Алғашқы күндері мұрынның бітелуі және тамақтағы қыжыл секілді белгілер көп кезедседі. Алайда статистикалық тұрғыда айтарлықтай айырмашылықты байқамадым", - деді ол.

 

Мұсабекова балалар мен жасөспірімдер арасында ауру жұқтырғандардың көп болуына бірқатар дамыған елде ересек адамдардың көбі вакцина салдырғаны себеп дейді.

 

"Екпе салдырмағандардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екені белгілі. Сондықтан вирус жұқтырғандар арасында олардың саны басым болады. Оның таңғалатын тұсы жоқ. Бұл штамм балалар үшін аса қауіпті деп айтуға еш негіз жоқ", - деп сенімділік танытты ғалым.

 

Ол аяқ-қолды кесу туралы түрлі үрейлі қауесет таратпаса да, коронавирус әрбір адам үшін қорқынышты дертке айналғанын айтты. Реанимация бөлімінде не болып жатқанын көрудің және ковидтен кейін жағдай туралы оқудың өзі жеткілікті.

 

"Вакцина салғызу үшін осының өзі жеткілікті деп ойлаймын. Штамдар арасындағы айырмашылық аса елеулі емес", - деді Әсел Мұсабекова.

 

 

 

sputnik.kz




Көрілген: 1309    Пікірлер: 0

сенбі, 03.07.2021, 23:01

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30