Денсаулық

Медициналық мифтер. Әйелдер еркектерден көп сөйлей ме?

  • Медициналық мифтер. Әйелдер еркектерден көп сөйлей ме?

    Медициналық мифтер. Әйелдер еркектерден көп сөйлей ме?

 Әйелдер күніне 20 мың сөз қолданады, ал еркектер бар болғаны – 7 мың. Әйтеуір, ғылыми-танымдық басылымдар мен жинақтар солай жазады. Былай қарағанда авторитеті мықты сарапшылардың пікірімен беки түскен бұл кең таралған байлам нәзік жыныстылар уақытын өсек айтумен өткізеді, ал еркектер өмірдегі түрлі жағдайларды табанды түрде қабылдап, сыр ашып, мұң шағуды қажет етпейді деген стереотипті көзқарастың тамыр жаюына мүмкіндік берді. Бірақ, бұл расында солай ма?

Сөзшеңдікті бірнеше тәсілмен өлшеп көруге болады. Адамдарды аудиторияға жинап, бір тақырыпты талқылауға беріп, әңгімені жазып алу керек. Олардан үйдегі әңгімелерін де күнделікті жазып алуын сұрауға болады. Әңгіме барысында әр адам жалпы қанша сөз қолданды, қанша ескертпе жасады немесе әңгімеге әр араласқан сайын орташа алғанда қанша сөз сөйледі, бәрін есептеу керек.

73 баланың арасында өткен зерттеу қорытындыларын салыстыра келе, америкалық ғалымдар расында қыз балалардың ұлдарға қарағанда көбірек сөйлейтінін анықтады, бірақ, сондай бір айырмашылық жоқ. Оның үстіне, бұл айырмашылық олардың достарымен емес, ата-аналарымен болған әңгімелерінде ғана байқалған. Сосын, ең маңыздысы деп алсақ: бұл тенденция екі жарым жасқа дейін ғана байқалған, яғни, мұны ұл балалар мен қыз балалардың сөйлеу машығындағы даму жылдамдығының көрінісі деуге болады.

Сонымен, балалардың арасында сөйлеу бойынша соншалық айырмашылық жоқ екен. Ересектер арасында нені байқаймыз? Әлгі балалалар арасындағы кішкене ғана айырмашылықты анықтаған Санта-Крус қаласындағы (АҚШ) Калифорния университетінің психолог-ғалымы Кэмпбелл Липер бұл тақырып бойынша да мета-анализ жасап, ер адамдардың сөзуарлау келетінін байқайды. Бірақ, мұндағы айырмашылық та болмашы ғана.

Липердің қорытындысын лингвист Деборой Жеймс пен әлеуметтік психолог Женнис Дракичтің осы төңіректе жүргізген 56 зерттеуі растайды. Бұл зерттеу 1993 жылы ерекетер мен әйелдердің тілдік ерекшеліктеріне арналған кітапта жарияланды. Зерттеулердің тек екеуінде ғана әйелдердің көп сөйлейтіні анықталса, қалған 34-і көп жағдайда еркектердің сөзшең келетінін растаған. Әрине, зерттеу жұмыстары әр түрлі тәсілдермен жүргізілген, оларды салыстыру да өте қиын.

Әдеттегідей, шынайы өмірдегі сөздерді жазып алу бәрінен қиын, өйткені, мұнда қатысушылардың бүкіл әңгімесін жазып алуға тура келеді. Дегенмен, кейін Остин қаласындағы (АҚШ) Техас университетінің психологы Джеймс Пеннебейкер әр 12,5 минуттың 30 секундтық дыбысын таспаға түсіретін құрылғы ойлап тапты. Пеннебейкердің электронды-белсендіруші диктофоны (ЭБД) өшірілмейді, сол себепті, оның арқасында шынайы болмыстың неғұрлым дәл көрінісін алуға болады.

2007 жылы америкалық Science журналына шыққан зерттеу қорытындысында Пеннебейкер зерттеуге қатысушылар ояу жүрген 17 сағаттың ішінде әйелдер 16 215, еркектер 15 669 сөз айтқанын анықтаған. Мұнда да айырмашылық болмашы ғана.

Әлбетте, әңгіменің бәрі бірдей өте бермейді. Қорытынды тыңдаушыға да байланысты болуы мүмкін. Веллингтон қаласындағы (Жаңа Зеландия) Виктория университетінің зерттеушісі Жанет Холмс өткізген жүздеген көпшілік кездесулердің сараптама қорытындысы бойынша, тіпті, ер мен әйел тең отырған кездесулерде де сұрақтардың үштен екісін еркектер қойған.

Зерттеу қорытындылары керісінше болса да, біз бәрібір әйел көп сөйлейді дегенге үйреніп алғанбыз. Негізінде, бұл әлгі біз ер мен әйел арасынан айырмашылық іздейтін көп салалардың бірі. Бірақ, тәжірибе арқылы алынған көрсеткіштер еркектер мен әйелдердің біз ойлағандай емес, әлдеқайда ұқсас екенін көрсетеді.

Биыл (2014. – ауд.) ғалымдар сөздік, тілдік дамуға жауап беретін ми бөлігінде маңызды есептелетін ақуыздың қыз балаларда ұл балаларға қарағанда 30%-ға көп екенін мәлімдеді. Кейбір танымал БАҚ-тар бұл ақпаратты әйелдердің ылғи да ауыз жапай сөйлейтінінің дәлелі ретінде талқылап кетті.

Анығында, бұл қорытынды әйелдер жайлы да, еркектер жайлы да ештеңе айта алмайды. Бұл тәжірибені жасау үшін егеуқұйрықтың балаларын пайдаланған және ұл-қызы аралас 10 баланы тесттен өткізген. Авторлардың өзі бұған негіздеп анау айтқандай қорытынды жасауға болмайды дейді. Олардың айтуынша, ақуыздың аз-көптігіне қарап тілдік машықтануды анықтауға бола ма деген мәселе қосымша зерттеудің тақырыбы.

Сонда еркектер 7 мың, әйелдер 20 мың сөз сөйлейді екен-міс деген әңгіме қайдан шықты? Бұл қорытындылар Сан-Францискодағы (АҚШ) Калифорния университетінің нейропсихиатр-ғалымы Луэнн Брайзендиннің 2006 жылы шыққан «Әйелдің миы» кітабының супермұқабасына жазылып, осы кітап туралы рецензияларда кеңінен сөз болды.

Пеннсильвания университетінің (АҚШ) лингвистика профессоры Марк Либерманн пайдалы кеңестер жазылған әлдебір кітаптан алынған бұл қорытындыға күмән келтіргенде, Брайзендин де онымен келісетінін айтты және бұл ақпаратты келесі басылымдарда алып тастауға уәде берді.

Либерманн бұл статистиканың қайдан шыққанын ары қарай зерттемек болғанмен, осыған ұқсас мағлұматты 1993 жылы шыққан некеге тұрушыларға арналған ақыл-кеңестер буклетінен ғана ұшыратқан. Мұндай кітапшаны ғылыми қорытындылардың сенімді дереккөзі деп есептеуге болар ма екен…

Клаудиа Хаммонд,

BBC Future

malim.kz




Көрілген: 501    Пікірлер: 0

жексенбі, 08.03.2020, 14:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30