Денсаулық

Невропатолог адамдар не себепті инсульт алатынын айтты

  • Невропатолог адамдар не себепті инсульт алатынын айтты

    Невропатолог адамдар не себепті инсульт алатынын айтты

Невропатолог инсульттың алғашқы үш белгісі бар екенін айтады. Адамның бет терісінің салбырауы, кеуде тұсқа дейін көтеріп созғанда қолды бір сызық бойымен ұстай алмау және жеңіл фразаны қайталай алмау
29 қазан &ndash Дүниежүзілік инсультқа қарсы күрес күні. Инсульт &ndash ми қан тамырларының бітелуі немесе жарылуы кезінде пайда болатын ауру. Атаулы күнге орай невропатолог, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының екінші дәрежелі дәрігері Әсем Телеубаева Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, инсульттың алдын алу, жедел жәрдем келгенге дейін көрсетілу қажет көмек жайлы айтты.

&ndash Инсульт тек егде жастағы адамдарда бола ма? Кейінгі кезде инсульттің де "жасарып" жатқаны жайлы естиміз. Статистика не дейді?

&ndash Жыл сайын 40 мыңнан астам инсульт алады. Оның ішінде 5 мың адам алғашқы 10 күнде қайтыс болады. Тағы 5 мың адам ауруханадан шыққаннан кейін қайтыс болады. Бұл &ndash ауруханаға жеткізілген науқастар есепке алынған статистика. Жедел жәрдем келмей жатып қайтыс болатын адам да көп. Ең көп сырқаттанушы &ndash 41 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар, одан кейін 61-70 жас аралығындағы науқастар, алайда бұл ауру қазір жастар арасында да кездеседі.

Инсультқа ұшыраған адамдарды саралайтын болсақ, науқастардың 50%-ті сыртқы фактор салдарынан ауырады. Мысал ретінде жас жігітті алайық. Ол бірнеше күн бойы компьютер алдында отырады, аз қозғалады, майлы тамақ жейді. Мұның бәрі семіздікке алып келеді. Оған қосымша темекі тартып, ұйқысы қанбай, жүйке жүйесі тозса, адамның қан қысымы жоғарылайды. Оның бәрі инсультқа алып келеді.

Инсультқа генетика да әсер етеді. Жақын туысы ауырған адам да кейін инсульт алуы мүмкін. Сонымен қатар қант диабеті, жүрек ауруы, жүрекше фибрилляциясы, гипертония, ми қан тамырларының туа біткен патологиялық аурулары инсультқа алып келеді.

Қарт адамдар қан қысымының жоғарылағанына бейімделген. Оларда гипертония (қан қысымының төмендеуінен әртүрлі мүшелер мен тән жүйелерінде ауытқулардың пайда болуы) ауруының көп жылдық тәжірибесі бар. Жастарда ондай жоқ. Сол себепті жастар арасында инсульт жиі кездеседі.

&ndash Бір рет инсульт алған адам екінші рет ауырып қалуы жиі кездесе ме?

&ndash Инсульт алған барлық науқаста бірінші жылы жағдайдың қайталану қауіпі жоғары. Ал науқас ауруханада емделіп, үйге шыққан кезде барлық ұсынысты орындаса, инсульттің қайталану қауіпі азаяды. Себебі инсультпен ауырып шыққан науқастар өмір салтын толығымен өзгертеді. Науқас жедел жағдайдан шыққаннан кейін бірден оңалту шаралары басталады. Науқастың жұтыну, сөйлеу, жүру секілді қалыпты әрекеттерін орындау қабілеті қаншалықты бұзылғаны анықталады. Науқас үйге шығатын кезде оның туыстарын моральдық тұрғыдан дайындаймыз. Күнделікті қандай мөлшерде сұйықтық ішу керек екені, ұйқы режимі, жаттығу жұмыстары түсіндіріледі.

&ndash Инсульттың қандай түрі бар? Қай түрі жиі кездеседі?

&ndash Аурудың үш түрі бар: ишимиялық, гемморрагиялық, субарохноидальді инсульт. Ең жиі кездесетін түрі &ndash ишимиялық инсульт. Бұл &ndash мидың бір бөлігінде тромбтың пайда болуы. Соның салдарынан мидың бір бөлігінің қан айналымы азаяды немесе қан айналымы тоқтайды. Гемморрагиялық инсульт &ndash қан тамырының атылуы. Субарохноидальді инсульт &ndash ми қабығы тамырларының жарылуы нәтижесінде пайда болатын ми мен оның қабығы арасында пайда болған қанды ісік.

&ndash Адамдар инсульттің қандай белгілерін міндетті түрде білу керек?

&ndash Инсульттың алғашқы белгілері &ndash беттің қисайып кетуі. Науқасқа "жымиыңыз, тісіңізді көрсетіңіз" дегенде, бір беті төмен салбырап тұрады. Сондай-ақ, екі қолды көтеріп, кеуде тұсымен бір сызық бойында ұстап тұрыңыз дейміз. Сондай жағдайда бір қолы төмен түсіп кетеді. Үшінші белгісі &ndash жеңіл фразаны қайталау. Соны қайталай алмау инсульттың бір белгісі болып есептеледі.

&ndash Инсульт болған жағдайда жедел жәрдем келгенше қалай көмек көрсеткен жөн?

&ndash Үй жағдайында инсульт белгілерін байқаған кезде науқасты тыныштандырып, төсекке жатқызу керек. Бас жағы 30 градусқа жоғары болатындай етіп, жастық қойған жөн. Егер науқас есінен танып қалған болса, қырымен жатқызу қажет. Өйткені ол құсуы мүмкін. Жейдедегі түймені ағытып, ауа ағынын қамтамасыз ету керек. Мүмкіндік болса, жедел жәрдем келгенше қан қысымын өлшеп, жоғары болса, қысымды төмендететін дәрі беру керек. Сонымен қатар инсульт белгісі байқалған жағдайда науқасқа тамақ беру және қан тамырын кеңейтетін дәрі беруге тыйым салынады.

&ndash Инсульттың алдын алу бойынша қандай да бір нұсқама бар ма?

&ndash Иә, аурудың алдын алу бойынша бірнеше нұсқама бар. Бұл қан қысымын бақылау, қандағы холестерин деңгейін бақылау, қандағы қант деңгейі мен өз салмағын бақылау, дұрыс тамақтану, темекіні тастау, жаттығу жасау, күйзелісті бақылау, жыл сайын медициналық тексеруден өту.

Артық салмақ инсульт қауіпін арттыратын бірнеше факторды өзімен бірге алып келеді. Бұл &ndash қан қысымының жоғарылауы, жүрек қан тамырлары ауруы және қант диабетінің дамуы.

&ndash Инсульттан кейін емделу орта есеппен қанша уақытқа жалғасады?

&ndash Науқастарға 6 айдан 2 жылға дейін ем алу қажет екенін айтамыз. Бірақ оның нақты жауабы жоқ, өйткені бұл науқастың өзіне де, жанындағы туыстарына да байланысты. Егер науқас ем алуға дайын болып, инсульттың қайталанбауы үшін барлық шараны жасаса, тез сауығып кетуге мүмкіндік бар.
 




Көрілген: 1720    Пікірлер: 0

жұма, 30.10.2020, 12:05

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30