Онкологияға күдік болғанда МРТ және КТ тегін жүргізіледі

10 сәуір 2022, 23:52

Ағзада қатерлі ісік пайда болуы мүмкін деген күдік туындаса, ондай жағдайда қазақстандықтар МРТ және КТ сияқты тексерулерден тегін өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

 

Ведомство азаматтарға қауіпті дерттің алғашқы белгілері байқалған кезде қайда барып, қалай тексерілу қажеттігі жөнінде нұсқаулық таратты. Онда амбулаториялық жағдайларда қатерлі ісікке күдікті пациенттерге мамандардың консультациясы және тексеру «жасыл дәліз» бойынша – жалпы кезектілік пен шектеулерден тыс, 18 жұмыс күні ішінде жүргізілетіні айтылған. Сондай-ақ, онкологияға күдік болған жағдайда МРТ және КТ тегін түсірілетіні көрсетілген. Ол үшін тіркелген емханадан осы және басқа да тексеру түрлеріне жолдама алу қажет.

Қатерлі ісікке күдікті пациенттерді диагнозды анықтау үшін тереңдетіп тексеру онкологиялық орталыққа жүгінген кезден бастап 15 жұмыс күні ішінде, емдеу тактикасын нақтылау және терапияны дербестендіру 30 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. «Егер сіз немесе сіздің туыстарыңыз алғаш рет онкологиялық аурумен бетпе-бет кездесіп, не істеу керек, қайда бару керек, қандай талдаулар мен зерттеулерден өту керек екенін білмесе, онда тікелей эфирлерге қатысуға және мамандардың жауаптарын тыңдауға шақырамыз» делінген министрлік таратқан хабарламада. Мамандар кеңесі 11-14 сәуірде әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі. Спикерлердің тізімі, тікелей эфир өткізетін күні мен сағаты министрлік сайтында көрсетілген. Бұған дейін қатерлі ісікті ерте анықтаудың маңыздылығы туралы жазылған болатын.

ҚазАқпарат