Оңтүстік Африка дәрігері омикрон штамының екі симптомын атады

18 желтоқсан 2021, 01:41

Омикрон штамы көп тараған Оңтүстік Африка Республикасының дәрігері Райан Ноах The Telegraph-қа берген сұхбатында инфекцияның екі симптомын атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Известия" сайтына сілтеме жасап.

Дәрігердің айтуынша, омикрон жұқтырған науқастардың белі ауырып, тамағы жыбырлайды. 

 
Сонымен қатар, дәрігер бұл штамды жұқтырған науқастар дельта нұсқасына қарағанда ауруханаларға 23 пайызға аз түсетінін айтты. Ноах сарапшылар COVID-19-дың жаңа штамын жұқтырған 19 мыңға жуық жағдайды талдағаннан кейін осындай тұжырым жасағанын мәлімдеді.

The Telegraph мақаласында COVID-19-дың жеңіл өтуі жаңа Оңтүстік Африка штамы қауіпті емес дегенді білдірмейтінін айтты. 

Бұған дейін Ұлыбританияның денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік агенттігінің атқарушы директоры Дженни Харрис омикрон штамы пандемия кезіндегі елдің денсаулық сақтау жүйесі үшін ең қауіпті жағдай екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, коронавирустың бұл нұсқасы мутациялары көп болуымен ерекшеленеді, бұл штамм тіпті вакцина салғандар үшін де қауіпті.