Сәби неден сал болып туады?

21 желтоқсан 2021, 10:47

Атырау облысында сал болып туатын сәби көбейіп барады. Ресми деректерге қарағанда, кішкентайынан мүгедек деп танылған үш мыңнан астам баланың 867-інде түрлі деңгейде орталық жүйке жүйесі зақымданған. Олар уақытылы ем алып, үнемі дәрігерлердің бақуылауында болуы тиіс.

 

Биыл өңірде ашылған бейімдеу орталығы атыраулықтарға тегін қызмет көрсете бастады. Бірақ ол жеткіліксіз. 

 

Медина Серікқызы туғаннан сал ауруына шалдыққан. 6,5 айлығында дүние есігін ашқан бейкүнә сәби 9 жылдан бері дауасыз дертпен алысып келеді. Оның орталық жүйке жүйесі дұрыс жетілмеген. Мұнда Медина жүруді жаңа ғана үйреніп жүр.

 

Әйгерім Нұғыманова, Мединаның анасы:

 

– Үш ай сайын осы ауруханаға жатамыз. Нұр-Сұлтанға да, Алматыға да бардық. Қазір жаман емес, шүкір, аяғын басып жүреді. Тегін ем алып жатырмыз осы ауруханада. ЛФК, парафин токтары бар. Өзінің емдері көп, енді соның пайдасы тиіп жатырған шығар деп ойлаймын.

 

Орталық көмегіне мұқтаж Медина секілді 700-ден астам бала бар. Солардың бірі – Хасан Телебай. 15 жасар жеткіншек бұрынғы спортшы екен. Ол да аттам жерге аяқ басуға зар болған. Тағдыр теперішін тартқан балалар бұл арада кезегімен ем алады, үнемі дәрігерлердің бақылауында болады.

 

Арман Дуанбеков, емдеу-денешынықтыру қондырғысының нұсқаушысы:

 

– Ритм-рейссор деген қондырғы бар. Бала жүре алмағанда, бұлшық еттері жасамаған жағдайда сол бұлшық еттердегі нервті ояту үшін арналған. Бізге қол-аяғы қарысып қалған немесе сынған, түрлі жарақат алған балалар да келеді. Соларды да ашамыз. Күніне 50-дей бала келеді.

 

Атырау қаласы бойынша тіркелген төрт мыңға жуық мүгедек бала бар. Олардың 867-і туғаннан сал ауруына шалдыққандар. Науқастар осы жерде емделіп, алғашқы қадамдарын жасайды. Бірақ орталықтың да мүмкіндігі шектеулі, барлығын қамтуға қол қысқа. Орталық дәрігер көмегіне зәру балалардың тек 25-30 процентін ғана қамти алады. Алыс ауылдарда ем-домға қол жеткізе алмай жүргендер баршылық. Оларды өз бетінше аяғына тұрғызуға кез-келгеннің жағдайы жете бермейді. Сондықтан науқас сәби бағып отырған отбасылар қашан да мемлекет қолдауына зәру.

 

Құралай Тілеумағамбетова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы:

 

– Биылдан бастап ондай отбасыларға 50 мың теңгеден көмек көрсетілді. Сонымен қатар психиологиялық-медициналық педогогикалық кеңес негізінде 456 балаға 20 мыңнан әлеуметтік материалдық көмек көрсетіліп келеді. Бұл үйден оқитын балаларға арналған.

 

Ауылдық жерлерде сал ауруына шалдыққан балаларды емдейтін дәрігерлер жоқ. Бүгінде Атырауда балалар невропотологы, дефектолог, психолог-мамандарға сұраныс жоғары.

 

Сондықтан келешекте балалар саулығын жақсарту үшін кешенді бағдарлама қабылдау қажет.

 

 

 

24.kz