Семейде жалған вакциналау паспортын жасағандар ұсталды – видео

02 тамыз 2021, 15:52

Шығыс Қазақстан облысында жалған вакциналау паспортын жасау қылмысы ашылды. Екі медицина қызметкері 30-дан астам адамға вакцинаны тек құжат жүзінде салып берген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

"Семейде екі медицина қызметкері вакциналау паспортын сатып, ақша тапқысы келген. Ол үшін біреуі әлеуметтік-медициналық мекемеде істеп жүріп, адамдардан ақша алған. Әрбіреуі оның банк картасына 15 мың теңгеден жіберіп отырды. Ол осы ақшадан 10 мың теңгені тиісті құжаттарымен бірге жедел медициналық жәрдемде істейтін танысына ұсынған. Осылайша, екіншісі жалған вакциналау мәліметтерін деректер базасына енгізді", - деді ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыл Тұрлыбек бүгінгі онлайн брифингте.

 

Оның айтуынша, қазіргі кезде жалған вакциналау паспортын жасатқан адамдардан жауап алынып жатыр.

 

"Ұсталғандардың айтуынша, олар 30-дан астам адамға жалған паспорт жасап берген. Алайда тергеушілердің болжамына сәйкес, ондай адамдар одан да көп. Осы қылмыстың мән-жайы толығымен анықталғаннан кейін медициналық базаға енгізілген барлық мәлімет жарамсыз болып танылады", - деп атап көрсетті Тұрлыбек.

 

 

Медицина қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 385-бабы ("Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу") бойынша жаза тартылып отыр. Оған сәйкес, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жалған құжатты пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік бар.

 

"Бұдан бөлек, Өскемен қаласында полицейлер теріс нәтижесі бар ПТР-тесттерді рәсімдеуге көмек көрсету туралы хабарландыру жасаған 34 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз қызметін 15 мың теңгеге бағалаған", - деді Тұрлыбек.

 

Осы алаяқтық фактіге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Онда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.