Соңғы бір айда жекеменшік емханалардағы қызмет көрсету құны 3,5 пайызға өскен

15 мамыр 2022, 18:27

Азық-түліктен бөлек, елімізде медициналық қызметтердің құны да шарықтап тұр. Соңғы бір ай ішінде жекеменшік емханалардағы қызмет көрсету бағасы 3,5 пайызға көтерілген. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Мемлекеттік емханалардағы ұзын-сонар кезек, одан қалды қажетті маманның жоқтығынан қажып жекеменшік клиникаларға жүгініп жүрген тұрғындардың қалтасын қазіргі баға қағып бітті. Мұнымен қоса дәрі-дәрмектің де құны қымбаттап, 30 пайызға өскен. Әйтсе де, мемлекеттік органдағылар дәрі-дәрмектің бағасын бақылағанымызбен, жеке емханалардағы қызмет құнына араласа алмаймыз дейді.

 

Еnergyprom.kz мәліметінше, медициналық қызметтердің ішінде дәрігердің алғашқы қабылдауы ел бойынша бір айда 4,3 пайызға өскен. Сондай-ақ, стоматологиялық қызмет те халықтың қалтасын қағып отыр. Тіс дәрігеріне қаралу қазір 3,4 пайызға көтерілген. Мәселен, бір ай бұрын қазақстандықтар дәрігердің алғашқы қабылдауына орта есеппен 3 мың 900 теңге төлеген. Бірақ, ақ халаттылар қызмет құнын күрт көтерген. Атырауда бір ғана дәрігерге көріну үшін қалтаңызда кемі 5 200 теңгеңіз болуы шарт. Тек түркістандықтар үшін бұл қызмет әлдеқайда арзан, 2400 теңге. Ал, ақтаулықтар ультра дыбыстық зерттеуден өту үшін 4300 теңге шығындаса, Ақтөбеде мұндай зерттеу жасату 2 700 теңгенің төңірегінде.

 

Қан талдауларының бағасы Өскеменде 1 809 тенгеге өссе, талдықорғандықтар 863 теңгеге қан тапсыра алады. Медициналық қызметтерден бөлек, дәрі-дәрмектің де бағасы қымбаттаған. Әсіресе шетелдік қабынуға қарсы препарттар мен ауруды басатын дәрілердің бағасы 30 пайызға көтерілген. Дәрі-дәрмек құнын бақылаушы органдар, қымбатшылықты геосаяси жағдайлармен байланыстырады. Өйткені, отандық фармацевтика нарықтың тек 15 пайызын қамтамасыз етсе, қалған 85 пайызы шетелден келеді дейді.

 

 «Бірінші тоқсандағы сараптамаға сәйкес кейбір препараттардың бағасы өскен. Кейбірі керісінше төмендеген. Баға үнемі құбылып тұрады. Қазіргі геосаяси жағдай да кері әсерін тигізіп жатыр. Бізде сұранысқа ие украиндық препараттар қолжетімсіз болып қалды. Өйткені, зауыттардың жұмысы тоқтап тұр», - деді Қарағанды облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау депатраменті басшысының орынбасары Фарида Макеева.

 

Медициналық қызмет бағасы халықтың қалтасын қаққанымен, елде оны бақылайтын бір де бір орган жоқ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағалық шарт бұзылған жағдайда ғана қарастыратырылуы мүмкіндігін айтып отыр. Сондықтан, қазіргі баға әлі де құбылуы мүмкін.