Сүт безі қатерлі ісігіне қатысты кісі өлімінің деңгейі артып барады

19 қазан 2021, 10:30

Венесуэлада сүт безі қатерлі ісігімен ауыратындарды қолдау акциясы өтті.

Жергілікті ұйымдардың бірі тұрғындарды шашын қиюға шақырған. Ол кейін аты жаман ауруға шалдыққан әйелдер үшін жасанды шаш жасау үшін қолданылады. Белсенді топ өкілдерінің бұл мәселені көтеруі бекер емес. Өйткені елде диагнозды ерте қоятын ресурстар тапшы. Соның салдарынан сүт безінің қатерлі ісігіне қатысты кісі өлімінің деңгейі артып барады. Статистика бойынша, Венесуэлада күн сайын ауру 15 әйелде анықталады екен. Жалпы, былтыр әлемде тиісті диагноз 2 миллион 300 мың адамға қойылыпты. Оның 685 мыңы көз жұмған. Кісі өліміне қатысты ең жоғары көрсеткіш – Африка елдерінде.

Людмила Кальво, үкіметтік емес ұйымның басшысы: – Өкінішке қарай, қазір кісі өлімінің артып бара жатқанын көріп отырмыз. Неге дейсіздер ме? Өйткені жергілікті ауруханаларда арнайы жабдықтар жетіспейді. Соның салдарынан диагноз тым кеш қойылып жатады. Тиісінше емдеу курсын да кеш бастап, уақыт жоғалтып аламыз.

24.kz