Таразда 46 жастағы әйел жедел жәрдемнің салғырттығынан көз жұмды

28 желтоқсан 2022, 19:05

Таразда жедел жәрдем шақырған әйел жүректен қайтыс болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.

«Массың» деп, дер уағында келмей қойған.

 

Таразда 46 жастағы әйелдің туыстары оның өліміне жедел жәрдем қызметін айыптайды.

 

Айтуларынша, медицина мамандары хәлі нашарлап көмекке шақырған адамға «ішімдік ішкенсің» деп күдіктеніп, уақтылы келмей қойыпты. «Соның кесірінен жақынымыздан айырылдық» деген ағайын-туыс кінәлілерді қатаң жазалауды сұрап отыр

 

Людмила Остапенко үйінде жалғыз тұрған. Екі жыл бұрын оның жүрегіне ота жасалған. Ол сәтті аяқталып, қазір дәрі-дәрмек ішіп жүріпті. Марқұмның жақындары ол өзін жақсы сезінетін дейді.

 

Ал қайғылы жағдай күні 46 жастағы әйел инфаркт алып, жедел жәрдем шақырған. Олар орта есеппен жарты сағатқа кешігіп жеткен. «Соның кесірінен қызымнан айырылдым», - дейді анасы. 

 

Наталья Остапенко, Л.Остапенконың анасы:

 

- Бір емес, үш мәрте телефон соққан. Сөйлеуге мұршасы болмай жүрегі ауыратынын әзер түсіндіріпті. Ал олар: «Сіз массыз ба?» деп, қайтақайта сұрай берген. Менің қызым өзінің ішімдік ішпегенін түсіндіре алмаған. Содан жедел жәрдем кешігіп жетіп отыр.

 

Марқұмның туыстары бұл шақырту бірінші санатпен есепке алынып, медицина мамандары 15 минутта жетуге тиіс еді дейді. Бірақ олар науқасты «сен массың ба» деп сұрақтың астына алып уақыт өткізіп алған. Бір емес, үш бірдей диспетчер де осы сұрақты қайталай беріпті.

 

Остапенко Людмила:

 

- Я дышать не могу уже ...

 

- Алкоголь принимали, да?

 

- Да нет же, какой алкоголь, я вам говорю, у меня аневризма, отслойка.

 

- Алло.

 

- Я не пью! Мне кардиобригаду отправьте!

 

- Все, ваш вызов принят, ожидайте.

 

- Да сколько можно, а!  

 

Ирина Шаевскаяның сөзінше, кейін жедел жәрдем көліктері бірінен кейін бірі келе бастаған. Бірақ ешбірі көмек көрсете алмапты. Сөйтіп шұғыл түрде кардиологиялық клиникаға алып кеткен. 46 жастағы әйелдің сол жерде жүрегі тоқтады. 

 

Ирина Шаевская, Л.Остапенконың әпкесі:

 

- Хабар түскен уақытта, әр нәрсені сұрай бермей, дереу жетсе, сіңлімді аман алып қалуға болар еді. Біз кінәлілерді қатаң жазаға тартуды талап етеміз. Жауапсыз диспетчерлермен қатар, олардың басшылары да жазасыз қалмауға тиіс. Бұл бәріне сабақ балуы керек.

 

Ал жедел жәрдем станциясының басшылығы бұл жағдайға қатысты тұшымды жауап бере алмады. Тек бірінші қоңырауды қабылдаған диспетчердің қызметінен шеттетілгенін мәлім етті. 

 

Гүлзахира Қызқараева,  Жамбыл облысы жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

 

- Қоңырау екінші санатпен қабылданған. Өйткені науқастың өзі телефон соғып тұрды. Дегенмен қазір осы іске қатысты қызметтік тесеріс жүріп жатыр. Диспетчердің кінәсі баржоғы соның қорытындысы шыққанда белгілі болады. 

 

Марқұмның жақындары бұл істі жай қалдырмаймыз деп отыр. Олар сот арқылы кінәлілерді жазалаумен қатар, қомақты материалдық шығын өндіруге бекінген. Олар бірауыздан сол қаражатты өзге жүрегі ауыратын жандарға үлестіруді ұйғарыпты.