Денсаулық

Трансплантолог Абылай Донбайдың қылмыстық топқа қатысы бар ма

  •  видеодан кадр

    видеодан кадр

Белгілі дәрігер, трансплантолог адамдардың ішкі органдарын сатты деген күдікке ілініп қамауға алынған болатын. Атышулы дауға орай еліміздің денсаулық сақтау ведомствосы іске нүкте қойылмайынша дәрігерлерді қамап ұстауға болмайды деп араша да сұрады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Заңгерлердің пайымынша, гиппократқа ант берген ақ халаттылар заңнан биік емес. Тергеудің мәліметтеріне сәйкес, тағылған кінә дәлелденсе Донбай мырза оңбайын деп тұр. Қырғызстан, Украина және Өзбекстан азаматтарының ішкі органдарын заңсыз ауыстырыпты деген ауыр айыптаулар бар.

Есте болса, биыл мамыр айында Астаналық трансплантолог Ғани Құттықадам да құрықталған еді. Аңдағанымыз адам ағзаларының саудасы жүріп тұрған сияқты. Парадокс. Адам жанына арашашы болуы тиіс ақ халаттылар адамның өмірін ақшаға телгені қалай. қазақ мұны бір кем дүние дейді.

Тәтті тортпен тойлаған еді, бұлай болар деп ойлаған ба еді? Жүзінші ота жасалды деп жүзі бал бұл жайнап тұрған Абылай Донбайдың былтырғы бейнежазбасы бұл.

Абылай Донбай, трансплантолог:

"Біз әлі күнге ағза алу үшін туыстарынан рұқсат сұраймыз. Басым бөлігі келіспейді".


Абылай Донбай. Биографиясы бай. Он жыл еңбек жолында ол бірінші дәрежелі хирург, Халықаралық грант иегері атанып, бірнеше Құрмет грамотасын алып үлгерді. Трансплантологияда теңдессіз маман, бірақ осымен қалтқысыз қызметі тәмам. Орган саудасымен айналысамын деп, ақ халатына дақ түсірді.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы:

"Тергеумен дәлелденгені - ұстаған Донбай қылмыстық топтың мүшелерімен алдын ала сөз байласып, олардың қылмыстық әрекеттерін және адам ағзаларын сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра, ақшалай қаражаттарды алып, Шымкент қаласының ауруханасында бүйректі трансплантациялау бойынша заңсыз оталар жасалған.
Біздің елде ағзаны алып-сатуға тыйым да бар, заңды ұрмайтын ұйым да бар.

Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:

"Өзінің бір органын сату бірінші кезекте қаржылық мәселені шешуден шығады. Демек, қаржы мәселесіне тәуелді".


Сөзінің жаны бар. Өйткені Абылай Донбайдың донорлары жағдайы нашар Қырғызстан, Өзбекстан, Украина азаматтары болған. Хирург олардың ағзаларын алып, Израильдың бай-қуатты адамдарына сатқан. Егер қылмысы дәлелденсе, дәрігер Донбай оңбайын деп тұр. Қылмыстық кодекстің ауыр екі бірдей бабымен іс қозғалды.

Нұра Тынысқызы, заңгер:

"Врач есебінде де, хирург есебінде де бір жақсы керемет маман екен. Бірақ, заң алдында бәрі тең болғаннан кейін бұған тиісті жауапкершілік көзделген. Жалпы ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабында қарастырылған қылмысқа сай, бұл ең үлкені 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру".

Бүйрек, бауырға әркімнің-ақ бар таласы. Бәрі заңды белшеден баспай-ақ, заңды операция жасатқысы келеді. Бірақ ереже бойынша туысы ғана ағза бере алады. Ал туысының органы сәйкес келмесе күту керек. Кезегің келгенше, ана жақтан кезек келіп қалуы мүмкін ғой.


"Мәселен, дәл бүгінгі күні бізде 3128 науқас кезекте тұр екен. Оның үш пайызы бала. Нақтырақ, 2706 адам бүйрек, 295-і бауыр, 120 адам жүрек ауыстыруға мұқтаж. 6 азаматтың өкпесін, бір баланың жүрегі мен өкпесін бірдей алмастыру керек".

Әділ Жұмағалиев, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы:

"Қазақстанда жылына орта есеппен 230-250 операция жасалады. 2015-2017 жылдары трансплантацияның дәрені жүріп, үш жүзден аса адамға көмектесетінбіз. Ал соңғы жылдары операция саны азайды.Оған донор тапшылығы себеп".

Науқас донор таппағасын шығар жолды қара нарықтан іздейді. Айтпақшы, былтыр Бас прокуратураның бұйрығымен Алматының 7 клиникасына зерттеу жүргізіліп, екеуінен заң бұзушылық анықталған.

Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы бойынша тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігін және сапаны бақылау департаментінің басшысы:

"Көп бұзушылықтар анықталған клиника екеу. Олар "Сұңқар" және "Центр медпомощи" деген. Ол жерде 36 қырғыз бен өзбектердің азаматтарына трансплантация жасалынған. Бірақ, тексере келгенде олардың арасында балалар да болған. Заңсыз лицензиялары жоқ жерлерде жасалынған . Бізге ең маңыздысы - заңсыз бір почка алынып оның кімге беріліп кімге сатылғанын біз таба алмадық. Соны ары қарай біз кімге кеткенін түсінбедік".


Түсінгеніміз, трансплантологтар ісінің халықаралық дауға ұласатын түрі бар. Донбайға дейін де еліміздің бас трансплантологы Ғани Құттымұратов пен қылмыстық топ мүшелесі ретінде Қырғызстан азаматы Тайсалова қамауға алынған еді.

Енді 36 адамға қатысты да тағы қылмыстық істер қозғалуы мүмкін. Айтпақшы, Абылай Донбай әкесі Әбдіжаппардың балам дәрігер болса екен деген арманын орындады. Бірақ...

 kaz.zakon.kz




Көрілген: 606    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 25.11.2019, 12:20

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31